209
Депутат: Заң бұзушылықтың тіркелуіне мемлекеттік бағдарламалардың әсері мол
Депутат: Заң бұзушылықтың тіркелуіне мемлекеттік бағдарламалардың әсері мол
Соңғы 2 жылда құрылыс және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық саласында 667 заң бұзушылық тіркелген, – деп хабарлайды Астана арнасы. Заң бұзушылық әрекеттерінің 170-і сотқа жетіп, тиісті шешім шығарылды.
Арнаның хабарлауынша, бұл туралы «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратында өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында депутат Сапар Ахметов мәлімдеді.
Сапар Ахметовтің айтуынша, заң бұзушылықтың тіркелуіне көбіне елімізде қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың әсері мол көрінеді. Маңызды жобалардан қаражат жымқырып қалғысы келетіндер қатары азаймай отыр. Қоғамдық кеңес өкілдері Оңтүстік және Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қарағанды облыстарын аралап, тиісті сараптама жасаған. Кеңесте келісілген шешім үкіметке ұсынылмақ.
«3 бірдей мемлекеттік бағдарлама жұмыс істеп тұр. Олар «Нұрлы жол» бағдарламасы, «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы және соңғы биыл қосылып жатқан «Нұрлы жер» бағдарламасы. Сондықтан бөлініп жатқан қаражаттар көп. Оның үстіне жергілікті бюджеттен бөлініп жатқан қаражаттар көп. Солардың бәрін игеру кезінде әртүрлі өңірлерде, әртүрлі жерлерде, және мынау біздің квазимемлекеттік кәсіпорындарда заң бұзушылықтар тіркеліп жатыр», – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Сапар Ахметов.