Енді банктерді мемлекет құтқармайды

/
Енді банктерді мемлекет құтқармайды
сурет: istockphoto.com

Жақында Президент банктердің жұмысын реттейтін жаңа заңға қол қойды. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы екі жыл бұрынғы Жолдауында банктер туралы жаңа заң керек екенін, онда экономикалық белсенділікті қолдау мен финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек екенін айтқан болатын. 

Расымен де, бұған дейінгі заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданған еді. Ресми мәліметтерге сүйен­сек, жаңа заңды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген және оларда технологиялық өзге­ріс­тер, экономиканы қаржыландырудағы банк сек­торының рөлі мен бәсекені нығайту, сондай-ақ на­рыққа жаңа қатысушыларды тарту, қаржы тех­но­ло­гияларын дамыту, цифрлық активтер айналымын рет­теу мәселелері ескерілген. 
Жалпы, жаңа заңда алты негізгі бағыт бар. Соның ішін­де, нақты өзгерістер қандай? Қандай жаңа, бұ­рын-соңды болмаған тетіктер енгізіліп отыр? Ха­лық­тың да, банктің де мүддесін қатар қорғауға қау­қарлы ма? Орындалуы қиын талаптар жоқ па? Осы және басқа да мәселелер туралы сарапшылардың пікірін білдік.

Мұрат Қастаев,
сарапшы, DAMU Capital Management бас директоры:

Енді «барлығына бірдей» тәсіл қолда­ныл­май­ды

– «Банктер және банк қызметі туралы» заңның бұрынғы редакциясы ес­кірген еді және банк ин­дустриясы мен банк тех­нологияларының қар­қынды дамуын, әсі­ре­се пандемия кезеңінде жә­не одан кейінгі өзге­ріс­­­терді, сондай-ақ елдегі саяси және экономикалық ахуалды толық қамти алмады. Заңның жаңа редак­циясы реттеуші органға салада тәртіп орнатып, жаңа «ойын ережелерін» белгілеуге мүмкіндік береді. Жаңар­тылған заңдағы түбегейлі жаңа нормалардың ішінен мен төрт негізгі бағытты атап өтер едім:
a. Базалық және әмбебап лицензиялардың енгізілуі. Бұл нарыққа жаңа ойыншылардың кіруін жеңілдетіп, рет­теу мен қадағалау деңгейін саралауға жол ашады. Мұндай тәсіл базалық лицензиясы бар банктерге де, рет­теушіге де процестерді оңайлатады. Нәтижесінде, бә­секе күшейіп, жаңа, оның ішінде шетелдік ойын­шылардың келуіне мүмкіндік туады. Базалық лицензия на­рыққа «байқап көруге», оның әлеуетін және өз мүм­кіндіктерін бағалауға жағдай жасайды, ал кейін ак­ционерлердің қалауы мен қаржылық мүмкіндігіне қарай әмбебап лицензияға өтуге жол ашады.
b. Ислам банкингін дамытуға ерекше назар ау­дары­лып отыр. Енді тек жеке ислам банктері ғана емес, клас­сикалық банктер де ислам қаржы құралдарын ұсы­на алады. Осыған байланысты мұндай құралдарға де­ген сұраныс айтарлықтай өседі деп ойлаймын. Се­бебі елімізде ислам қаржы қағидаттарын қатаң ұста­натын, сол себепті депозит ашудан, несие алудан және өзге де қаржы құралдарын пайдаланудан бас тартып кел­ген азаматтар баршылық. Жеке өз клиенттерім мен се­ріктестерімнің арасында классикалық банк өнім­дерін ислам талаптарына сай келмегендіктен қол­данбайтын ондаған адам бар. Ел халқының өсуі, мо­ноұлттық әрі монодіни құрылымының (қазақтар мен мұсылмандардың басым болуы) түпкілікті қа­лып­тасуына байланысты Қазақстанда ислам банкингінің да­му әлеуеті өте жоғары.
c. Проблемасы бар банктерге қатысты жаңа тәсілді де оң бағалаймын. Мемлекет нарыққа және банк ак­ционерлеріне айқын белгі беріп отыр: бұдан былай банк­терді құтқару деген болмайды. Егер белгілі бір банк­те қиындық туындай бастаса (ал дамыған реттеу жүйе­сі мұны алдын ала байқауға мүмкіндік береді), рет­теуші акционерлерге дағдарысқа қарсы қандай да бір шара қабылдатуы керек. 
Кейінгі жиырма жылда мемлекет банктерді құт­қару мен тұрақтандыруға орасан зор бюджет қара­жа­тын жұмсады. Соның арқасында тәуелсіздік жылдары банк жүйесінің күйреуіне жол берілген жоқ, бірақ бұл елге қымбатқа түсті: мемлекет қаржысын жоғалтты, ал акционерлердің басым бөлігі жауапкершіліктен құ­тылып кетті. Енді банктердің тұрақтылығы толық­тай акционерлердің мойнында болады. Мемлекет көмектеспейді, ал егер акционерлер банкті сақтап қала ал­маса, реттеуші оның банкрот болуына жол береді. Ерек­ше жағдай тек жүйеқұраушы банктерге қарас­ты­рылуы ықтимал, оларды мемлекет құтқаруы мүмкін. Алай­да құтқару кезінде мемлекет шығынға ұшыраса, бұл қаражатты өзге банктер ұжымдық жауапкершілік қа­ғидаты бойынша өтелетін болады. Себебі банктердің өз­дері нарықтың тұрақтылығына және салым­шы­лар­дың жаппай қаражат әкетуінің алдын алуға мүдделі. 
Банк бизнесінің табиғаты бойынша салымшылар бір мезетте жаппай ақша шешіп алса, бірде-бір банк бәрі­мен қатар есеп айырыса алмайды. Сондықтан бір банк­тегі мәселе тез арада бүкіл нарыққа таралуы мүм­кін. Нәтижесінде, шығынды алдымен акционерлер, кейін бүкіл банк секторы бірігіп көтереді. Теория жү­зінде бұл модель мемлекет үшін қолайлы көрінеді, алайда банк дағдарысы кезінде оның іс жүзінде қалай жұ­мыс істейтінін уақыт көрсетеді.
d. Сондай-ақ цифрлық активтерді жіктеу мен рет­теу мәселесін атап өту қажет. Бұл – қаржы ин­дуст­рия­сы­ның қарқынды дамып келе жатқан жеке бағыты. Осы уақытқа дейін мемлекет бұл салаға қатысты нақ­ты ұстаным қалыптастырмаған еді. Нарық қа­тысу­шылары мемлекет цифрлық активтерді қолдай ма, қа­таң реттей ме, әлде бұл сегмент «сұр аймақта» қала ма деген сұрақтарға нақты жауап ала алмаған еді.
Бұл заң бір мезетте банктерге қойылатын тұрақ­ты­лық пен ашықтық талаптарын күшейтеді де, жеңіл­дете­ді де. Енді «барлығына бірдей» тәсіл қолда­ныл­май­ды, талаптар лицензия түріне, банктің көлеміне және оның көрсеткіштеріне қарай айқындалады. Яғни, егер банк шағын болса, базалық лицензиямен жұмыс істеп, нормативтерді сақтаса, қатты қадағаланбайды. Бұл бан­ктің де, реттеушінің де ресурстарын үнемдейді. Ал егер қадағалау жүйесі алаңдататындай белгі бере бас­таса, мұндай банкті бақылау мен реттеу күрт күшейеді. Айта кету керек, банк дағдарысының кенеттен пайда болуы өте сирек жағдай: әдетте проблемалар алдын ала туындап, біртіндеп ушығады. Қазіргі реттеу мен қа­дағалау деңгейінде реттеуші белгілі бір банктегі қиын­дықтарды ертерек байқап, алдын ала шара қа­былдай алады (дәлірек айтқанда, акционерлерді шара қабылдауға мәжбүрлейді).
Практикалық тұрғыдан алғанда, басты сын-қатер мен даулы мәселе – банктің жүйедегі маңызын анық­тау мен соған байланысты мемлекеттің оны құтқаруға араласу шегі. Жүйедегі маңызы нақты сан көрсеткіштері арқылы айқындалса, дұрыс болар еді. Сонда нарықтағы барлық ойыншы қай жағдайда қандай банктер құт­қарылатынын, ал қайсысы өз күшімен шығуға тиіс еке­нін анық түсінер еді. 
Сонымен қатар егер бір емес, екі немесе үш жүйе құ­раушы банк қатарынан банкротқа ұшыраса, мем­лекет шығындарын банктердің бірігіп түрде өтеу мүм­­­­кіндігі де күмән тудырады. Мұндай жағдайда қал­ған банктердің ресурсы мемлекеттің шығынын өз тұрақ­тылығына зиян келтірмей өтеуге жетпеуі мүмкін, ал бұл дағдарыстың шиыршықтала түсуіне әкеледі. Терең талдаусыз-ақ, еліміздегі банктердің активтері мен капиталының көлемін салыстырсақ, жүйе бір жүйе құраушы банктің банкротына төтеп бере алады, екі банк болса, жағдай 50/50 (яғни мемлекет құтқаруға жұм­саған шығынының шамамен жартысын қайтар­май­ды), ал үш жүйе құраушы банктің банкрот болуы мем­лекетке елеулі шығын алып келеді. Себебі нарықта шоғырлану деңгейі жоғары: алғашқы үш банк на­рық­тың жартысын, алғашқы бесеуі төрттен үш бөлігін, ал ал­ғашқы он банк 90 пайызын құрай­ды. Негізінде, рет­теуші топ-10-нан өзге банктерді аса қатаң ретте­мей-ақ қоя алады, өйткені олардың ық­тимал шығын­дарын нарық сезбей де қалады. Ал банк ірілеген сайын, оны қадағалау деңгейі де сәй­кесінше артуға тиіс.

Арман БАЙҒАНОВ,
экономист, 
R-Finance қаржы кеңесшісі:

Тұтынушылардың құқығын қорғайтын үш деңгейлі жүйе қалыптасты

– Бірінші маңызды өз­геріс – базалық және әм­бебап лицензия ұғымының ен­гі­зілуі. Бұрын банктерге бір ға­на лицензия берілетін, ал қазір ол екіге бөлінді. Әмбебап ли­цензия ірі банктерге арналған, олар барлық операция тү­рін жүзеге асыра алады, валюталық, аударым опера­ция­лары мен елімізде бар қаржы қызметтерін толықтай ұсы­на­ды. Ал базалық лицензия шектеулі қызметтерді қамтиды. Мұн­дай банктер қарыз бере алады, сондай-ақ тек жеке тұл­ғалардан депозит тарта алады, бірақ валюта мен ау­дарым операцияларын жүргізе алмайды. Яғни, олар көр­сететін қызмет заңнамада нақты шектеледі. Бұл өзгеріс, не­гізінен, ірі микроқаржы ұйымдарының базалық ли­цен­зия алуына жол ашу үшін енгізілді. Соның нәтижесінде банк секторындағы бәсекелестік күшейіп, ұсыныс көбейеді деген болжам бар. Ал бәсеке артқан сайын, қарыздың пайыздық мөлшерлемелері төмендеуі мүмкін. Негізгі мақсат – банк секторындағы нарықты әртараптандыру.
Екінші маңызды бағыт – ислам қаржыландыруын дамыту. Бұрын ислам қаржы операцияларын жүргізу үшін міндетті түрде жеке ислам банкін, яғни акционерлік қоғам түріндегі дербес банк құру қажет болатын. Қазір бұл талап жеңілдетілді. Енді әмбебап банк жеке ислам банкін ашпай-ақ, өз ішінде ислам қаржыландыру бөлімшесін құра алады. Алайда мұндай операциялар бойынша есеп бөлек жүр­гізілуге тиіс, шариғат талаптары қатаң сақталуы керек және исламдық қаржыландыру жөніндегі арнайы кеңес болуы міндетті. Бұл өзгеріс Қазақстанда ислам қаржыландыруының дамуына серпін беріп, қосымша қаражат тартуға мүмкіндік береді. Басқа елдерде бұл тәжірибе әрқалай қолданылады: кейбір ислам елдерінде классикалық және ислам банкингін біріктіруге тыйым салынса, кейбір елдерде олар қатар жүр­гізіледі. Қазақстан осы екінші жолды таңдады. Соның нә­тижесінде ислам елдерінен арзан қаржы ресурстары келуі мүмкін.
Жаңа заңнамада банк жүйесінің тұрақтылығын кү­шейтуге де ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, кор­пора­тивтік басқару талаптары қатаңдатылып, салымшылардың құқық­тарын қорғауға баса мән берілмек. Банктер несиенің толық құнын міндетті түрде ашық көрсетуге тиіс, қосымша қызметтерді күштеп таңуға тыйым салынады. Сонымен қатар қарызды қайтаруға қатысты дауларды сотқа дейін реттеу талабы енгізілді. Бұған қоса, тәуекелге негізделген қадағалау жүйесі енгізіліп, бірыңғай банктік омбудсмен инс­титуты құрылды. Осылайша, тұтынушылардың құқы­қығын қорғаудың үш деңгейлі жүйесі қалыптасты. Алды­мен клиент банкке шағымданады, екінші кезеңде мәселені банктік омбудсмен қарайды және ол міндетті түрде шешім қабылдауы керек. Ал егер алдыңғы тетіктер нәтиже бермесе, үшінші кезеңде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге болады. Бұрынғыдай бірден реттеуші органға шағымдану тәртібі болмайды.

P.S.

Банктер туралы жаңа заң қаржы нарығында тәртіп орнатып, бәсекелестікті нығайтуға, ислам қаржыландыруын дамытуға, халықтың құқығын қорғауға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр. Сарапшылар базалық және әмбебап лицензиялардың енгізілуі, қадағалаудың тәуекелге негізделген үлгіге көшуі, сондай-ақ банк омбудсмені институтының құрылуын оң өзгеріс ретінде атап өтеді. Дегенмен жүйе құраушы банктерді анықтау тетіктері мен дағдарыс жағдайындағы мемлекеттің рөлі әлі де нақтырақ айқындалуы қажет. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары