Перу әуежайында жолаушылардың шұлығынан 3000 бүйе табылды

/
Перу әуежайында жолаушылардың шұлығынан 3000 бүйе табылды
видеодан скриншот

Перу халықаралық әуежайында кеден қызметкерлері Германияға алып кетпек болған жолаушылардың жүгінен 3000-нан астам бүйе тапты. Өрмекшілер шұлықтардың ішіне жасырылып, үш шабаданға салынған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 3 қарашада Лимадағы Хорхе Чавес атындағы халықаралық әуежайда болған. Германияның екі азаматы мен Польша азаматы Еуропаға ұшпақ болған. Алайда отырғызу алдында кеден қызметкерлері мен Перудің Орман шаруашылығы және жабайы табиғат ұлттық қызметінің (SERFOR) мамандары оларды тоқтатқан.

SERFOR өкілдерінің X әлеуметтік желісінде хабарлауынша, құқық қорғау органдарына жануарларды заңсыз алып өту әрекеті туралы анонимді хабарлама түскен. Жүкті тексеру барысында мамандар тірі бүйелер салынған ондаған шұлықты анықтаған. Әр чемоданда өрмекшілердің әртүрлі түрлері мен көлемдері салынған 15-тен 22-ге дейін шұлық болған.

Бір бүйенің бағасы 500 еуроға дейін жетуі мүмкін.

Тәркіленген бүйелердің арасында жұмыртқалар, кішкентай өрмекшілер және ересек бүйелер де болған. Олардың кейбір түрлері мемлекет қорғауында. Табиғатты қорғау қызметінің мәліметінше, контрабандашылар бүйелерді экзотикалық жануарларды жинайтын коллекционерлерге сатуды жоспарлаған болуы мүмкін.

SERFOR маманы Кора Суарестің айтуынша, Еуропада бір бүйенің бағасы 500 еуроға дейін жетуі мүмкін. Осылайша, тәркіленген барлық бүйенің ықтимал жалпы құны шамамен 1,5 миллион еуроны құрауы мүмкін.

Перу полициясы шетелдік үш азаматты ұстады. Қазір олардың әрекетін экологиялық қылмыстарға маманданған прокуратура тергеп жатыр.

Тексеру аяқталғаннан кейін мамандар бүйелерді арнайы орталыққа тапсырып, оларды одан әрі күтіп-бағуды қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары