Алматыда анасы мен алты жастағы қызын қазанмен ұрып өлтірген күдіктіге үкім шықты

/
Алматыда анасы мен алты жастағы қызын қазанмен ұрып өлтірген күдіктіге үкім шықты
istockphoto.com

Алматыда биылғы жылдың ең резонансты қылмыстық істерінің бірі бойынша үкім шықты. Қала тұрғыны әйелді және оның алты жасар қызын қатыгездікпен өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қайғылы оқиға 5 қыркүйекте болған. Айыпталушы мен марқұм келіншек таныс болған. Екеуінің  арасында тұрмыстық жанжал туындаған. Ашуға булыққан ер адам шойын қазанды алып, әйелді  басынан ұра берген. Бұл оқиға әйелдің анасы мен алты жастағы қызының көз алдында болған.

Әйел ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Сот-медициналық сараптама ашық бас-ми жарақатын, бас сүйек сүйектерінің көптеген сынуын және миға кең көлемде қан құйылуын анықтады. Марқұмның анасы да шабуылға ұшырап, есінен танып, жансақтау бөліміне жеткізілген. Бірнеше операциядан кейін ол аман қалған.

Істің бөлек эпизоды ретінде баланың өлімі қаралды. Қызды да сол қазанмен ұрған. Бала бірнеше күннен кейін, есін жимастан қайтыс болды. Сонымен қатар айыпталушы айғай-шуды естіп келген көршісіне де шабуыл жасап, әйел жарақат алып, есінен танған.

Тергеу барысында қылмыс құралы — қанға боялған қазанның Медеу ауданындағы үйлердің бірінің қақпасының маңына жасырылғаны анықталды. Сараптама оның үстінен сотталушының саусақ іздерін тапты. Соған қарамастан, ер адам өз кінәсін мойындамады. Қылмыс орнында бөгде адамдардың болғанын дәлелдейтін іздер табылған жоқ.

Сот айыпталушының қылмыстық өткенін де ескерді: ол бұған дейін де адам өлтіргені үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылып, 8 жыл өтегеннен кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған және пробациялық бақылауда болған.

Қылмыстардың жиынтығы бойынша сот өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары