Гонконгтың Тай По ауданында орналасқан Ван Фук Корт (Wan Fuk Court) тұрғын үй кешенінде ірі өрт шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.
South China Morning Post басылымы таратқан соңғы деректерге сүйенсек, табиғи апат құрбандарының саны 36 адамға дейін жеткен. Қаза тапқандардың арасында бір өрт сөндіруші және кешен тұрғындары бар.
Өртке қауіптіліктің ең жоғары – 5-ші деңгейі берілді. Бұл Гонконг тарихында 2008 жылдан бері тіркелген ең ірі өрттердің бірі. Жалын кешендегі сегіз бірдей көпқабатты ғимаратты шарпыған. 2000-ға жуық пәтері бар бұл кешенде жалпы саны 4000-дай адам тұрады.
Ресми ақпарат бойынша 279 адам із-түзсіз жоғалғандар санатында, 29 адам түрлі жарақаттармен ауруханаларға жеткізілген, 700-ден астам тұрғын қауіпсіз жерге шығарылып, билік ұйымдастырған уақытша паналайтын орындарға орналастырылды.
Алдын ала болжам бойынша, өрт ғимараттарды косметикалық жөндеу үшін сыртына орнатылған бамбук құрылыс ағаштарынан (леса) және қорғаныс торларынан басталған. Тұрғындар оқиғаға дейін жұмысшылардың тез тұтанатын осы құрылымдардың үстінде темекі шегетініне бірнеше рет шағымданғандарын айтады.
Сондай-ақ, жергілікті халық биліктің төтенше жағдайға реакциясына наразы. Куәгерлердің сөзінше, өрт сөндіру станциясының жақындығына қарамастан, қажетті сәтте тікұшақтар қолданылмаған және оқиға орнында нақты нұсқаулар берілмей, хаос орын алған.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. Тілсіз жауды ауыздықтауға Гонконг бойынша теңдессіз күш жұмылдырылды. Оқиға орнында 767 өрт сөндіруші, 400 полиция қызметкері, 128 өрт сөндіру көлігі және 57 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеуде. Алайда, барлық күш-жігерге қарамастан, өртті толық сөндіру қиынға соғуда.