Жүк көліктерін шекарадан өткізу үшін 100 млн теңге пара алған шенеунікке үкім шықты

/
Жүк көліктерін шекарадан өткізу үшін 100 млн теңге пара алған шенеунікке үкім шықты
istockphoto.com

2026 жылғы 4 қарашада Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басқармасы басшысының бұрынғы міндетін атқарушы Р. мен пара алуға делдалдық жасағаны үшін айыпталған К.-ға қатысты айыптау үкімін шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.

2025 жылғы қыркүйек-қазан айлары аралығында Р. басқарма басшысының міндетін атқарушы лауазымын атқара отырып, Ресей Федерациясының азаматының жүк көліктерін Батыс Қазақстан облысының аумағындағы өткізу пункттері арқылы кедергісіз өткізу үшін пара алуға келіскен.

Жалпы қамқорлығы мен қызметтік әрекетсіздігі, сондай-ақ жүк көліктерінің Ресейден Қазақстанға кедергісіз өтуіне жәрдемдескені үшін лауазымды тұлғаға 100 млн теңге берілген. Жалпы алғанда, 1003 жүк көлігін өткізу туралы сөз болған.

Бұдан бөлек, пара беруші өзі пайдаланатын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің тәуекелдерді басқару жүйесіне енгізілгені туралы ақпарат алып, туындаған шектеулерді айналып өту бойынша ұсынымдар алған.

К. ақша қаражатын беру кезінде делдалдық етіп, көрсеткен қызметі үшін 24,8 млн теңге алған.

Сот екі сотталушыға қатысты да жеңілдететін мән-жай ретінде олардың кәмелетке толмаған балаларының болуын ескерді.

Р.-ға қатысты ауырлататын мән-жай ретінде өзі қабылдаған антын бұза отырып, қылмыстық құқық бұзушылық жасауы танылды. К.-ның әрекеттерінде ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Р. ҚК-нің 366-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, мүлкі тәркілене отырып және белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

К. ҚК-нің 368-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, мүлкі тәркілене отырып және белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар сот қылмыстық жолмен алынғаны анықталған ақша қаражатын мемлекет кірісіне тәркілеу және сотталғандардан заңсыз алынған ақшалай қаражатты өндіріп алу туралы қаулы етті.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар