Құрметті ханымдар мен мырзалар! 2025 жылғы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын қабыл ала отырып, әуелде сіздермен «Үміт» жайлы ойларыммен бөліскім келген еді, бірақ мендегі үміт оты толық сөнгендіктен, періштелер жайлы айтуы ұйғардым.
I
Әрі-бері жүріп, періштелер жайлы ойлаймын... Қазір де бөлмені шиырлап жүрмін... Сізге осында, микрофон алдында сөйлеп тұрғандай көрінуім мүмкін, бірақ шындығында әсте олай емес. Шын мәнінде, ана бұрыштан мына бұрышқа топ-топ басып, айналып жүрмін. Сосын қайта бастапқы тұсыма оралып, әрі қарай да шыр көбелек айнала беремін. Иә, періштелер туралы ойлаймын. Айтпақшы, айтып тұрған періштелер – періштелердің қанатсыз, жаңа түрі. Сондықтан «арқасында қылтиып тұратын қос қанаты қайда?» деп толғанудың немесе осы екі алып қанаты шапан сыртынан абажадай арбиып тұрса, «аспандағы тігіншісі не бітіріп отыр?», «періштелерін киіндіру үшін шеберге тағы қандай тылсым білім керек?» деп сөкпей-ақ қойыңыздар. Әрине, егер қанаттары тәннен бөлек орналасса, онда оларды мынау зеңгір көктің қай жеріне жасырар еді? Ал егер керісінше, қанаттары сыртқа жайылмаса, аспан шапаны оларды қанатымен қоса қалай жабады? О, байғұс Боттичелли, байғұс Леонардо, байғұс Микеланджело, байғұс Джотто мен Фра Анжелико!.. Бірақ қазір оның бәрі өткеннің еншісінде. Ол сұрақтар да бұрынғы періштелермен бірге бу боп ұшып кеткелі қай заман. Менің періштелерім – жаңа періштелер.
Биылғы Нобель сыйлығының лауреаты ретінде, әуелде «үміт» туралы айтам деп бәріңізді желіктіріп қойғаным рас, бірақ енді ол жайында айтпаймын, оның орнына періштелер туралы айтамын.
Жаңа ғана қуықтай (төртте төрт метрлік) жұмыс-мұнарамды ойлағаным сол еді санамда әлдебір сағымдар пайда болды. Әрине, «мұнара» дегенде сіздер піл сүйегінен қаланған зәулім ғимарат деп ойлап қалмаңыздар. Мұнара дегенім – қарапайым норвег шыршасының тақтайларынан салынған бір қабатты ағаш үйдің оң жақ бұрышындағы аядай бөлме. Жерім қия беткейде, төбенің дәл ұшар басында орналасқандықтан үйім бәрінен биік сияқты көрінеді. Міне, осы тұстан мен тек періштелер туралы айтқым келеді... үміт туралы емес... бағзы періштелер жайлы да емес... өйткені бағзы періштелер дегеніміз – Ренессанс пен Орта ғасырларда, «біреудің өмірге келуі» туралы көктен хабар әкелген, хабаршы періштелер еді. Ангелологияның зерттеулеріне сүйенсек, көбінесе бұл хабарды ауызша жеткізген. Ал IX–X ғасырлардағы сурет өнеріне зер салсақ, олардың қолынан толқынды қағаз шиыртпағын байқауға болады. Қалай десек те, олар сыбырлап болсын, сөзбен болсын «Жоғарыдағы Біреуден» хабар жеткізгені анық. Демек, әртүрлі бейнелерге қарамастан, бұл періштелерді әкелген аянынан ажырату мүмкін емес, дәлірек айтқанда, ажырата да алмаймыз. Әр заманның періштесі – біреуден біреуге өсиет боп қалған аянның нақ өзі. Онысы кейде бұйрық сипатында, кейде баяндау түрінде де ұшыраса береді. Бірақ сіздердің алдарыңызда әрі-бері жүрген осынау мазасыз сәтімде тек осы бұрынғы періштелер жайлы айтқым келмейді.
Сөйтіп, мұнараға ұқсайтын бөлмем арзан норвег шыршасынынан жасалған, жылу тарауы да бәсең, тек дөңесте тұрғандықтан ғана «мұнара» деп аталады... Иә, ескі періштелер жайында сөз қозғамаймын... тіпті олар орта ғасырлар мен Қайта өрлеу дәуіріндегі, Джоттодан Джоттоға дейінгі ұлы шеберлердің арқасында, біздің сенуге қабілетсіз жан дүниемізде әлі күнге дейін сақталса да ол жайлы тіс жармаймын. Ғасырлар бойы осы сирек көріністердің арқасында біз Аспанның бар екенін сезіне алдық, әрі осы сезім арқылы дүниенің ішкі құрылымынан бағытты да таба алдық, бағыт бар жерде – арақашықтық бар, арақашықтық бар жерде – кеңістік бар, ал кеңістік бар жерде – екі нүкте арасында уақыт бар; сондықтан ғасырлар бойы, тіпті, мыңжылдықтар бойы, әлгі бағзы періштелермен кездесу бізге (адамзатқа) көрінбейтін мен көрінетіннің арасындағы «шынайы өмірді» айқын сезінуге мүмкіндік берді.
Егер сіздерге бүгін сол ескі періштелер туралы айтқым келсе, бір бұрыштан екінші бұрышқа барып, қайта сол бұрышқа оралып, шеңбер бойымен жүре берер едім. Бірақ жоқ, олар енді жоқ. Тек жаңа періштелер ғана бар. Ал мен болсам, алдарыңызда тұрып, бір бұрыштан екінші бұрышты айналмаймын, себебі бәлкім, мұны әлдеқашан айтып өткен шығармын, біздің періштелеріміз – осы жаңа періштелер.
Бәлкім, бұған дейін айтып өткенімдей, біздің періштелер – сол жаңа періштелер. Қанаттарынан айырылған соң, оларда баяғыдай әдемі, оралып тұратын шекпендері жоқ. Енді олар біздің арамызда қарапайым көше киімінде жүр. Олардың қанша екенін білмейміз, бірақ әлдебір көмескі болжамдар бойынша олардың саны өзгермейді дейді. Ескі замандағы періштелер қалай аяқ астынан пайда бола қалса, бүгінгі жаңа періштелер де солай бірде мұнда, бірде анда, өміріміздің әлдебір сәттерінде аяқ астынан табыла кетеді.
Шын тілесе, өзін танытқысы келсе, оларды тану тіптен қиын емес. Өйткені олар біздің өмірге өзіміздікінен гөрі өзгеше ырғақпен, басқа бір әуенмен, басқа бір жүріс-тұрыспен кіріп келгендей болады. Ал төменде, шаң-тозаңның ортасында арпалысып жүрген біз оны бірден сеземіз. Оған қоса, бұл жаңа періштелер дәл жоғарғы жақтан келе ме, әлде басқа жақтан ба, оған да сенімді емеспіз. Өйткені әлдебір «жоғарғы жақтың» өзі де жоқ сияқты, ол да ескі періштелермен қоса әлдеқашан мәңгілік БІР ЖЕРГЕ орын тепкен. Ол жақта да Илон Масктікі сияқты ақылдан ада құрылымдар кеңістік пен уақытты қолдан соғып жатыр.
Сондықтан алдыңызда Нобель сыйлығын алып, түсініксіз тілде сөйлеп тұрған шал – тек қана қарт адам боп көрінуі мүмкін. Ол қарт, әрине, сол баяғы жылуы жоқ, арзан норвег шыршасының тақталарынан жасалған мұнара бөлмесінде, дәл сол қалпында, тоқтамай, шеңбер бойын кезіп жүр. Яғни, ол – мен. Жаңа періштелер туралы ойларым басқа бір жүріс ырғағын, басқа бір жылдамдықты қажет ететіндей, қадамымды жиілетіп келемін.
Сөйтіп жүргенімде кенет бұл жаңа періштелердің тек қанаттары ғана жоқ емес, оларда уақи да жоқ екенін түсінемін. Ешқандай уақи жоқ. Олар жай ғана біздің арамызда, қарапайым күйде жүр. Қаласа танылмайды, қаласа қасымызға келіп тұра қалады. Сонда бір-ақ сәтте көзіміздегі перде сыдырылып, жүрегіміздегі қақ кетеді. Біз сол мезетте жүздесеміз.
«Япыр-ау, бұл – періште ғой!» дейміз шошынып. Ол – біздің алдымызда тұр. Тек… ол ештеңе бермейді.
Оның айналасында толқыған әлгі уағыз да, құлағымызға құятын нұр да жоқ. Ләм-мим демейді... Тіпті, тілдері байланып қалған ба дерсіз. Тек үнсіз ғана бізге қарайды. Көзімізді іздейді. Оның сол ізденісінде «көзіме қара, маған бір нәрсе айт» деген жалбарыну бар.
Ал біз… бізде айтар ештеңе жоқ.
Оның сол жалбарынған көзқарасына тек баяғыда, әлі сұрақ бар кезде айтылған сөздермен ғана жауап бере алар едік. Ал қазір сұрақ та жоқ, жауап та жоқ. Сонда бұл қандай кездесу? Бұл қандай аспан мен жер түйіскен сәт? Олар бізге қарап үнсіз тұр, біз де оларға қарап үнсізбіз. Егер олар осының бәрінен бір нәрсе түсінсе, біз, әрине, ештеңе түсінбейміз. Мылқау саңырауға, саңырау мылқауға қарап тұрғандай. Құдайдың араласуын айтпағанда, қандай әңгіме, қандай түсіністік болуы мүмкін? Егер өзімді солардың қатарына қоя алсам дәл осы сәтте, жалғызсырап, шаршап, мұң басып жүрген кез келген сезімтал адамның басына келетін ой менің де басыма келеді....
Мына сіздердің алдарыңызда... микрофонға қарап сөйлеп тұрғандай көрінгеніммен, шын мәнінде сол мұнара бөлмесінде... арзан шырша тақталары мен оқшауланудың арасында ары-бері жүріп келе жатырмын... Кенет: «Бұл жаңа періштелер, өздерінің шексіз үнсіздігімен… бәлкім, енді періште де емес шығар» деген ойға келемін. Олар әуелбастан құрбандар. Сөздің түпкі, киелі мағынасындағы құрбандық.
Сөйтіп, сол сәтте өзім үнемі алып жүретін қазір де жанымда тұрған стетоскопымды суырып аламын. Мұнара бөлмесінде айналып жүріп, әрқайсыңыздың жүректеріңізге абайлап тосамын... Сол мезет тағдырдың үнін естимін. Сіздердің тағдырларыңызды естимін...
Осылай бір тағдырға жақындап, бір жүрісті тыңдағанда, дәл осы сәт басқаша түрленіп шыға келеді, әсіресе келесі сәт... Келе жатқандай көрінген сәт – ол келетін сәт емес... Оны басқа, мүлде басқа, мені жайратып кететін «қорқынышты» сәт басып озады. Өйткені стетоскоп алдымда тұрған жаңа періштелердің жантүршігерлік әңгімесін маған тыңдатады... Олардың – құрбандық екенін. Құрбандық... Біз үшін емес, біздің кесірімізден. Әрқайсымыздың кесірімізден...
Қанатсыз періштелер, хабарсыз періштелер… және соның бәрін біле тұра, әлемде соғыс бар: табиғатта соғыс, қоғамда соғыс, барлық жерде соғыс. Бұл соғыс тек қарумен, азаптаумен, қиратумен ғана жасалмайды. Ол шектің бір ұшы ғана. Өйткені соғыстың екінші ұшында бір ғана жаман сөз тұрады. Періштелердің біреуіне айтылған бір ғана жаман сөз жеткілікті. Бір әділетсіз, ойсыз, арсыз әрекет жеткілікті. Тән мен жанды жаралайтын бір ғана қылық жеткілікті.
Олар мұндайға жаратылмаған. Олар мұндайда қорғансыз. Өздерінің пәктігі мен зиянсыздығына қарсы бағытталған теріс көзқарас алдында дәрменсіз.
Оларды мәңгілікке жаралау үшін бір-ақ іс, тіпті бір жаман сөздің өзі жеткілікті. Ал мен оны он мың сөзбен де айықтыра алмаймын. Өйткені ондай жараның емі жоқ.
II.
О, періштелер туралы осы жетіп қалар!
Енді адамзаттың қадір-қасиеті жайында сөйлесейік. Адам деген ғажап жаратылыс, сен кімсің өзі?
Сен дөңгелекті ойлап таптың, от жақтың, тірі қалуыңның жалғыз жолы – бірлесіп әрекет ету екенін түсіндің, әлемді алақанымда ұстаймын деп өз өлексеңді жеуден де бас тартпадың, кейін ақыл-ойың шошырлықтай дәрежеде дамыды, миың соншалықты үлкен, соншалықты қатпарлы, сондай күрделі, осы мидың арқасында сен бұл әлемге аз да болсын билік жүргізе алдың, аты-жөнін де өзің қойған әлемге; осының барлығы сені кейін жалған боп шығатын танымдарға жеткізді, бірақ олар сенің эволюциялық бағытта жылжуыңа қызмет етті; дамуың секіріп, қарыштап бара жатқандай көрінді, жер бетіндегі қуатың артып, көбейе түстің, топтасып жүрдің, қоғам құрдың, өркениет жасадың, жойылып кетпеу деген ғажайыпқа да қабілетті болдың (ал ол да әбден мүмкін еді), бірақ тағы да өз аяқтарыңмен тік тұрдың, сосын homo habilis ретінде тас құрал жасай білдің, оны қолдана білдің, homo erectus ретінде от жақтың, содан кейін бір титімдей айырмашылықтың арқасында шимпанзеден өзгеше, көмейің мен жұмсақ таңдайың бір-біріне тимегендіктен, сөйлеу орталығы дамуының параллелінде тіл шығаруға мүмкіндік туды; сосын, Көне Өсиеттің тыйым салынған үзінділеріне сенсек, сен Көк Тәңірмен қатар отырып, ол көрсеткен барлық жаратылыстарға ат қойдың; кейін жазуды ойлап таптың, ал ол кезде сен философиялық ойлау машығына да қабілетті болып үлгерген едің: әуелде оқиғаларды өзара байланыстырдың, кейін оларды діни сенімдеріңнен бөліп алдың; өз тәжірибеңе сүйеніп, уақытты ойлап таптың, көліктер мен қайықтар жасай отырып, Жер үстіндегі беймәлім аймақтардан өтіп, тонауға тұрарлықтың бәрін тонадың; күш пен билікті шоғырландырудың не екенін түсіндің; қолжетпес көрінген ғаламшарларды картаға түсірдің; Күнге Құдай деп, жұлдыздарға тағдырдың әміршілері деп қарайтын болдың; жыныстық қатынасты, ер мен әйелдің рөлдерін жаңадан «ойлап таптың» немесе өзгертіп алдың; әрі өте кеш болса да (ешқашан кеш емес қой), оларға деген махаббатты да аштың; сезім ойлап таптың, жанашырлық ойлап таптың, білім игеру сатыларының әртүрлі иерархияларын жасай алдың; ақыр соңында, құстарды тастап, өзің ғарышқа ұштың; Айға көтеріліп, алғашқы қадамдарыңды бастың; бүкіл Жерді бірнеше мәрте жойып жіберетін қарулар ойлап таптың; содан соң ғылымдарды сондай икемді етіп құрдың, ертең бүгін елестетуге ғана болатын нәрсенің өзін жоққа шығаратын деңгейге жеттің; өнер жараттың, үңгір суреттерінен Леонорданың «Құпия кешіне» дейін; ырғағы тылсым қараңғылықтан туған магиялық әуендерден Иоганн Себастьян Бахқа дейін; ақыры тарихи үдеріс заңдылығы бойынша, аяқ астынан, толық әрі түпкілікті түрде ештеңеге сенуден қалдың; өзің ойлап тапқан құрылғылар қиялыңды құртып, оның орнына тек қысқамерзімді жад қалдырды; сөйтіп сен білім мен сұлулықтың, моральдық ізгіліктің осы ортақ әрі асыл мұрасынан бас тартып, ендігі жерде жазық далаларға бет алуға дайынсың, онда аяқтарың батпаққа батып кетеді.
Қозғалма, шынымен Марсқа барайын деп тұрсың ба?
Жоқ, қозғалма, мына батпақ сені жұтып қояды, құрдымға тартады.
Бірақ осының бәрі әдемі еді: сенің эволюция жолындағы саяхатың – көз тоймастай ғажап үдеріс еді.
Тек, өкінішке орай, енді ол қайталанбайды…
III
Ә, адам қадірі жайлы жеткілікті айттық қой.
Енді КӨТЕРІЛІС жайында сөйлесейік.
Бұл тақырыпты «Әлем алға жылжиды» (The World Goes On) атты кітабымда біршама қозғап көрдім, бірақ жазғаным көңілімнен шықпай, осы жерге өзіммен бірге ала келдім.
Тоқсаныншы жылдардың басы. Берлин. Қапырық қолқаны қапқан бір күні U-Bahn жер асты стансасында пойыз күтіп тұрғанмын. Барлық стансалардағы сияқты платформаның пойыз келетін жағына, туннельдің аузына таяу жерге үлкен айна қойылған. Қасында жарық сигналдары бар. Жолаушылар түсіп-мінгенше пойыз дәл сол жерге уақытша тоқтауға тиіс еді. Айна машинист үшін, ал қызыл шам жолаушылардың қауіпсіз түсіп-мінуі үшін тоқтайтын нүктені білдіретін белгі. Осы әрекеттер аяқталған соң, шам жасылға ауысады да, U-Bahn туннельге қарай менің бағытымда Рулебенге қарай жолын жалғастырады. Сол айна тұрған баған мен туннельдің арасындағы жерге қалың сары сызық сызылған. Қатаң тыйым салынған аймақ. Платформа әрі қарай сәл созылып жатса да, бұл сызықтың ар жағына өтуге болмайды.
Пойыздың Кройцберг жақтан келуін күтіп тұрғанмын. Сол сәтте тыйым салынған аймақтан біреуді көзім шалып қалды.
Бұл бір қаңғыбас еді.
Арқасы бүгіліп, беті бізге қарай аздап бұрылған, ауырсынған адамның жүзі. Ол рельстердің үстіндегі жолаққа қарай дәрет сындырмақ боп әлек. Бірақ қатты қиналып тұрғанын тамшылатып тұрғанынан-ақ аңғаруға болады.
Не болып жатқанын түсініп үлгергенімше, айналамдағы адамдар да «оқиғаны» байқап, түстен кейінгі тыныш сәттің астаң-кестеңі шықты.
Кенет бәрінің көңілінде, бір ортақ пікір буырқана қалды: бұл – масқара жағдай, мұны дереу тоқтату керек, бұл қаңғыбас кетуге тиіс, ал сары сызықтың тыйымын қайта қалпына келтіру керек.
Егер ол қаңғыбас өз ісін тезірек бітіріп, біз тұрған жаққа қайта қосылып, сосын жоғары көтеріліп кетсе, ешқандай мәселе туындамас еді. Бірақ ол бітіре алмады, бәлкім, физикалық мүмкіндігі жетпеді.
Оқиғаның шиеленісе бастаған тағы бір себебі, арғы жақтан полицейдің пайда болуы еді. Ол қаңғыбасқа тура қарап, қатты зекіп, бейбастақтықты тоқтатуын бұйырды. U-Bahn стансалары қауіпсіздік үшін, екі жаққа жүретін пойыздарды бір-бірінен бөліп тұратындай етіп салынған. Екі бағыттың рельстері шамамен он метр ені бар, тереңдігі бір метрге жуық ордың ішінде жатыр. Сондықтан егер жолаушы ойынан айнып, бір бағытқа жүретін пойыз платформасынан екінші платформаға өтем десе, ол жай ғана рельстерден секіріп өте алмайды. Бұл тек тыйым ғана емес, өте қауіпті еді. Сол себепті, қарсы жақтағы әлгі ашулы полицей өз абыройын сақтай отырып, бірақ міндетін де орындау үшін дәл сондай жолмен келуге ыңғайланды...
Бірақ бұл жағдай полицейдің де дәл сол тәртіпке бағынуын талап етті. Ол қаңғыбасты көрген сәттен өзіне тән жіңішке шаңқылдаған даусымен бірнеше рет айқайлады, бірақ еш нәтижесі болмады, қаңғыбас оған тіпті назарын да салған жоқ. Басы біз жаққа бұрылған күйі, азапқа толы жанарымен қатып қалған. Ал зәр тамшылары рельстерге тама берді. Бұл ережеге, тәртіпке, заңға ғана қайшы емес, тіпті ақылға сыймайтын қорлау еді. Қаңғыбастың полицейді мүлдем елемегені, «саңыраудай» кейіп танытқаны одан сайын қыйтығына тиді.
Әрине, қаңғыбас полицейді біліп тұр. Өзінің ауыр жағдайын да, сақшының өзінен әлдеқайда жылдам жететінін де біледі. Ол бұл тыйым салынған әрекетін өз еркімен де, табиғаттың көмегімен де тез аяқтай алмайтын еді. Сондықтан полицейдің қарсы жақтағы платформада жүгіріп, жоғарғы апаратын баспалдаққа қарай ұмтылғанын һәм үстіңгі өткелден өтіп біз жаққа түсуге тырысқанын аңғарғанда қинала ыңырсып, амалсыз әлгі ісін доғарды да, біздің жақтағы баспалдаққа қарай, қалайда жоғарғы қабатқа көтерілу үшін, қашу қамына кірісті. Бұл бір жантүршігерлік жарыс еді. Біз жақтағы адамдардың бәрі үнсіз қалды. Көз алдымыздағы шындыққа қарасақ, әрине қаңғыбастың қашып құтылуы мүмкін емес. Тұла-бойы дірілдеп, аяқтары айқаспай, миы да аяқтарына дұрыс пәрмен бере алмай, қайраңдағы балықтай тыпырлайды. Ол қарсы беттегі полицейдің әр қадам сайын жақындап келе жатқанын көріп тұр, ал біздің жақта өзі әрең дегенде бір-екі сантиметр ілгері жылжып, қолын оңды-солды сермеп, жан-тәнімен тырысып бағуда. Полицей де сол арадағы он метрді жолбарыстай жапырып келеді. Бұл он метр – оған ауыр һәм әділетсіз бөгет. Ал қаңғыбас үшін бұл он метр – бос үміт, тек сәл ғана кідіріс беретін жалған мүмкіндік болатын.
Полицейдікі – заң, бәрі құптайтын әрі орындауға міндетті «жақсылық». Ал қаңғыбас орға түскен, «жамандықтың» бейнесі. Иә, полицей – міндетті жақсылықтың өкілі. Бірақ дәл сол сәтте ол дәрменсіз еді. Сол дәрменсіздік пен мына аяр адам жарысының алдында менің назарым адам айтқысыз эпифанияға жолықты. Уақыт дәл сол жерде тоқтады: Жақсылық пен Жамандық бір-бірін көрген сәтте. Полицей – жақсы адам, тыйым салынған аймақта зәр сындырған қаңғыбасты көрді. Қаңғыбас – «жаман», бұдан былай құтыла алмайтынын көрді. Араларында он-ақ метр. Полицей таяғын қолына ұстап, жүгіруге оқталып, кенет тоқтай қалды. Бұл тоқтау үзілген, бірақ ішінде бұзылмаған күш бар қимыл еді: бұлшық еттері ширығып, секіруге дайын тұрған. Бір сәтке оның санасында: «Егер осы он метрді бір-ақ секіріп өтсем ше?» деген ой жарқ етті. Ал ана жақта қаңғыбас әлсіздігінен дірілдеп, судан шыққан саршұнақтай сүмірейеді.
Міне, менің назарым сол сәтте тоқтап қалды және әлі сол күйі қатып тұр.
Ол суретте: алыстан, ашулы күйде жүгіріп келе жатқан полицей, әр адымы бір метр; ал біздің жақта кінәлі қаңғыбас, ыңырсып, әлсіреп, әрең жылжиды, адымы – бір сантиметр.
Иә, бұл жарыста Жақсылық бәрібір жеңе алмайды...
Неге дейсіз ғой? Бәрі сол он метрдің кесірінен. Жақсылық ешқашан Жамандыққа жете алмайды, өйткені ол он метр ешқашан қысқармайды. Полицей пойыз стансаға гүрілдеп кіріп келген сәтте қаңғыбасты ұстап алуы мүмкін, бірақ менің көзімде ол он метр – мәңгілік, жеңілмейтін қашықтық.
Ішкі түйсігім тек бір нәрсені сезеді: Жақсылық қанша ұмтылса да, шайқалған Зұлымдықты ешқашан ұстай алмайды. Өйткені Жақсылық пен Жамандықтың арасында үміт жоқ – ешқандай үміт жоқ.
Мен мінген пойыз Рулебенге қарай бет алды, бірақ әлгі қалшылдаған, қол-аяғын оңды-солды сермеген бейнені ойымнан шығара алмадым, ол ойымды түрткілеп, беймаза күйге түсірді. Сөйтіп, келе жатып, кенет, найзағай жарқ еткендей, ойыма бір сұрақ сап ете қалды: «Осы қаңғыбас пен онымен тағдырлас барша пақырлар қашан ақыры бас көтерер екен?», «әрі олардың бүлігі қандай болар екен?». Бәлкім, ол қанды болар, бәлкім, мейірімсіз, бәлкім, бір адамның екінші адамды қырып-жоятын сәттері сияқты үрейлі шығар. Әйтсе де, іле-шала ол ойды басымнан дереу қуып тастаймын, өйткені мен айтқан көтеріліс: жоқ, көз алдыма елестетіп отырған төңкеріс одан бөлек болмақ, ол көтеріліс бүтінге қарсы бағытталған көтеріліс.
Құрметті ханымдар мен мырзалар, кез келген қарсылық тұтастыққа қарсы жасалады. Міне, қазір де сіздердің алдарыңызда тұрған сәтімде, үйдегі сол мұнара бөлмемде өлшеусіз жүрген аяқ дыбыстарым баяулай бастағанда, Берлиндегі сол бір U-Bahn сапары қайта есіме оралады. Жарығы жарқыраған стансалар бірінен соң бірі көз алдымнан сырғып өтіп жатыр. Мен ешқайсынан түспеймін. Содан бері мен әлі тынымсыз, тоқтаусыз сол U-Bahn-да келе жатқандаймын, түсетін жер жоқ, тек қасымнан стансалардың өтіп жатқанын ғана көріп келемін. Бар қиялымды ойлап тауысқан сияқтымын, аяғына дейін айтып қойғандаймын – көтеріліс жайлы, адам қадірі жайлы, періштелер жайлы, иә, бәлкім – үміт жайлы да.
Ағылшын тілінен аударған – Жантас Еркінұлы