Қазіргі заманда адамның жеке кеңістігі мен қауіпсіздігі – құқықтық мемлекеттің басты құндылығының бірі. Бірақ кейінгі жылдары адамға психологиялық қысым көрсету, бақылау мен қудалау секілді құбылыстар жиілеп, қоғамда «сталкинг» деген термин кеңінен қолданылып жүр. Бұл, әсіресе, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіретін әрекет. Қазақстанда да осы мәселе назардан тыс қалмады. Айтпағымыз сталкинг жайында.
Бүгінге дейін біз сталкингті көбіне отбасылық кикілжің, тұрмыстық түсініспеушілік немесе жай ғана мазасыздық деп қабылдап келдік. Қолданыстағы заңнамада мұндай әрекеттерге байланысты нақты ұғым да, арнайы бап та болған жоқ. Соның салдарынан құқықтық жауапкершілік те күмәнді деңгейде қалып отырды. Арыз-шағымдар негізінен ҚР Қылмыстық кодексінің «Жеке өмірге қол сұғу» (147-бап) немесе «Қорқыту» (115-бап) баптары бойынша қаралатын. Алайда бұл баптар сталкингтің барлық формаларын толық қамти алмады. Жағдайды тек нақты оқиғаға қарай бейімдеп, бірде заңға сыйғызып, бірде назардан тыс қалдырып жүрдік.
Биыл 16 шілдеде Мемлекет басшысы қылмыстық заңнаманы оңтайландыруға бағытталған жаңа заңға қол қойды. Бұл заң азаматтардың қауіпсіздігін арттыру, жеке өмірге қол сұғатын әрекеттердің алдын алу және оларды ауыр қылмысқа ұласпай тұрып тоқтату мақсатында қабылданды. Заңда бірқатар жаңа баптар қарастырылған, оның ішінде сталкинг пен некеге мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді. Бұл әрекеттер зорлық-зомбылықсыз болғанымен, психологиялық тұрғыдан үлкен зиян келтіруі мүмкін. Осыны ескере отырып, Қылмыстық кодекске жаңа 115-1-бап енгізілді. Енді сталкинг қылмыстық теріс қылық ретінде қарастырылады. Жаза түрлеріне келер болсақ 200 АЕК-ке дейін айыппұл (шамамен 700 мың теңгеге жуық) қарастырылған. Соның ішінде 200 АЕК-ке дейін түзеу жұмыстары, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс, 50 тәулікке дейін қамауға алу секілді жаза түрлері бар. Жаңа бап 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап күшіне енген болатын.
Сталкинг деген не?
Сталкинг – бұл адамның келісімінсіз оны үнемі қудалау, аңду, бақылау немесе жағымсыз әрекеттер жасау арқылы мазасын алу. Мұндай әрекеттерде тікелей физикалық күш қолданбайды, бірақ психологиялық тұрғыда зорлыққа тең келетін зиян келтіруі мүмкін. Бұл жағдайлардың басым бөлігі – бұрынғы қарым-қатынас, ажырасқан жұбайлар немесе біржақты ғашықтыққа байланысты орын алады. Сталкинг ұғымы АҚШ-та алғаш рет 1980-жылдардың соңында танылып, 1990-жылдардың басынан бастап қылмыстық заңнамаға енгізілген еді. Бұл шешімге танымал актрисалар мен тұлғаларға бағытталған қудалау оқиғалары түрткі болды. АҚШ-тың көптеген штатында сталкинг үшін 1 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар қорғау ордерін бұзған адам қосымша жазаға тартылады.
Осы ретте сталкингке жататын әрекеттер қандай деген сұрақ туындауы заңды. Бұған адамды қайта-қайта қоңырау шалу, хабарлама жазу, әлеуметтік желілерде бақылау, фейк аккаунттар арқылы байланыс орнату, үйіне, жұмысына, қоғамдық орындарға аңдып бару, қауіп төндіретін іс-әрекеттер (мысалы, үйінің маңында жүру, таныстарына хабарласу), қорқыту, бопсалау сипатындағы әрекеттер жатады.
Әлемде бұл бапқа қандай жаза бар?
Көптеген елде бұл құбылыс тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бір түрі ретінде қарастырылып, қылмыстық заңнамада жеке құрам ретінде бекітілген. Әлемдік тәжірибе сталкингке төзбеу керек деген көзқарас ұстанады. Сталкинг алғаш рет АҚШ-та 1990-жылдары қылмыстық құқыққа енгізілгенін жоғарыда айттық. Иә, АҚШ – сталкингті заңмен алғаш рет мойындаған елдердің бірі. 1990-жылдары Лос-Анджелесте танымал актрисалардың қудалану оқиғаларынан кейін заңға өзгерістер енгізілді. Бұл заң актриса Ребекка Шаффердің қайғылы өлімінен кейін қабылданды. Бүгінде федералды деңгейде де, әр штаттың заңнамасында да нақты баптар бар. Мысалы, Калифорнияда сталкинг жасаған адам 1 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Егер қудалау қарумен, бұрынғы серіктеске қатысты немесе соттың қорғану бұйрығын бұза отырып жасалса, жаза мерзімі артады. Көп штатта сталкерге электрондық құрылғыларды пайдалануға тыйым салынып, жәбірленушіден белгілі бір қашықтықта болу міндеттеледі.
Ұлыбритания – 1997 жылы Protection from Harassment Act заңын қабылдап, адамның еркін қозғалысына немесе өміріне қауіп төндіретін кез келген қудалау әрекетін заңсыз деп таныды. Мұнда электронды хат жазу, үйіне келу немесе бақылау жүргізу де қылмыс болып саналады. Жазасы – айыппұл, белгілі бір аймаққа жақындауға тыйым, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Ал Германияда 2007 жылдан бастап Қылмыстық кодекске Nachstellung деп аталатын бап енгізілді. Бұл бап бойынша егер қудалау нәтижесінде жәбірленуші жұмысынан кетуге, тұрғылықты жерін ауыстыруға мәжбүр болса – сталкер 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Егер қылмыс ауыр зардапқа ұласса, жаза мерзімі артады.
Жапонияда 2000 жылдан бастап Stalker Control Law атты бап қолданыста. Бұл заңға сәйкес, егер адам телефонмен, электронды пошта арқылы немесе физикалық тұрғыда қудалау жүргізсе, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Тіпті, бірнеше рет ескерту алғаннан кейін әрекет қайталанса, сотталушы қамауға алынады. Италияда да сталкинг 2009 жылдан бастап Қылмыстық кодекске енгізілді және 4 жылға дейінгі жаза қарастырылған. Бұл елде эмоциялық және психологиялық зиян да дәлел ретінде қабылданады.
Кейбір мемлекеттер, мысалы Швеция, Финляндия және Канада сталкингті тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бір түрі ретінде қарастырады. Бұл тәсіл, әсіресе, бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы қудалау оқиғаларын сараптауда тиімді. Мұндай елдерде жәбірленушінің жеке шекарасын бұзатын кез келген әрекет – тұрмыстық зорлықтың бір көрінісі есептеледі.
Бұдан шығатын қорытынды, әлем елдері сталкингті еркіндік пен жеке өмірге тікелей қауіп төндіретін қылмыс ретінде таниды. Заң жүзінде нақты шаралар қолдану арқылы жәбірленушілердің қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.
Сталкингтің түрлері
Сталкинг сипаты әртүрлі болуы мүмкін. Сарапшылар сталкингті бірнеше негізгі түрге бөліп қарастырады. Олардың әрқайсысының ерекшелігі мен қауіп деңгейі бар. Біріншісі – дәстүрлі (офлайн) сталкинг. Бұл – сталкингтің ең көне әрі танымал түрі. Мұнда қудалау физикалық тұрғыда жүзеге асады. Мәселен, адамның үйі, жұмысы, жиі баратын жерлері маңында жүру, артынан аңду, жолын кесіп, кездейсоқ ұшырасып қалуға тырысу, ашық бақылау жүргізу. Мұндай әрекеттер адамның күнделікті өміріне қауіп пен қысым туғызады.
Екіншісі – киберсталкинг (онлайн сталкинг). Бұл – цифрлық технологиялармен бірге таралған жаңа форма. Қудалау интернет және байланыс құралдары арқылы жүзеге асады. Айталық, әлеуметтік желі, мессенджер, email арқылы үнемі жазу, геолокация арқылы бақылау, жалған аккаунттар арқылы аңду, жеке фото, ақпаратты заңсыз сақтау немесе тарату. Зерттеулер бойынша, әсіресе, жастар мен жасөспірімдер арасында бұл түр кең таралған.
Сталкингтің тағы бір түрі – интимдік, серіктестік сталкинг. Сталкингтің ең қауіпті әрі жиі кездесетін түріне жататын бұл қудалау көбіне бұрынғы немесе қазіргі серіктестер тарапынан жасалады. Айтар болсақ, қарым-қатынас үзілген соң бақылауды жалғастыру, жәбірленушінің өміріне араласу, қорқыту, балағат сөздер, бопсалау, қысым көрсету секілді белгілері бар. Статистикаға сүйенсек, сталкинг құрбандарының 40 пайызы бұрынғы жақын адамынан зардап шегеді.
Сонымен қатар жұмыс орнындағы сталкинг деген де түрі бар. Иә, кейде әріптестер, басшылар немесе қызметтік байланыстағы адамдар тарапынан болады. Соның ішінде қызмет бабын асыра пайдалану, жұмыстағы бақылау камераларын қасақана қолдану, заңсыз жазбалар (видео, аудио, фото) жасау, үнемі қоңырау шалу, хабарлама жазу секілді қудалау әрекеттері жатады. Мұндай сталкинг адамның жұмыс істеуіне, психикалық саулығына кері әсер етеді.
Странгер (бейтаныс) сталкинг деп аталатын түріне келер болсақ, бұл – жәбірленуші мен қудалаушының арасында ешқандай таныстық, байланыс болмаған жағдайда жасалатын сталкинг. Мәселен, көшеде немесе онлайнда кездейсоқ көзге түскеннен кейін басталуы мүмкін, жәбірленуші адам қудалаушыны танымайды, бірақ ол үнемі бақылауда болады, аса қауіпті, себебі мотивациясы беймәлім, болжауға қиын.
Сондай-ақ обсессивті «қатынастыққа ену» деген түрін де сарапшылар сталкингке жатқызады. Бұл сталкингтің ерекше әрі психологиялық тұрғыда қауіпті түрі. Яғни, адамның еркінен тыс романтикалық немесе жақын қатынас орнатуға бағытталған табанды, шектен тыс әрекеттер кешені. Мұндай мінез-құлық жәбірленушінің «жоқ» деген жауабына қарамастан жалғаса береді. Негізгі белгілеріне келер болсақ, үнемі қоңырау шалу немесе хабарлама жазу, әлеуметтік желіде бақылау, пікір жазу, «лайк» басу арқылы назар аударту, қарым-қатынас орнату үшін ортақ таныстарға немесе отбасы мүшелеріне қысым көрсету, адамды жиі кездестіру үшін әдейі бір ортада жүру (мысалы, сол жерде жұмысқа тұру, бір үйірмеге жазылу). Сталкингтің бұл түрінің ерекшелігі – көп жағдайда «махаббат» немесе «таза сезім» ретінде бүркемеленіп, зиянсыз әрекет секілді көрінеді. Алайда ол адамның жеке кеңістігіне қол сұғып, эмоциялық, психологиялық қысым тудырады. Яғни, адамның еркі мен шекарасын елемей, «жақындасуға» тырысатын зорлықтың жасырын түрі. Бұл әрекеттердің шынайы мақсаты – романтикалық қатынас емес, бақылау мен билік орнату. Сондықтан мұндай жағдайлар сталкинг аясында қарастырылып, құқықтық және психологиялық тұрғыда баға беруді қажет етеді.
Некеге мәжбүрлеу де – қылмыс
Сталкингке қатысты тағы бір айта кететін жайт – жаңа заңмен әйелдердің құқықтарын қорғау бағытында тағы бір маңызды өзгеріс енгізілді. Енді Қылмыстық кодексте 125-1-бап пайда болды. Бұл бап бойынша некеге мәжбүрлеу де қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Яғни, адамның еркінен тыс, қысым немесе мәжбүрлеу арқылы неке қиюға итермелеу заң алдында жазаланатын әрекетке жатады. Мемлекет азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басым бағыт ретінде қарастырып отыр. Жеке өмірге қол сұғу, қысым көрсету сияқты «жұмсақ» сипаттағы әрекеттер уақыт өте келе ауыр қылмысқа айналуы мүмкін. Сондықтан сталкинг пен мәжбүрлі некеге байланысты жаңа баптар – осындай келеңсіздіктің алдын алу жолындағы маңызды құқықтық қадам.
Бұл бап – әйелдердің құқығын қорғауға бағытталған маңызды құқықтық қадамдардың бірі. Енді егер әйел адам ұрлап, күш қолдану қаупімен немесе мүлкін жою не бүлдіру қатерімен неке қиюға күштесе, кінәлі тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Жаза түрлеріне 2000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе дәл осы мөлшерде түзеу жұмыстары не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру қарастырылған. Егер неке қиюға мәжбүрлеу әрекеті абайсызда ауыр зардаптарға (мысалы, жәбірленушінің психологиялық немесе физикалық жағдайына зиян келтіру) әкелсе, кінәлі адам 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Бас прокуратураның хабарлауынша, неке қиюға мәжбүрлеу бойынша алғашқы қылмыстық істер Шымкент қаласында, Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында тіркелген. Аталған істердің ішінде екі жағдайда жәбірленушілер – кәмелетке толмағандар болған.
Сталкингпен кімдер айналысады?
Көп жағдайда сталкинг елеусіз қудалаудан басталып, кейін физикалық зорлыққа, тіпті кісі өліміне дейін әкелуі мүмкін. Сталкинг құрбандары үнемі қорқынышта, үрейде өмір сүреді, әлеуметтік байланыстардан оқшауланады, жұмысын жоғалтуы немесе психологиялық күйзеліске түсуі мүмкін. Психологтар мұндай қудалаудың құрбандарында тұрақты күйзеліс, ұйқысыздық, психосоматикалық аурулар, жабық, оқшауланған өмір салты қалыптасатынын айтады.
Көп жағдайда сталкерлер – жәбірленушінің бұрынғы танысы, досы, әріптесі немесе біржақты ғашық болған адам. Бірақ кейбір жағдайларда танымайтын адамдар да сталкерге айналуы мүмкін. Сталкерлердің әрекеті әдетте мақсатқа жетуді қалау (қарым-қатынасты қалпына келтіру, сезімді қайтару), қызғаныш, бақылауға алу ниетімен байланысты болады.
Психолог мамандардың айтуынша, бұл мінездің бастауы – адамның бала күнгі тәрбие мен қарым-қатынас ерекшелігінде жатыр. Кей балалар кішкентай кезінен ата-анасының қыр соңынан қалмай, қайда барса да қоса еріп жүруге тырысады. Бұл бастапқыда қалыпты әрекет секілді көрінгенімен, егер дер кезінде дұрыс бағыт берілмесе, бала осы мінезімен есейіп, өзгенің еркіндігін шектейтін сталкерге айналуы мүмкін. Мамандар мұндай жағдайда балаға өзінің не істеп жатқаны түсініксіз болса да, ата-ананың сабырмен, бірақ анық түрде: «Мен енді дүкенге бара жатырмын, сен қаласың. Мен қайта ораламын» деп алдын ала ескерту жасауы маңызды дейді. Бұл – баланың ішкі алаңын сейілтіп, сенім орнатудың бір жолы.
Тағы бір назар аударатын сәт – баланы омыраудан шығару тәсілі. Кей аналар бұл үдерісті кенеттен, балаға еш түсіндірмей жүргізеді. Баласын туыстарының үйіне тастап кетіп қалу сияқты тәсіл – баланың психикасына ауыр соққы болуы мүмкін. Мұндай әдіс сәбиде «мен жақынымнан айырылам ба?» деген қауіп пен сенімсіздік қалыптастырады. Бұл үрей уақыт өте келе нығайып, ересек адам өз жұбайын үнемі бақылауда ұстауға тырысатын, күмәншіл, қызғаншақ күйге түседі. Яғни, балалық шағындағы бір қарапайым ғана «тастап кету» оқиғасы болашақта отбасы тыныштығын бұзатын сталкерлік әдеттің себебіне айналуы ықтимал.
Психологтар сталкинг әрекеті тек аңду нысанына ғана емес, солай әрекет ететін адамның өзіне де психологиялық жағынан зиян келтіретінін айтады. Мұндай адамдар көбінесе эмоционалды күйзелісте жүреді, сенімсіздік пен мазасыздықпен өмір сүреді.
Сарапшылардың пікірінше, сталкингтің жаһандық деңгейде жиі кездесуі оның жасырын және ұзақмерзімді сипатымен байланысты. Жәбірленушілердің көпшілігі қудалау әрекеттерін бастапқыда жеңіл, қалыпты жағдай деп қабылдап, құқық қорғау органдарына кеш жүгінеді. Әсіресе, танымал емес, қарапайым адамдар үшін бұл әрекеттер қауіпті болса да, еленбей қалуы мүмкін. Сарапшылар сталкингтің кең таралуын оның жасырын сипатымен байланыстырады. Көптеген жәбірленуші қудалауды бастапқыда жай ғана мазасыздық деп қабылдайды немесе ұялып, полицияға шағымдануға асықпайды. Көбіне қудалау таныс адам тарапынан (бұрынғы жұбай, әріптес, көрші) жасалатындықтан, оны дәлелдеу де қиынға соғады.
Түйін:
Қазіргі қоғамда адам құқығы мен жеке кеңістікке деген құрмет негізгі құндылықтардың біріне айналғанымен, сталкинг сияқты жасырын сипаттағы қылмыстар жаһандық проблема ретінде өзекті болып отыр. Әлем елдері бұл құбылысқа әртүрлі заңнамалық көзқарас қалыптастырғанымен, ортақ мақсат – азаматтарды психологиялық қысымнан, бақылау мен қудалаудан қорғау болып қала бермек. Мәселен, АҚШ-та жыл сайын шамамен 1,5 миллион адам сталкингтен зардап шегеді. Еуропалық Одақ бойынша әрбір бесінші әйел өмірінде кем дегенде бір рет сталкингке ұшыраған болса, Жапонияда сталкинг туралы хабарламалар саны 2020 жылы 20 мыңнан асқан. Ал Аустралияда әрбір 10 әйелдің 1-і өмірінде кем дегенде бір рет аңду немесе қудалау әрекетіне тап болғанын мәлімдеген. Әлемдік тәжірибе сталкингтің нақты қауіпті екенін көрсетіп отыр. Ол тек адамның еркіндігіне ғана емес, психикалық, әлеуметтік, кейде физикалық қауіпсіздігіне де тікелей әсер етеді. Қазақстанда бұл әрекетке қылмыстық жауапкершілік енгізілу – жаһандық үрдіске сай, азаматтардың құқығын қорғауға бағытталған маңызды қадам. Ендігі жерде заң тек әрекетті жазалаумен шектелмей, алдын алу мен ақпараттандыру жұмыстарын да қамтуға тиіс. Қоғам сталкингті жеңіл әзіл немесе сүйіспеншілік белгісі деп емес, нақты қауіп деп тануы керек. Бұл – әр адамның қауіпсіздігі мен тыныш өмір сүру құқығын қорғаудың алғышарты.
Наурызбек САРША