Шикі тауық етін жуу өлімге әкелуі мүмкін

/
Шикі тауық етін жуу өлімге әкелуі мүмкін
сурет: istockphoto.com

Аустралия ғалымдары шикі тауық етін жуу өлімге әкелуі мүмкін екенін ескертті. Food Safety Information Council (FSIC) мамандарының айтуынша, мұндай әдет ас үйде қауіпті бактериялардың таралуына және тағамнан улануға себеп болады, деп хабарлайды turkystan.kz.

FSIC мәліметінше, көптеген аустралиялықтар әлі күнге дейін «тауық етін жуу керек» деген ескі нанымға сеніп келеді. Зерттеу нәтижесі бойынша, респонденттердің 51%-ы тұтас тауықты, 48%-ы терісі бар бөліктерді, ал 44%-ы терісіз етті пісірер алдында жуады. Соңғы төрт жылда бұл көрсеткіш тіпті артқан.

FSIC төрағасының орынбасары, профессор Джулиан Кокс бұл қауіпті, қате түсінік екенін атап өтті:

«Интернеттегі кеңестерге сенудің қажеті жоқ. Тауық еті өндірісте санитарлық өңдеуден өтеді. Ал үйде оны жуу кезінде су шашырап, бактериялар бүкіл ас үйге тарайды. Етті 75°C температураға дейін жақсылап пісіру жеткілікті», дейді ол.

Кокс атап өткендей, Аустралияда тауық еті ең жиі тұтынылатын өнімдердің бірі, сондықтан дайындықтағы қателіктер миллиондаған адамға қауіп төндіреді. Елде жыл сайын шамамен 4,7 миллион тағамнан улану жағдайы тіркеледі, олардың 48 мыңы ауруханаға түсуімен, ал 38-і өліммен аяқталады.

Мамандар тамақ дайындау кезінде мына қарапайым ережелерді сақтау қажеттігін ескертеді:

  1. шикі етпен жанасқан соң қол мен асүй бетін мұқият жуу;
  2. етті тек микротолқынды пеште жібіту;
  3. шикі тауықтың шырыны дайын тағамдарға тимеуін қадағалау;
  4. шикі және дайын ет үшін бөлек тақтай мен пышақ пайдалану.
Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары