11 желтоқсанда ҚР ІІМ Ұлттық ұланының «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің құрылғанына 26 жыл толды. 1999 жылы құрылған бұл бөлімше бүгінде еліміздің ірі қалаларында орналасқан, жедел әрекет етуге қабілетті, кәсіби даярлығы мықты әрі жауынгерлік әлеуеті жоғары құрылымға айналды.
Қызмет жылдары ішінде «Бүркіт» жауынгерлері Ұлттық ұланның элитасы ретінде кәсібилік пен адалдықтың белгісіне айналды. Бұл мәртебеге бөлімше ең алдымен арнайы жасақ құрамында қызмет етуге ынталы үміткерлерге қойылатын қатаң талаптардың нәтижесінде сай болып отыр. Үміткерлер дене дайындығы, төзімділік, стресс жағдайындағы жедел әрекет ету қабілеті және экстремалды жағдайда қызмет атқару бойынша жан-жақты сыннан өтеді. Ал күрең берет сынағынан өту – санаулылардың ғана қолынан келеді.
Бұл қатаң талаптар жауынгерлер орындайтын міндеттердің кең ауқымымен байланысты: аса қауіпті қылмыскерлерді ұстау, заңсыз қарулы топтарға қарсы іс-қимыл, диверсиялардың алдын алу, кепілге алынғандарды босату және терроризмге қарсы операцияларға қатысу.
Тек биылдың өзінде бөлімше 2000-ға жуық қызметтік-жауынгерлік тапсырманы орындады. Басқа оперативтік бөлімшелермен бірлескен іс-қимыл нәтижесінде 7 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылып, 6 қылмыстық топ жетекшісі ұсталды. Ішкі істер органдарына 1600-ге жуық құқық бұзушы жеткізілді.
Заңсыз айналымнан 150-ден астам атыс және травматикалық қару, 130-ға жуық суық қару, 2700-ден астам оқ-дәрі, сондай-ақ 9,4 тоннадан астам есірткі заттары тәркіленді. 12 жасырын есірткі зертханасы жойылды.

Бұл көрсеткіштер арнайы жасақ жауынгерлерінің елден тыс жерлерде де бағаланатын жоғары кәсіби деңгейін айқын дәлелдейді.
«Арнайы жасақ Олимпиадасы» аталып кеткен "UAE SWAT Challenge" халықаралық жарысында ұландықтар екі жыл қатарынан әлемдік көшбасшылар қатарында келеді. Арнайы жасақ жауынгерлері шетелдік дайындықтардан өтіп, халықаралық әріптестерімен тәжірибе алмасады.
Бөлімшенің кәсіби дамуы тек жаттығу мен халықаралық жарыстарда ғана емес, мәдени жобаларда да көрініс тапты. 2023 жылдың қарашасында Алматыда Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің ерлігіне арналған «Burkit. Арнайы мақсаттағы жасақ» көркем фильмінің премьерасы өтті.
Сонымен қатар биыл «Burkit TEAM» спорттық командасы құрылып, команда мүшелері Ұлттық ұлан мен еліміздің беделін халықаралық және ішкі спорт ареналарында асқақтатып жүр.
Бүгін элиталық құрамның құрылған күнін мерекелеу қарсаңында Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденовтің бұйрығымен арнайы жасақтың 21 жауынгеріне, сондай-ақ Ішкі істер министрінің орынбасары - Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабековтің бұйрығымен 67 әскери қызметшіге алғыс хаттар, грамоталар және төсбелгілер табысталды. Бұдан бөлек 3 жауынгер мерзімінен бұрын әскери шен алды.
26 жыл бойы «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесі құқықтық тәртіп әскерлерінің шоқтығы биік құрамасы болып қалыптасып, оның жауынгерлері ерлік, кәсібилік және антқа адалдықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді.
