Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Атырау облысы Жангелдин ауылында болған отбасы қазасына қатысты жаңа мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оның айтуынша, қылмыстық іс бойынша екі күдікті анықталған. Солардың бірі – қаза тапқандардың қызы әрі негізгі күдіктінің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева. Қазіргі таңда ол психиатриялық мекемеге жатқызылып, тиісті сараптамадан өтіп жатыр.
"Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, қажетті іс-шаралар атқарылып жатыр. Жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Ішкі істер министрлігінен Атырауға барып, бұл қылмыстық істің барысын естіп тұрамыз", – деді ол.
Әділовтің мәліметінше, қазіргі уақытта Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты стационарлық форматта кешенді сот-психологиялық және психиатриялық сараптама жүргізілуде.
"Ол да күдікті деп танылды. Қазіргі уақытта психиатриялық ауруханаға орналастырылды. Стационарлық, кешенді тексеру, сот-психолого-психиатриялық сараптама жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады министрдің орынбасары.
Вице-министрдің айтуынша, аталған іс бойынша әзірге жаңа күдіктілер анықталған жоқ. Сондай-ақ ол сараптама тағайындау туралы шешім жиналған іс материалдары мен күдіктінің мінез-құлқына қарай қабылданғанын атап өтті.
"Оның іс-әрекеттерінде де, алғашқы берген жауаптарында да сараптама тағайындауға негіз болды. Сондықтан осы сараптаманы тағайындау туралы шешім қабылдадық", – деді ол.