Бір орында ұзақ отырудың зиянынан спорт та құтқармауы мүмкін – зерттеу

/
Бір орында ұзақ отырудың зиянынан спорт та құтқармауы мүмкін – зерттеу
cурет: istockphoto.com

Ғалымдар ұзақ уақыт қозғалмай отыру денсаулыққа төнетін жасырын қауіп екенін анықтады. Зерттеулерге сәйкес, кешкі жаттығулардың өзі күні бойы отырып жұмыс істеудің зиянын толық жоя алмайды. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда ең тиімді шешім – жұмыс күні барысында үнемі қысқа серуен жасап тұру, деп хабарлайды turkystan.kz.

Пәкістандағы Ага Хан университетінің аспиранты Самина Ахтардың айтуынша, ұзақ уақыт отыру ағзаға елеулі зиян келтіреді. Бұл жүрек жұмысына және зат алмасу процесіне тікелей әсер етеді.

Қазіргі адамдардың көбі күніне 8–10 сағатқа дейін орындықта отырады. Кеңседе, көлікте немесе компьютер алдында ұзақ қозғалмай отыру 2-типті диабет пен жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін арттырады.

Ғалымдар мұны былай түсіндіреді: адам ұзақ отырған кезде аяқ бұлшықеттері белсенді жұмыс істемейді. Ал дәл осы бұлшықеттер қандағы глюкозаны ең көп пайдаланатын бөліктердің бірі саналады. Қозғалыс азайған кезде қан айналымы баяулап, майларды ыдырататын ферменттердің жұмысы төмендейді. Соның салдарынан қандағы қант деңгейі көтеріліп, қан тамырларына күш түседі.

Көпшілік кешкі бір сағаттық жаттығу күні бойы отырғанның зиянын жояды деп ойлайды. Алайда зерттеушілер бұл пікірмен келіспейді. Олардың сөзінше, ұзақ отырудан туындайтын метаболикалық өзгерістер спортпен шұғылданғаннан кейін де сақталып қалады.

Дегенмен мамандар мәселенің алдын алуға болатынын айтады. Ол үшін әр 30–60 минут сайын орнынан тұрып, аздап қозғалу жеткілікті. Мысалы, бес минут бойы дәлізде жүріп келу немесе созылу жаттығуларын жасау ағзадағы зат алмасуды қайта белсендіреді.

Зерттеушілер жұмыс берушілерге де кеңсе мәдениетін өзгертуге шақырады. Атап айтқанда, тұрып жұмыс істейтін үстелдерді енгізіп, қызметкерлерді қысқа серуендер жасауға ынталандыру ұсынылған.

Ғалымдардың пікірінше, «отырықшы өмір салтымен» күрестегі ең тиімді әдіс – ауыр жаттығулар емес, күн бойы тұрақты түрде қозғалып жүру.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары