Гүлнұр Аяшова: Ажырасу өмірдің соңы емес

Гүлнұр Аяшова: Ажырасу өмірдің соңы емес

Қоғамдағы ажырасу көрсеткіші жыл сайын артып келеді. Бір-бірін сүйіп, бір шаңырақ астында өмір бастаған жұптардың біразы неге бір сәтте жат болып кетеді? Кінә кімде – қоғамда ма, тәрбиеде ме, әлде адамның ішкі жараларында ма? Бүгін біз ажырасудың әлеуметтік, психологиялық түп-тамырына үңіліп көрдік. 

– Елімізде отбасылардың дәм-тұзы жа­распай, ажырасу процесі жиілеп бара­ды. Ажырасудың себебі көп қой. Ең негізгі себебі неде деп айтасыз? 

– Ажырасу – жан-жақты зерттеуді қа­жет ететін, көпқырлы тақырыптардың бірі. Екі жас үйленгеннен кейінгі өмір – тек бірге тұру немесе тұрмыстық міндеттерді бөлісу ғана емес, бір-бірінің ішкі әлемін, сезімдерін, қор­қыныштарын түсіну, арман-мақ­сат­та­ры­на жетуде қолдау көрсету, жұбының же­ке-дара тұла екенін қабылдау – жақсы қарым-қатынастың негізі. Осы тепе-теңдік сақ­талмағанда жиі жанжал шығады, тү­сін­беушілік туындайды. Отбасылық өмір – бұл қауіпсіздік, қамқорлық, сенім және бірге өсу процесі. Яғни, ерлі-зайыптылардың қарым-қа­тынасы тек материалдық не әлеуметтік одақ емес, рухани байланысқа негізделуге тиіс.
Қазақта «отау құру» ұғымы тегін айтыл­м­а­ған. Өйткені бұл – жаңа мемлекет, жаңа жүйе іспетті. Сондықтан мұнда екі жастың және сол отбасында туған балалардың бір-бі­рі­не деген сыйластығы маңызды рөл ат­қара­ды. Әрине, бұл жерде ата-аналар да осы жүйенің бір бөлігі. Олардың рөлі – бағыт-бағ­дар беріп, тәжірибесімен бөлісу. Бірақ ше­шім қабылдау немесе күнделікті өмірде ара­ласу кезінде шектен шықпау қажет. Сүйіс­пеншілік пен қамқорлықты сақтай оты­рып, балаларының дербестігіне құрмет­пен қарау – ең бастысы. Кейбір ата-аналар ба­лаларының жеке өміріне тым көп ара­ласып, олардың өз бетінше өсуіне кедергі келтіріп жатады.
Бір сөзбен айтқанда, отбасын құрамыз деп шешім қабылдаған екі жас ең алдымен өз­дерінің үйлесімділігін анықтап алуы ке­рек. Олар бір деңгейде ме? Алға қойған мақ­­­­­саттары мен құндылықтары ұқсас па? От­басы жайлы көзқарастары сәйкес келе ме? Осы сұрақтардың жауабын табу өте маңыз­ды.

– Бірін-бірі сүйіп қосылған екі жас­тың уақыт өте келе екі жаққа кетуі ма­­­хаббаттың «біткенін» көрсете ме?

– Иә, бәрі махаббаттан басталатыны рас. Дегенмен менің байқауымша, екі жас­тың арасындағы үйлесімділікті анықтайтын үш негізгі байланыс нүктесі бар. Біріншісі – бас деңгейі. Бұл – ойдың, құндылықтардың ұқ­састығы. Болашақ жарыңмен ортақ та­қы­рыпта әңгіме айта аласың ба? Қызығу­шы­лықтарың ұқсас па? Дүниетанымдарың сәй­кес келе ме?
Екіншісі – жүрек деңгейі. Яғни, «Мен бұл адамды шын сүйемін бе, сыйлай аламын ба, оның бар болмысын қабылдай аламын ба?» деген сұрақтарға жауап беру.
Үшіншісі – тән деңгейі. Отбасында жы­ныстық үйлесімділік те маңызды рөл ат­қаратындықтан, мұндай  ішкі сезімдерді де назардан тыс қалдырмау керек. 
Міне, осы үш байланыс нүктесі – бас, жү­рек және тән үйлесімділігі біріккенде ға­на берік мемлекет орнайды. Өзімнің өмір­лік және кәсіби тәжірибеме сүйене отырып айтарым, егер осы байланыстардың біреуі әлсіз болса, онда отбасында тепе-теңдік бұ­­­­зылады, ал ол ерте ме, кеш пе – ажырасуға алып келуі мүмкін.  

– «Ажырасу – кіші өлім» деген сөз бар. Осының мағынасын ашып түсін­діріп беріңізші. 

– Иә, оны бір мағынада өліммен тең деу­ге болады. Өйткені ажырасу кезінде жұп та, олардың балалары да дәл өлім кезін­дегі­дей қабылдау кезеңінен өтеді. Ер мен әйел ара­сындағы қарым-қатынас, ортақ өмір, жос­парлар мен армандар біртіндеп аяқ­та­лады, толық үзіледі. Ажырасқан адам бұ­рын­­ғы рөлін, өмір салтын, бірге өткізген сәт­тер мен эмоцияларын жоғалтады. Сол сияқ­ты, жақынымыз о дүниелік болғанда да біз өміріміздің белгілі бір кезеңін жо­ғал­тып, қайғыны бастан кешіреміз. Пси­хо­лог­тар мұны «қабылдау кезеңдері» деп атайды. Бұл кезеңдер ажырасу мен өлім жағдайында бір-біріне ұқсас өтеді: бірінші – жоққа шығару, екінші – ашулану, үшін­ші – саудаласу, төртінші – депрессия, ал ең соңын­да – қабылдау кезеңі келеді.
Қайтыс болған адамнан кейін бірінші ту­ған күн, бірінші жаңа жыл, алғашқы ме­ре­келер ерекше ауыр өтетіні секілді, ажы­рас­қаннан кейін де дәл сондай психо­ло­гия­лық «бірінші реттер» болады. Бұл – жаңа өмір­ге бейімделудің бір бөлігі. Егер жұп пси­хологиялық тұрғыдан дұрыс жолмен ажы­раса алмаса, онда бұл жара ұзаққа созы­лады. Мұндай жағдайда адам эмоциялық күйзеліске ұшырап, өткенге байланып қа­лады. Кейін ол қайғы мен күйзеліс түрінде сырт­қа шықса, кейде керісінше, агрессия ар­қылы көрініс табады. Мұның бәрі адам­ның ішке сыймай жатқан сезімдерін дұрыс өткере алмауынан туындайды. Өкінішке қарай, бізде эмоцияны психологиялық тұр­ғыдан қауіпсіз жолмен емес, ашу мен реніш арқылы шығару жиі кездеседі. 

– Ажырасудың ар жағында қаншама сә­бидің көз жасы тұр...

– Иә, ажырасу тек ересектердің өмі­рін­дегі өзгеріс емес, ең алдымен балаларға әсер ете­тін күрделі психологиялық соққы. Ба­ла­лар ата-аналарының арасындағы жанжал мен суық қарым-қатынаста өздерін делдал, ме­диатор сезінеді. Олар ата-анасының көңіл күйін бақылап, өз қажеттіліктерін кейін­ге қалдыруға мәжбүр болады. Уақыт өте келе, өз сезімдерін елемей, ішкі әлеміне жа­сырып қоюы мүмкін. Мұндай сәттер ба­лалардың психикасында терең із қал­ды­ра­ды. Адамдарға сенімі төмендейді, эмоциясы тұрақсыз әрі қарым-қатынаста қиындық­тар­ға тап болады. Тіпті, соңында отбасылы болу­дан қорқатын деңгейге жетеді. Пси­хо­логтар мұны құндылықтар жүйесінің шай­қалуы деп түсіндіреді. Ажырасу кезінде бала үшін ең маңызды ұғым – қауіпсіздік пен тұрақ­тылық бұзылады. Ол эмоцияларын ша­тастырып, ішкі күйзеліс пен жауап­кер­ші­лікті өз мойнына алуға тырысады. Мұн­дай сәтте балаға ата-ананың түсіністігі, шы­найы қолдауы және ашық диалогы өте қажет. 
Бала өз сезімін сөзбен білдіре алуы ке­рек. Егер ата-аналар ажырасу туралы ашық әрі адал сөйлеспесе, бала ішіндегі ауыр сезі­мін сыртқа шығара алмай қиналады. Бұл се­зімдер үй ішінде қабылданбаса, бала олар­ды басқа ортада шығара бастайды. Ал ба­ланың «сыртқы кеңістігі» – мектеп. Сон­дықтан мұндай жағдайда буллинг (қорқыту, мазақтау, агрессия) құбылысы жиі пайда болады. Ішінде жиналған ашу мен ренішті сырт­қа шығара алмаған ол буллинг құр­ба­нына, кейде инициаторына айналады. Үйін­де эмоциясын білдіре алмаған бала сырт­та әлсіздеу балаларға агрессия көрсету арқ­ылы ішкі ауыртпалығын шығарады. Бұл – бір­тұ­тас жүйе. Біз көбіне ажырасуды отбасының ішкі мәселесі деп қараймыз. Бірақ шын­ды­ғында, бұл бүкіл жүйеге әсер ететін құбылыс. Ата-ананың шешімі, баланың күйзелісі, мек­тептегі мінез-құлық, қоғамдағы қарым-қатынас бәрі өзара байланысты. 
Егер ол күн сайын жанжал, қорқыныш, зор­лық, түсініспеушілікті көріп өссе, ол сол кө­ріністі өз өміріне «алып келеді». «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді хал­қымыз. Бұл – жай сөз емес, терең пси­хо­логиялық ақиқат. Бала өзінің кішкентай «мем­лекетінде» көрген мінез-құлық моделін бей­саналы түрде өз болашағына көшіріп әке­леді. Сондықтан ерлі-зайыптылардың не­кеге тұрар алдында өзін-өзі танып, ішкі жа­раларын емдеуі – өте маңызды қадам.

– Ажырасқаннан кейін мүлікке, ба­лаға талас, алименттен жалтару сынды мін­деттерден қашу нені білдіреді?  

– Ажырасу – өмірдің соңы емес. Одан кейін де ата-ананың жауапкершілігі жалғаса бе­реді. Өйткені бала үшін ата-анасының ма­хаббаты мен қолдауы – ең басты қауіп­сіз­дік пен сенімнің бастауы. Ендігі жерде ба­лалармен ашық сөйлесу керек. «Біздің арамыздағы қарым-қатынас өзгерді, біз бір-бірімізді түсінуден қалдық. Сондықтан екеуміз екі жаққа кету туралы шешім қабыл­дадық. Бірақ біз бұрынғыдай ата-ана болып қала береміз. Сендердің өмірлерің, арман-мақ­саттарың біз үшін бәрінен қымбат» деу керек. 
Міне, осындай ашық әңгіме мен шын­шыл­дық баланың жүрегінде сенімділік пен ты­ныштық қалыптастырады. Өйткені бала бәрін сезеді. Егер ол ата-анасынан шын­дық­ты естісе, өз өмірінде де шынайы, адал болу­ға үйренеді. Сондықтан ата-ананың ажы­расудан кейін де бір-біріне деген сый­ластықты сақтауы – болашақтың мәдениеті мен рухани саулығына қосқан үлес.

– Біздің қоғам ажырасу процесін ауыр қабылдайды, оларды айыптайды. Бұл дұрыс па? 

– Ажырасу – кейде ауыр, кейде пайдалы ше­шім. Қоғам ажырасуды көбіне күйзеліс, сәт­сіздік немесе жеңіліс деп қабылдайды. Бір­ақ психологтар бұл құбылыстың екінші жағы бар екенін, кейде ажырасу пайдалы, өмір­ге жаңа тыныс беретін шешім болуы мүм­кін екенін айтады. Кейде қатынасты жал­ғастыру ажырасудан да зиянды. Мұндай жағ­дайда ажырасу дұрыс әрі батыл шешім, бұл  – жаңа өмірдің бастауы. 
Егер ерлі-зайыптылардың қарым-қа­ты­насы түсініспеушілік, реніш, эмоциялық қы­сым мен кінә артудан тұрса, мұндай бай­­­ланыс екі тарапқа да зиян келтіреді. Осын­дай жағдайда ажырасу жан жарасын жа­зуға, ішкі тыныштықты қалпына келтіру­ге және өзін қайта тануға мүмкіндік береді. Бұл тек физикалық бөліну емес, сонымен қатар эмоциялық еркіндік, өз өміріне жаңа көзқараспен қарау, дамуға қадам басу. Ажырасу арқылы адам өз қажеттіліктері мен құндылықтарын, армандары мен мақ­саттарын қайта саралап, болашақта бұрын­ғы қателіктерді қайталамауға мүмкіндік ала­ды. Бұған қоса, ажырасқан ата-аналар өз ба­лаларына да маңызды өмірлік сабақ пен үлгі көрсете алады. Олар арқылы бала сезім­дерін бағалауды, сыйластықпен шешім қа­былдауды, ішкі хәлін, денсаулығын сақтау­дың маңызын түсінеді. Демек, ажырасуды әр­дайым жеңіліс деп емес, кейде жеке адам­­ның рухани өсу мүмкіндігі деп қабыл­дауға болады.

– Қазіргі уақытта ажырасудың соңы әлеуметтік желіде бір-бірін айып­таумен, айғай-шумен жалғасып жата­ды. Мұның себебі неде? 

– Өкінішке қарай, ажырасу жиі жан­жал­мен, өзара айыптаумен, бала арқылы бірін-бірі жазалаумен өтеді. Бұл – ең қауіпті жол. Адам­ның психикасы өзін қорғау үшін түрлі қорғаныс механизмдерін қолданады. Сырт қараған адамға бұл кек алу сияқты көрінеді. Ал шын мәнінде, бұл адамның ішкі жан дү­­­ниесіндегі ауыр сезімдердің сыртқа шы­ғуы. Ажырасқан адам тек жарынан емес, бірге өткізген жылдарынан, ортақ естелік­тері­нен, «бақытты отбасы» деген түсінігінен де айырылады. Сол себепті оның бойында реніш, өкпе, қорқыныш, кейде кінә сезімі жиналып қалады. Егер адам бұл сезімдерді дер кезінде айтып, түсініп, қабылдай алмаса, бейсана түкпірге «тығып» тастайды. Ал бейсанада жатқан сезімдер ешқайда жо­ғалмайды, олар сыртқа шығудың сәтін кү­теді. Осылайша, уақыт өте келе кей адамдар бұрынғы жұбайы туралы жаман айту арқылы өзін жеңілдеткісі келеді. Яғни, «Мен кінәлі емеспін, ол кінәлі» деген ой арқылы адам ішкі ауыртпалығын азайтып, өзін ақ­тағысы келеді. Басқаша айтқанда, бұл – жа­ны ауырғанының белгісі. 

– Әлеуметтік желіде ерлер мен әйел­дер арасындағы бірін-бірі қаралаған ақпараттық соғыстың күшеюі қанша­лықты қауіпті?  

– Бұл да осы жараның жалғасы. Мысалы, фе­минизм бастапқыда әділдік пен теңдік идеясынан туындаған еді. Бірақ кейінгі жыл­дары оның кейбір бағыттары шектен шығып, ер адамдарға деген өшпенділікке ұла­сып бара жатқанын байқаймыз. Пси­хоа­нализ тұрғысынан алғанда, бұл – адамның өз ішіндегі ерлік пен бастаманың тепе-тең­дігін таба алмауынан туындайтын ішкі дағ­дарыс. Адам өз «менін», өз жарасын тү­сі­ніп, емдемейінше, қарсы жынысты то­лық қабылдай алмайды. Егер әйел өзін бар бол­мысымен қабылдаса, ол ер адаммен күрес­пейді, керісінше, тең қарым-қатынас орнатады. Ал ер адам өз рөлін түсініп, ішкі үйле­сім тапқанда ғана сыртқы әлеммен де, әйел­мен де татулықта бола алады. 

– Халқымыз бұрын бүкіл ауыл бо­лып, әулет болып шалыс басқан, қате­лес­кен жанды тезге салатын. Қазір бұл рөл­ді психологтар қаншалықты алмас­тыра алып отыр? 

– Психоанализ және психотерапия ба­ғы­тында жұмыс істейтін мамандар үй­лен­ген­ге дейін де, ажырасуға бел буған жағ­дай­да да психологқа жүгінуге  кеңес береді. Бір­ақ психолог – тек қиын сәтте ғана жү­гі­не­тін маман емес, ол адамның өзін тануына, өт­кен мен бүгіннің арасындағы шекараны анық­тауға көмектесетін бағыт беруші. Бұл жер­де ердің де, әйелдің де ішкі хәлі маңыз­ды. Ал егер ажырасу орын алған болса, онда бұл жерде балаларға да психологиялық қолдау қажет. Өйткені әр бала ата-анасы арасындағы салқындықты өзінше сезі­неді. Оған түсіндіріп, эмоцияларын түсінуге көмектесу – болашақтағы психо­ло­гиялық жараның алдын алу. Сондықтан пси­хологқа бару – әлсіздік емес, рухани жауап­кершілік пен сауаттылықтың белгісі.

– Әңгімеңізге рахмет!
 

Сұхбаттасқан 
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары