Ынталандыратын ілкімді іс

Ынталандыратын ілкімді іс

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжінде Chocolatine Kazakhstan-2025 халықаралық байқауы ұйымдастырылды. Оған еліміздегі техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының «Наубайхана ісі» мамандығының студенттері мен өндірістік оқыту шеберлері, сондай-ақ көршілес Қырғыз Республикасы, Өзбекстан мемлекеттерінен 22 қатысушы бақ сынады. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен биылғы жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп белгіленді. Бұл негізінен осы саланың мамандарын даярлайтын арнаулы оқу орындарының жұмысын жандандырып, ілкімді істерді қолға алуға түрткі болды десек, қателеспейміз. Былайғы уақытта да тың бастамаларымен, жаңашылдыққа бастайтын жұмыстарымен көзге түсіп жүрген Түркістан жоғары көпсалалы аг­рарлық колледжінің ізденімпаз ұжы­мы бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ха­лықаралық байқауды өткізуді өз қол­дарына алды. 
Байқау аталмыш оқу орны мен Фран­цияның Coupe du Monde de la Chocolatine халықаралық қауымдастығы арасында түзілген екіжақты ынты­мақ­тастық келісімі аясында жүзеге асы­рыл­ды. Тағы бір ерекше тоқтала кеткіміз ке­летіні, бұл байқаудан үздік шыққан үміт­кер келесі жылы наурыз айында Фран­ция мемлекетінің Тулуза қаласын­да өтетін Chocolatine және Pain au Chocolat деп аталатын әлем чемпиона­тына қатысуға жолдама алады.
Колледжді сенімгерлік басқаруға алған серіктестіктің атқарушы директоры Қайрат Айтбаев өз сөзінде бұл байқау өңірімізде кондитерлік са­ланы дамытуға, мамандардың білік­тілі­гін арттыруға, тәжірибе алмасуға және Қазақстан мен Орталық Азияның бай гастрономиялық мұрасын әлемге кеңі­нен таныстыруға мүмкіндік беретінін айтса, «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Абай Балажан байқау барынша әділ өтіп, жүз­ден жүйрік шыққан талапкер ғана алда өтетін әлем чемпионатына барып, онда да топ жарып, жұлдызы жарқырай көрінуіне тілектестік білдірді. 
Байқауға өз елімізден бөлек Қырғыз Рес­публикасы, Өзбекстан мемлекет­тері­нен «Юниор» – жастар және «Профе­с­сио­нал» кәсіби мамандар санаттары бойын­ша 22 үміткер қатысты. Франция резиденциясының бас әкімшісі, Ор­та­лық Азия бойынша Chocolatine чем­пио­натының ұйымдастырушысы Карлос Мар­сала, Le Dessert наубайханасының бренд-шефі, ұйымдастырушы ассистент Әйгерім Бекова, Францияның Қазақ­стан­дағы елшілігінің ынтымақтастық жә­не мәдениет жөніндегі кеңесшісі Се­­бастьен де Куртуа, Еуразиялық кубок­тың президенті Ержан Пазилов, Еура­иялық кубоктың вице-президенті Гүл­мира Күлпеисова, The Ritz-Carlton қо­нақүйінің шеф-кондитері Нариман Әб­діғаппаров, Le Dessert наубайха­насы­н­ың бренд-шефі Александр Пако, Tian Shan Grand Hotel қонақүйінің бренд шефі Айдын Серікұлы, «Эскофье ізба­сар­лары» Қазақстан делегациясының қа­зынашысы Томас Мюллер, Халық­ара­лық аспаздық білім беру саласының сарап­шысы, «Эскофье ізбасарлары» инс­ти­тутының (IDE) директоры Берт­ран Геррье, «Гурман және табысты мей­рамхана» мейрамханасының бас­қару­шысы Александр Удебин сынды әділ­қазылар алқасының шешімімен екі күндік байқау қорытындысы бойынша бас жүлде – әлем чемпионатына беріл­ген жолдаманы Түркістан жоғары көп­са­лалы аграрлық колледжінің студенті Пернен Мұхаммедәлі жеңіп алды. Ал Шымкент қаласындағы тамақтандыру индустриясы және сервис колледжінің студенті Гүлден Нұралықызы, Кәсіби наубайхана колледжінің (Бішкек қа­ла­сы) студенті Ажар Кенешова, Янгиюль аг­ротехнологиялық техникумының (Таш­кент қаласы) студенті Асилбек Рах­манов І орын – алтын жүлде иегері деп танылса, Кәсіби наубайхана кол­лед­жінің (Бішкек қаласы) студенті Дилноз Инаятова, Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжінің студенті Бексұл­тан Қарабай ІІ орын – күміс жүлдеге қол жеткізді. ІІІ орын – қола жүлдеге Қоғам­дық тамақтану және сервис колледжінің (Астана қаласы) студенті Жүніс Бегәлі, Кәсіби наубайхана колледжінің (Бішкек қаласы) білім алушысы Фарида Болот­ка­нова лайық деп танылды. Бұл жастар, яғни «Юниор» санаты арасындағы бай­қаудың жеңімпаздары болса, «Профес­сио­нал» – кәсіби мамандар санаты бойын­ша бас жүлде – әлемдік чем­пио­натқа жолдама Қоғамдық тамақтану жә­не сервис колледжінің (Астана қа­ла­сы) арнайы пән оқытушысы Еркебұлан Махмұтқа берілді. Бұл санаттағы алтын жүлде иегерлері ретінде Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжінің оқытушысы (Шымкент қаласы) арнайы пән оқытушысы Хабибулла Усманов, Кәсіби наубайхана лицейінің (Бішкек қаласы) арнайы пән оқытушысы Жә­ми­ла Ж­ұматаева, Янгиюль агротех­но­ло­гиялық техникумының оқытушысы (Таш­кент қаласы) Адолат Темирова та­нылды. Ал Nanmai bakery наубай­ха­насының (Астана қаласы) наубайшысы АидаТөсекбаева қола жүлдеге қол жет­кізді. 
Ауқымды іс-шараға облыстық білім беру басқармасының өкілдері, облыс­тағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары, арнайы пән оқытушыларымен бірге Франция Республикасының Қазақстандағы ел­шісі Сильван Гиоге, елшіліктің ын­ты­мақтастық және мәдениет жөніндегі кеңес­шілері Себастьен Де Куртуа, Мадам Од Кристоф, аталған елшіліктің ауыл шаруашылығы жөніндегі сарапшысы Венсан Бержеза, Франция Республи­ка­сының Алматы қаласындағы бас кон­сулы Максим Жеренже және аталған елдің Шымкент қаласындағы құрметті консулы Игорь Копайылов қатысты. 
Екі күндік іс-шараға алыс-жақын­нан келген қонақтар байқау барысымен ғана шектелмей, колледждің оқу ғимараты мен өндірістік базасын ара­лап, оқу орнымен тереңірек таны­сып, мұндағы жаңашылдық пен үйле­сімділікті жоғары бағалады.

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ,
Түркістан облысы

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары