Германияның Хердеке қаласында жақында ғана сайланған қала мэрі Ирис Штальцер пышақтан ауыр жарақат алды. Ол іш пен арқа тұсынан жараланған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жараланған Штальцерді өз пәтерінен ұлы тауып алған. Есінен танбас бұрын мэр көшеде бірнеше ер адам шабуыл жасағанын айтып үлгерген. Қазіргі уақытта дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр, жағдайы өте ауыр деп бағалануда.
Полиция қылмыскерлерді ұстауға бағытталған арнайы жоспар жариялап, іздеу жұмыстарын бастады. Құзырлы орган оқиғаның саяси себептерге байланысты болуын да жоққа шығармай отыр. Іс аса ауыр қылмыстарды тергеу тобына берілді.
Ирис Штальцер Хердеке мэрі болып 28 қыркүйекте өткен жергілікті сайлаудың екінші турында сайланған еді. Шабуыл оның жеңісінен небәрі он күн өткен соң болды.