Испанияның Бисаин қаласында тұратын 101 жастағы Иньякси Ласа әр күні спортзалға барып, ауыр гантельдермен екі сағаттық жаттығу жасайды. Бұл туралы Daily Mail жазады, деп хабарлайды turkystan.kz
XX ғасырдың ең қиын кезеңдерін көрген Ласа Екінші дүниежүзілік соғысты, сүт безі қатерлі ісігін, ортан жіліктің екі рет сынуын, көзге жасалған операцияны бастан өткерген. Тіпті 98 жасында COVID-19-ды да жеңіп шыққан. Остеоартрит диагнозына қарамастан, ол жаттығуды бір күн де қалдырмайды.
Спортзалға ол алғаш рет 94 жасында барған. Мақсаты – бұлшықет пен сүйекті нығайту, деменцияның дамуын баяулату. Дегенмен белсенді өмір салты оған бұрыннан тән: күн сайын жаяу серуен, велотренажер, тіпті қыс мезгілінде де таңертең далаға шығу.
«Жаттығулар тірі екенімді сезіндіреді. Бұл – денсаулыққа да, миға да пайдалы», – дейді Ласа.
Ұзақ жасаудың тағы бір құпиясы ретінде ол тамақтануды атайды. Иньякси Жерорта теңізі диетасын ұстанады: көкөніс, жеміс-жидек, пайдалы майлар. Әсіресе зәйтүн майын «өмірдің басты ингредиенттерінің бірі» деп есептейді.
«Өмір – күрес. Ең бастысы – мақсат қою және ешқашан берілмеу», – дейді 101 жастағы спортқұмар әже.