Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында интернет-ресурстарды пайдалану арқылы терроризмді насихаттағаны үшін айыпталған азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сотталушы Семей қаласындағы №20 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жаза өтеу кезінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы радикалды идеология мен зорлық-зомбылықты насихаттайтын діни-экстремистік мазмұндағы материалдарды таратқан.
Сотқа дейінгі және сот тергеуі барысында анықталғандай, айыпталушы «WhatsApp» және «Telegram» мессенджерлері арқылы азаматша Б.Л.-ға қарулы жиһадқа үндейтін, террористік әрекеттерді ақтайтын бейнематериалдар мен мәтіндерді, сондай-ақ өзге дін өкілдеріне қарсы бағытталған діни уағыздарды жолдаған. Соттық дінитанулық және психологиялық-филологиялық сараптамалардың қорытындылары бойынша ұсынылған материалдарда терроризм мен діни өшпенділікті насихаттау белгілері анықталды.
Сот М.-ның әрекеттерін ҚР Қылмыстық кодексінің 256-бабының 2-бөлігінде (бұқаралық ақпарат құралдарын және телекоммуникация желілерін пайдалана отырып терроризмді насихаттау) көзделген қылмыс құрамына сәйкес деп таныды.
Жасалған қылмыстың сипатын, оның қоғамдық қауіптілік дәрежесін және қылмыстардың қайталануын ескере отырып, сот айыпталушы М.-ты 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Бұрынғы үкім бойынша өтелмеген жазаны ішінара қосу арқылы сот М.-қа түпкілікті 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.