Астанада 170 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды

Астанада 170 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды
Ortcom.kz

Елорданы дамытудағы ең маңызды бағыттардың бірі – қалалық ортаны абаттандыру және көгалдандыру. Осы мақсатта келесі бағдарламалық құжаттар әзірленді: Елорданың брендбугі, Көгалдандыру жарғысы, «Бақшалы қала», «Жаңа келбет», «Жайлы аула», «Реновация». Олар қалалық кеңістікті дамытудың барлық бағыты бойынша біртұтас тәсілдерді айқындайды. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді.

Оның хабарлауынша, жеке инвесторлар тарту арқылы пилоттық жоба аясында ескі тұрғын үй қорын қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл алдағы жылдары, әсіресе, ескі үйлері бар аудандарда толық кварталдарды жаңартуға мүмкіндік береді. Мысалы, Байқоңыр ауданында инвесторларға реновацияға арналған 21 жер учаскесі бөлінген. Келесі жылы осы жерде Асан қайғы көшесін салуды бастау жоспарланып отыр. Астананың жаңа келбетін айқындайтын дизайн-кодты жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда. Орталық көшелердің бірінші қатарындағы үйлердің 60%-ның фасадтары стандарттарға сәйкес келтіріліп, қаланың визуалды тұтастығы қалыптасуда. 

Осы жылы қалада 170 қоғамдық кеңістік абаттандырылды, 1,1 млн-нан астам жасыл желек отырғызылды. Жұмыс Елорданы көгалдандыру тұжырымдамасына сәйкес жүргізілді, оған күтімнің жаңа стандарттары, дендропландар және ағаштарды сандық паспортизациялау кіреді.

«Біз жекелеген абаттандырудан көшіп, «фасадтан фасадқа» принципі бойынша көшелер кеңістігін кешенді қалыптастыруға бағытталудамыз. Мұнда жаяу жүргіншілер, велосипедшілер, көлік қозғалысы, жарықтандыру, навигация және көгалдандыру ескеріледі. Сонымен қатар инклюзивті ортаны дамытуға басымдық беріліп, барлығына қолжетімді және тең жағдайлар жасалуда», – деді шаһар басшысы.

Биыл ашылған Greenline бульвары жобасының бірінші кезеңі осы тәсілдің үлгісі болды. Жолдың орнына жаңбыр бақтары мен жасанды тоғандары бар жаяу жүргіншілер аймағы құрылды. Спорттық жағалау мен Ататүрк жағалауын абаттандыру аяқталды, Ақбұлақ каналы арқылы жаяу жүргіншілер көпірі салынып жатыр.

LRT эстакадаларының астындағы аумақтар пайдалы қоғамдық кеңістіктерге айналдырылуда. Бейбітшілік пен келісім паркі, Ақорда алдындағы алаң, Сығанақ көшесі, Мәңгілік Ел даңғылы жобалары күнделікті пайдалануға ыңғайлы кеңістіктерге бағытталған.

Айта кетерлігі, Астанада «Таза Қазақстан» акциясы белсенді жүріп жатыр. Жыл бойы 328 заңсыз қоқыс үйіндісі жойылып, 120 мың тоннадан астам қалдық шығарылды. Қалдықтарды шығарудың цифрлық мониторинг жүйесі енгізілді. Бұл қызмет көрсетуді бақылауды қамтамасыз етіп, тұрғындардан түсетін шағымдар санын 99%-ға азайтты. Келесі жылы шетелдік инвесторлармен бірлесіп, тәулігіне 2250 тоннаға дейін қоқыс жағатын зауыт салынады. Зауыт 2028 жылы іске қосылады. Кешенді жұмыстың арқасында атмосфераға шығарылатын зиянды заттар көлемі 32%-ға азайды. Бұл – кәсіпорындар мен тұрғын алаптарды газдандыру, экологиялық көлікке көшу және газдандырудың нәтижесі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары