29 қыркүйек күні Ақтауда TURKWOMEN әйел көшбасшыларының халықаралық форумы өз жұмысын бастайды. Екі күн бойы – 29 және 30 қыркүйекте – қалада түркі әлемінен зерттеушілер, кәсіпкерлер, мәдениет және медиа өкілдері жиналады. Форумның мақсаты – әйел рөлі туралы әңгімені декларация деңгейінен нақты іске көшіру, деп хабарлайды turkystan.kz.
Форум бағдарламасында институционалдық өзгерістер, қала мен ауылдағы кәсіпкерлік модельдер, мәдени мұраны сақтау және заманауи медиа құралдарының ықпалы талқыланады.
Қатысушылар қатарында Түркиядан Burcu Miraç Dıraor Aydın, қазақстандық сарапшылар Зира Наурызбай (қазақ тарихындағы әйел бейнесі), Мақпал Жұмабай (шығармашылық көшбасшылық пен институттар), Әсия Бақдаулетқызы (әйел рөліне қатысты дискурстың трансформациясы) бар. Сонымен қатар Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстаннан спикерлер қатысады деп күтілуде.
Форум аясында Ақтаудың Іскер әйелдер кеңесінің қатысуымен пікірталастар өтеді, мәдени бағдарлама ұсынылады, нетворкинг аймақтары мен медиаплатформалар жұмыс істейді. Негізгі тақырыптар – әйелдер кәсіпкерлігі, креативті экономика, туризм және мәдени индустриялар. Форум сондай-ақ университеттер, бизнес және ҮЕҰ арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, Ақтаудың түркі әлеміндегі халықаралық байланыстарын кеңейтуге бағытталған.
Форумға 700-ге жуық адам қатысады деп күтілуде.
Іс-шараны «GUMOL Стратегиялық зерттеулер орталығы» КЕМ Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімімен бірлесіп ұйымдастырып отыр.