Қарағандыда автобус жүргізушісі зейнеткерді түсіріп, азық-түлігін таптап кеткен

/
Қарағандыда автобус жүргізушісі зейнеткерді түсіріп, азық-түлігін таптап кеткен
әлеуметтік желіден

Қарағандыда автобус жүргізушісінің қарт жолаушыға жасаған әрекеті жұрттың наразылығын тудырды. Куәгерлердің айтуынша, жүргізуші зейнеткерді автобустан түсіріп, кейін оның азық-түлік салынған қораптарын көлік дөңгелегімен басып өткен. Оқиғадан кейін жүргізуші жұмыстан уақытша шеттетілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға қаладағы базарлардың бірінің маңында болған.

Куәгерлердің сөзінше, қарт жолаушы автобусқа бірнеше қорап пен сөмке алып кірген. Алайда жүргізуші оның жүгіне наразылық білдіріп, көліктен түсуін талап еткен. Зейнеткер автобустан түскеннен кейін жанжал жалғасын тапқан. Оқиғаны көрген тұрғындардың айтуынша, жүргізуші жолда қалған жеміс-жидек пен көкөніс салынған қораптарды әдейі басып өткен.

Куәгерлер сол сәтте автобус салонының жартылай бос болғанын, ал қарт адамның өзге жолаушыларға кедергі келтірмегенін айтады.

Оқиға әлеуметтік желіде таралып, қала тұрғындарының наразылығын тудырды. Қарағанды қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жағдайға қатысты түсініктеме берді.

"Жүргізуші желіден алынып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталғанға дейін жұмыстан шеттетілді. Кейін еңбек шартын бұзу мәселесі қаралады. Жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтыру үшін оқиға туралы ақпарат полиция органдарына берілді", – деп хабарлады ведомство.

Сонымен қатар №5 автобус паркінің басшылығымен профилактикалық әңгіме жүргізілген. Тасымалдаушы компанияға жүргізушілердің жұмысын бақылауды күшейту және жолаушыларға құрметпен қарау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

"Автобус паркі №5" ЖШС өкілдері де қызметтік тексеріс басталғанын растады.

"Қазір салон ішіндегі және сыртқы бейнебақылау камераларының жазбаларын қарап жатырмыз. Жүргізуші жұмыстан шеттетілді. Тексеріс аяқталған соң оның нәтижесі мен қабылданған шаралар туралы ресми түсініктеме береміз", – деді кәсіпорын өкілдері.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары