Қамауда сегіз лауазымды тұлға отыр. Олардың қатарында Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы мен оның орынбасарлары бар, деп хабарлайды turkystan.kz.
Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде сарбаздардың қаза табуына қатысты тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауында. Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыстық іс бойынша 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан астам сараптама мен зерттеу жүргізілген.
Қылмыстық істі Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары тергеп жатыр. Тергеушілер қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті іс-шараларды жүргізуде.
Тергеу аясында қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу күдігі бойынша сот санкциясымен сегіз лауазымды тұлға қамауға алынған. Олардың қатарында Қарулы күштердің Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, оның бірінші орынбасары және жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, екі әскери бөлімнің, батальон мен теңіз жаяу әскері ротасының командирлері, сондай-ақ катер капитаны бар.
Бас прокуратураның мәліметінше, жақын уақытта тергеу әрекеттерін аяқтап, қылмыстық процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыру жоспарланып отыр.
Ал сотқа дейінгі тергеудің өзге де мәліметтері Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
Тергеу барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауында.