Қарағанды облысында 70 жастағы әйелді өлтіру қылмысы 20 жыл өткен соң ашылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
ІІМ Жедел-криминалистикалық департаменті 2025 жылдың қорытындысын жариялады. Ведомство мәліметінше, криминалистикалық есептер мен заманауи технологиялардың көмегімен сегіз мыңнан аса қылмыс ашылған. ІІМ деректеріне сәйкес, оқиға орындарынан алынған 14 мыңнан астам із криминалистикалық есепке қойылған.
Департамент бастығы Сергей Стихеевтің айтуынша, жұмыстың едәуір бөлігі бұрынғы жылдары жасалған қылмыстарды ашуға бағытталған.
«Жаңа жабдықтардың көмегімен біз бұрынғы жылдардағы қылмыстарға белсенді түрде ревизия жүргізіп жатырмыз. Ашылған қызықты фактілер бар. 2006 жылы Қарағанды облысында аса ауыр қылмыс жасалған. Шамамен 70 жастағы әйел дүкенге бара жатып, бос тұрған атқораның жанынан өткен. Сол кезде оған қылмыскер шабуыл жасап, өлтіріп, зорлаған. Оқиға орнында аз мөлшерде биологиялық іздер қалған. Ол кезде біздің техникалық мүмкіндіктеріміз бұл іздерді сәйкестендіруге мүмкіндік бермеді. Сондықтан қылмыс көптеген жылдар бойы ашылмай келді. Биыл біз жабдықтарымызды жаңарттық. Сол себепті бұрын жасалған барлық қылмыстар бойынша алынған іздерді, соның ішінде ДНҚ базасы арқылы да, қайта тексердік. Нәтижесінде бір азамат анықталды. Қазір оның жасы 55-те. Ол қазіргі уақытта бас бостандығынан айыру орнында жазасын өтеп жатыр. Өз кінәсін мойындады. Қосымша тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», – деді Стихеев.