Астанада Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот автобус ішіндегі төбелеске қатысты істі қарады. 66 жастағы ер адам мен екі жасөспірім кінәлі деп танылып, оларға айыппұл салынды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс материалдарына сәйкес, С. есімді ер адам автобус салонында төбелес шығарып, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзған.
Сотта ол кінәсін мойындап, өкінетінін айтты.
Сотталушының жасы (66 жас) ескеріліп, оған әкімшілік қамауға алу қолданылмады, себебі заң бойынша 63 жастан асқан ер адамдарға қамау тағайындалмайды. Нәтижесінде оған 20 АЕК (78 640 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.
Жекелей қаралған істерде төбелеске қатысқан жасөспірімдер – К. және Ш. де кінәсін мойындап, өз әрекеттерін басқа жолаушының арандатуымен түсіндірді.
Жасөспірімдерге де әкімшілік қамау қолданылмайды, ал айыппұл мөлшері 10 АЕК-тен аспайды. Сот олардың әрқайсысына 39 320 теңге айыппұл салды. Айыппұлды ата-аналары төлеуі тиіс.