Кейінгі кезде аз ұйықтасаң, жүрек ауырады, ми тозады, қартаясың деген тұжырым жиі айтылады. Ал енді халықаралық зерттеушілер басқажа жағдайды қарастырды: тоғыз сағаттан артық ұйқы расымен қауіпті ме? – деп хабарлайды turkystan.kz.
The Conversation жазғандай, ұйқы – денсаулықтың басты тірегі. Бұл уақытта ағза қалпына келеді, есте сақтау нығаяды, эмоциялар реттеледі. Ересектердің нормасы – тәулігіне 7–9 сағат. Мұны бұзу, әсіресе үнемі аз ұйықтау инфаркт, инсульт, диабет, иммунитеттің әлсіреуі сияқты қауіп туғызады.
Ал артық ұйқы жайлы деректер ұзақ уақыт бойы түсініксіз еді. 79 ғылыми жұмысты қамтыған ірі талдау қызық нәтижені көрсетті: 7 сағаттан аз ұйықтайтындарда өлім қаупі 14%-ға артса, 9 сағаттан көп ұйықтайтындарда бұл көрсеткіш – 34%.
Бірақ зерттеушілер мұндай қорытындыға асықпауды сұрайды. Ұзақ ұйқы көбіне аурудың салдары болуы мүмкін. Ағза дертпен күрескенде, ауырсынғанда, депрессия кезінде, алмасу процесі бұзылғанда немесе дәрілер әсерінен адам көп жатады. Ұйқының сапасы жиі нашар болғандықтан, оны ұзақтығымен толтыруға тырысады.
Ұйқы нормасы адамның жасына да байланысты. Жасөспірімдер 8–10 сағатсыз қалпына келмейді.
Сондықтан мамандардың кеңесі – 7-9 сағаттық тұрақты режим мен сапалы ұйқы. Ал егер адам кенеттен 10–12 сағат ұйықтап, бәрібір шаршап тұрса – бұл дәрігерге көрінуге себеп. Мұндай өзгеріс ағзада бір нәрсе дұрыс емес екенінің алғашқы сигналы болуы мүмкін.