Какао бір орында ұзақ отырудың зиянын азайтатыны анықталды

/
Какао бір орында ұзақ отырудың зиянын азайтатыны анықталды
сурет: istockphoto.com

Бір қарағанда жай ғана тәтті сусын болып көрінетін какао ағзаға нағыз пайдалы өнім болып шықты. Бирмингем университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу нәтижесінде какао құрамындағы флаванолдар қан тамырларын бір орында ұзақ отырудың зиянды әсерінен қорғайтыны анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеу The Journal of Physiology журналында жарияланған. Онда ғалымдар флаванолдарға бай сусындар немесе тағамдар (мысалы, какао, көк шай, алма мен жидектер) қан айналымын жақсартып, артериялардың серпінділігін сақтауға көмектесетінін көрсетті.

Тәжірибеге 40 жас ер адам қатысқан. Олардың бір бөлігіне флаванол мөлшері жоғары какао берілді, ал екінші топ кәдімгі какао ішкен. Нәтижесінде бірінші топтың тамыр серпінділігі мен қан айналымы өзгеріссіз қалды, ал екінші топта екі сағаттық қозғалыссыз отырудан кейін көрсеткіштер айтарлықтай нашарлаған.

Зерттеу авторларының айтуынша, бұл әсер адамның физикалық белсенділігіне тәуелсіз байқалады. Яғни флаванолдарға бай тағамдарды тұрақты түрде тұтыну кеңседе көп отыратын немесе аз қимылдайтын адамдар үшін тамыр денсаулығын сақтаудың қарапайым әрі дәмді тәсілі.

Айта кетсек, тамыз айында жарияланған өзге бір зерттеу де какао экстрактісі бар қоспалар гипертонияның даму қаупін азайтып, қан қысымы қалыпты адамдарға пайдалы болатынын көрсеткен еді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары