Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өткен аптада Алға ауданына арнайы жұмыс сапарымен барып, мұндағы өзекті мәселелердің шешілуіне назар аударды. Қазір ауданда жол, көпір, әлеуметтік нысандарды жөндеу және ауызсу – ең өзекті мәселелердің қатарында.
Балаларға қолайлы
жағдай жасалады
Жұмыс сапарын Бестамақ ауылынан бастаған Асхат Шахаров биыл күрделі жөндеуден өткен «Болашақ» балабақшасын аралады. Бұл нысанның былтыр жобалық-сметалық құжаттары әзірленген, биыл облыстық бюджеттен қаржы бөлінді.
2023 жылы Алға ауданына жұмыс сапары барысында Асхат Шахаров балабақша ғимаратын жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама дайындауды тапсырған еді. Міне, сол кездегі өңір басшысының тапсырмасы биыл толықтай орындалып отыр.
Аталған балабақшаның меңгерушісі Ләззат Құрманова ғимараттың шатыры толықтай ауыстырылып, электр сымдары жаңартылғанын жеткізді. Сондай-ақ сумен жабдықтау, кәріз және жылыту жүйелеріне күрделі жөндеу жүргізіліп, ішкі құбырлары ауыстырылған. Сондай-ақ әрлеу жұмыстары жасалып, ғимараттың қасбеті де қапталды. Бұдан бөлек, балабақша алдына балалар ойын алаңы орнатылды.
Жөндеу жұмыстарын «Бабэк-Құрылыс» ЖШС бес ай ішінде аяқтады. Қазір балабақша балаларды қабылдауға дайын.
Облыс әкімі өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеу үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастырудың маңыздылығын атап өтіп: «Біздің басты мақсатымыз – балалардың сапалы білім мен тәрбие алуына қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау. Балабақша әр бала өзін қорғалғандай сезінетін жайлы да заманауи мекен болуы керек, – деді.
Жол жөндеу жұмыстары
аяқталуға жақын
Асхат Шахаров ауданға жұмыс сапары аясында Тоқмансай ауылдық округіне барып, мұндағы «Алға-Тоқмансай» аудандық автожолының жөндеу барысымен және әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты.
Қазір ұзындығы 26,6 шақырым болатын екі учаскеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстарды «АссанаДорСтрой» ЖШС атқаруда. Жоба алғаш рет 2017 жылы басталғанымен, іске асыру барысында бірнеше рет түзетулер енгізіліп, мердігерлермен сот даулары да болған. 2024 жылы облыс әкімі Асхат Шахаровтың тапсырмасымен жобаға өзгерістер енгізіліп, қаржыландыру қайта қаралды.
Жөндеу жұмыстарын мердігер биылғы қазан айының соңына дейін толық аяқтауды жоспарлап отыр.
– Бұл жолдың жөндеу жұмыстары бірнеше жылға созылып кетті. Әрине, ол тұрғындардың орынды сын-ескертпелеріне де себеп болды. Ендігі маңызды мәселе – жұмыстың мерзімінде әрі сапалы орындалуы. Бұл жол тұрғындардың күнделікті өмірі мен бүкіл округтің дамуы үшін үлкен маңызға ие. Нысан толық аяқталғанға дейін жағдайды жіті бақылауда ұстаймыз, – деді Асхат Шахаров.
Тоқмансайдың мектебіне
жөндеу қажет
Ақтөбе облысының әкімі Тоқмансай ауылындағы негізгі мектепке барып, ұжыммен кездесті.
Мектеп директоры Гүлмира Нұрмағанбетова өңір басшысын оқу орнының тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Қазір мектеп ғимаратына күрделі жөндеу қажет. 2004 жылы ашылғаннан бері оқу орнының ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары ғана жүргізілген. Мектепте 5 оқу кабинеті, информатика кабинеті, кітапхана, асхана және бейімделген спорт залы бар. Қазір мұнда 67 оқушы білім алуда. Мектептегі басты мәселе — оқу кабинеттеріне оқушылардың сыймауы. Бұған дейін болған директор кабинеті мен мұғалімдер бөлмесін оқу сыныптарына берген. Сондай-ақ спорт залы да жоқ. Ғимараттың тозуы және заманауи талаптарға сай еместігі оқу корпусын күрделі жөндеуден өткізуді немесе жаңа ғимарат салуды қажет етеді.
Тоқмансайлықтар облыс әкіміне балалардың жайлы жағдайда оқуы үшін ауылда жаңа мектеп тұрғызуды сұрады. Асхат Шахаров жауапты тұлғаларға ауылда жаңа мектеп салу мәселесін қарауды тапсырды.
– Мектеп – ауыл өмірінің орталығы. Балалар қауіпсіз және жайлы жағдайда оқуы керек. Тоқмансайда жаңа мектеп салу мүмкіндігін қарастырамыз. Ауыл мектептерін қолдау – біздің маңызды басымдықтарымыздың бірі, – деді облыс әкімі.
Ауызсу мәселесі шешіледі
Қазіргі таңда Алға қаласында ауызсу жүйесін жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Бұл мәселе халық санының артуы мен қаланың кеңеюіне байланысты өзекті болып отыр. Бүгінде Алғада шамамен 23 мың тұрғын бар. Жаз мезгілінде, әсіресе көпқабатты үйлерде су тапшылығы мәселесі жиі кездеседі. Жеке сектордағы тұрғындар бау-бақша суаруға суды көп пайдаланатындықтан, су құбырына жүктеме арта түседі.
Ауызсумен қамту саласындағы маңызды жобалардың бірі – Тамды су қоймасы маңындағы 35 кВ жоғары электр желісін қайта жаңғырту және жаңа су қоймаларын салу. Жоба аясында әрқайсысы 1400 текше метр төрт резервуар салынды, 10,9 шақырымнан астам электр желісі тартылды. Құрылыс-монтаж жұмыстары ұлттық қор есебінен қаржыландырылған, оның жалпы құны — 921 миллион теңге. Қазір резервуарларға су тарту желісі салынып жатыр. Мердігер ұйым – «А.Т.Е-ЖОЛ» ЖШС. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл қараша айында аяқталмақ.
Алға ауданы әкімінің орынбасары Талғат Сұлтановтың айтуынша, резервуарлар іске қосылғаннан кейін қалада 10 мың текше метрге жуық су қоры қалыптасады. Бұл, әсіресе жаз мезгілінде су жүйесіне түсетін жүктеме артқанда қаладағы су тапшылығы мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді.
– Бүгінде Алға тұрғындарын сапалы әрі үздіксіз ауызсумен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта қалада жаңа су қоймалары салынып, су желілері жаңартылуда. Барлық жоспарланған жобалар аяқталған соң, қала тұрғындары жыл бойы тұрақты түрде ауызсумен қамтамасыз етілетін болады, – деді облыс әкімі Асхат Шахаров.
Кешен және көпір
Бүгінде Алға қаласындағы орталық стадионға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ мұнда дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр.
Атап айтсақ, стадионда газон жамылғысы ауыстырылып, жаңа жүгіру жолы жасақталуда. Мердігер ұйым — «АрысСтройКом» ЖШС жөндеу жұмыстарын биылғы қараша айында аяқтауды жоспарлап отыр. Жаңартылған стадионның сыйымдылығы – 1 500 орын.
Ал спорт кешеніне монолитті конструкциялар орнатылып, инженерлік желілер тартылуда. Кешенді осы жылдың соңында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жаңа нысан Алға тұрғындарының спортпен айналысуы мен салауатты өмір салтын дамытуда маңызды орталық болмақ.
Асхат Шахаров спорттық инфрақұрылымды дамыту – салауатты өмір салтын қалыптастырудың және жастарды спортқа тартудың басты құралдарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, жобалардың уақытылы және сапалы орындалуы үшін барлық жұмыстарға қатаң бақылау қажет екенін жеткізді. Бұл аудан деңгейінде жаппай спортты дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар өңір басшысы Бесқоспа ауылдық округінде салынып жатқан көпірдің де құрылысымен танысты.
Аталған округ әкімі Нұржан Тәженовтің айтуынша, көпірге жол жабынының бірінші қабаты төселген. Жалпы құрылысты аяқтап, нысанды пайдалануға беру қазан айының соңына жоспарланып отыр. Жаңа көпір 1950 жылы салынған ескі көпірдің орнына тұрғызылуда.
Сондай-ақ округ орталығы — Есет батыр ауылында ұзындығы шамамен төрт шақырымды құрайтын екі көшенің жолы жөнделіп жатыр. Жұмыстарға «Жылу ХХІ» ЖШС жауапты.
Бұдан бөлек, елді мекенде көше жарықтандыру мәселесі де шешімін тапты.
– Көпірді салудағы мақсат — Шолақ өзені арқылы келетін суды кедергісіз өткізу, әсіресе су тасқыны кезінде қауіпсіздікті сақтау. Сонымен қоса, ауылдарды дамыту және тұрғындардың әрі-бері жүруіне қолайлы жағдай жасау. Ол – жұмысымыздың басты бағыттарының бірі. Біз инфрақұрылымды жаңартуға, жолдар мен әлеуметтік нысандар салуға назар аударуды жалғастырамыз. Мұның бәрі халықтың қолайлығы мен қауіпсіздігі үшін жасалуда, – деді облыс әкімі.
Цемент зауыты
салынып жатыр
Алға ауданының аумағында қазір цемент зауыты салынып жатыр. Бұл жобаны жүзеге асырушы — Ақтөбе облысы мен West China Cement компаниясы.
Кәсіпорын жылына 2 миллион тонна цемент өндіруге қауқарлы. Жобаның жалпы құны — 120 миллиард теңге. Нысан құрылысы 2026 жылдың соңына қарай аяқталады деп жоспарланған. Бүгінде жобаға 1 000-ға жуық жұмысшы тартылыпты. Қазір инженерлік желілерді тарту және қызметкерлерге арналған жатақхана құрылысы жүргізілуде. Ал зауыт іске қосылғанда, кәсіпорында 500 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Облыс әкімі Асхат Шахаров жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты.
Aktobe Cem ЖШС-на қарасты цемент зауыты Ақтөбе облысы мен ҚХР арасындағы байланысты нығайта түспек. Жоба құрылысы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, инфрақұрылымды дамытуға және өңірге қосымша инвестициялар тартуға серпін береді.
– Алға инвестициялар тартудың орталығына айналуда. Мұндай зауыттың іске қосылуы жаңа жұмыс орындарын ашып, облыстың индустриялық әлеуетін арттыруға зор үлес қосады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында шикізатты терең өңдеу, импортты алмастыру міндеттерін қойды. Осы жоба цемент импортына тәуелділікті азайтып, ішкі нарықты құрылыс материалдарымен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, құрылыс кестеге сай және барлық технологиялық талаптарды сақтай отырып жүргізілуі қажет, — деді Асхат Шахаров.
Данагүл ҚАЗИХАН,
Ақтөбе облысы