Спорт пен экономиканың байланысы қандай?

Спорт пен экономиканың байланысы қандай?
Liter.kz

Спорт – тек медаль мен рекордтар емес, елдің экономикалық қуатын арттыратын маңызды сала. Соңғы жылдары елімізде спорттық заңнаманы жаңарту, бұқаралық спортты дамыту, инфрақұрылым салу және ірі жарыстар өткізу ел экономикасына нақты пайда әкеле бастады.

Бюджет саясаты: легионерден – ұлттық спортқа

2025 жылғы 16 маусымнан бастап бюджет қаражаты есебінен шетелдік легионерлерді қаржыландыруға тыйым салынды. Бұл шешім бір қарағанда тек спорттық кадр саясатына қатысты секілді. Алайда шын мәнінде қаржы ағынының бағытын өзгертіп, ішкі нарықты қолдауға мүмкіндік беріп отыр.

Бұдан былай Олимпиада, Паралимпиада, Азия ойындары мен Ұлттық ойындардағы нәтижелерге қарай қаржыландыру басымдық алады. Яғни қаражат нақты нәтиже әкелетін ұлттық құрамаға, балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға, мүгедектігі бар спортшыларға және спорттық даярлықтың ұлттық стандарттарын енгізуге жұмсалады.
Бұл – бір жағынан бюджеттің тиімділігін арттырып, екінші жағынан отандық бапкерлер мен мамандарға сұранысты көбейтетін экономикалық қадам.

Бұқаралық спорттың пайдасы

1 қазандағы көрсеткіш бойынша халықтың 41,4 пайызы, яғни 8,4 миллионнан астам адам спортпен және дене шынықтырумен шұғылданады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 42 пайызға жетуі тиіс. Балалар мен жасөспірімдердің үлесі – 30,4 пайыз: елдегі 4-17 жастағы 5,1 миллионнан астам баланың 240 мыңы 7 мыңнан астам спорт секциясына тегін барады, оған 50 млрд теңге бөлінген.

Экономикалық тұрғыдан алғанда, бұл – денсаулық сақтау шығындарын азайтуға, еңбек өнімділігін арттыруға салынған инвестиция. Спортпен шұғылданатын, ауруға жиі шалдықпайтын ұлттың жұмысқа қабілеттілік деңгейі жоғары болады. Әсіресе 400 мыңнан астам бала жаттығатын 521 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ертеңгі кәсіби спортшылармен қатар, түрлі салада еңбек ететін, дені сау, белсенді азаматтардың қалыптасуына ықпал етеді.

Инфрақұрылым жайы қалай?

Спорттық нысандар салу – құрылыс, сервис, жергілікті шағын бизнес үшін қуатты драйвер. 2025 жылғы 1 қазанда спорттық құрылысжайлардың жалпы саны 25,7 мыңға жетіп, 1000 адамға шаққанда инфрақұрылыммен қамту 55,1 пайызды құрады. 2025 жылы бұл көрсеткіш 56 пайызға дейін өседі деп жоспарланған.

2024 жылы 90 спорт нысаны пайдалануға берілді (61-і ауылда, 29-ы аудандық маңызы бар қалаларда). 2025 жылы тағы 35 нысан іске қосылды, оның 27-сі – ауылдық жерлерде. Қосымша 67 нысанның құрылысы жалғасып жатыр. Бұл жүздеген құрылысшы мен инженері бар жобалар ғана емес, болашақта сол нысандарға қызмет көрсететін жаттықтырушылар, дәрігерлер, администраторлар, қауіпсіздік және тазалық қызметкерлері үшін тұрақты жұмыс орны.

Түркістандағы Орталық Азияда баламасы жоқ халықаралық ескек есу арнасы мен Қызылордадағы УЕФА стандартына сай 11 мың көрерменге арналған стадион бүкіл өңір экономикасына жаңа тыныс береді. Мұнда туристік ағын көбейіп, қонақүй, мейрамхана, көлік, сауда, сувенирлік өнім өндіру сияқты қызметтерге сұраныс артады. Астанада салынатын Ұлттық спорт университеті де алдағы уақытта спорт индустриясының ғылыми, білім беру және инновациялық хабына айналып, жоғары білікті мамандар даярлау арқылы еңбек нарығын нығайтады.

Ірі жарыстар – туризм мен имидж капиталы

2025 жылы елімізде 30-дан астам ірі спорттық жарыс өтті: фристайлдан Әлем кубогы, дзюдодан Гранд-Слам, World Boxing қолдауымен бокстан Әлем кубогы, әскери қызметшілер арасындағы қазақша күрестен әлем чемпионаты, ауыр атлетика және атыс түрлерінен Азия біріншіліктері және басқа додалар.

Мұндай ауқымды турнирлерге әлемнің түкпір-түкпірінен спортшылар, жанкүйерлер, журналистер келеді. Бұл – авиация, қонақүй, қоғамдық тамақтану, көлік және сауда салалары үшін қосымша кіріс. Сонымен қатар Қазақстанның халықаралық имиджі артып, инвесторлар мен туристер үшін тартымдылығы күшейеді.

Қазақ спортшыларының шорт-тректегі Азия ойындарындағы алғашқы алтыны, мәнерлеп сырғанаудағы әлемдік күміс, фристайл-могул мен акробатикадағы жүлделер, семсерлесу мен көркем гимнастикадағы тарихи медальдар, бокстағы World Boxing чемпионы атануы, грек-рим күресі мен парабиатлондағы биік жетістіктер – бәрі де елдің «жұмсақ қуатын» арттырып, демеушілік, жарнама, мерчандайзинг нарығын кеңейтеді.

Заңнаманы жаңарту, бұқаралық спортқа қолжетімділікті кеңейту, инфрақұрылымға инвестиция, әлемдік деңгейдегі жарыстар мен жеңістер – мұның бәрі спортты шығын емес, экономиканың маңызды саласы ретінде дамытып отырғанын көрсетеді.

Спорт арқылы Қазақстан дені сау қоғам қалыптастырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірлік бизнесті қолдап, туризмді дамытып, халықаралық беделін күшейтіп келеді. Яғни стадиондар мен спорт залдары – тек жарыс өтетін алаң емес, ел экономикасының өсу нүктелері.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары