Футзалдан Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде қазақстандық "Семей" клубы Украинаның "Атлетик" командасын 3:2 есебімен жеңді. Тартысты кездесуде жеңіс голы ойын аяқталуға екі минут қалғанда соғылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
24 қарашада өткен Чемпиондар лигасының 1/8 финалындағы алғашқы матч Молдованың Чореску қаласындағы "Футзал Арена МФФ" спорт кешенінде ұйымдастырылды.
Кездесудің жетінші минутында "Семей" ойыншысы Фернан есеп ашып, қазақстандық команданы алға шығарды. Алайда 18-минутта украиналық клубтың футзалшысы Эдуард Нагорный таразы басын теңестірді.
Екінші тайм да тартысты өтті. 24-минутта "Атлетик" ойыншысы Давид Калашник алаңнан қуылды. Осы мүмкіндікті пайдаланған қазақстандық клуб 26-минутта қайта алға шықты. Бұл жолы Педриньо қарсылас қақпасын дәл көздеді.
Алайда украиналық команда берілмеді. 35-минутта Олег Выставной есепті 2:2-ге жеткізді. Арада бір минут өткенде "Атлетиктің" тағы бір ойыншысы Богдан Мещеряков алаңнан қуылды. Матчтың 38-минутында Педриньо екінші голын соғып, "Семейге" маңызды жеңіс сыйлады.
Қазақстандық және украиналық командалар арасындағы қарымта ойын 5 желтоқсанда Семей қаласында өтеді. Бұл кездесуде екі матчтың қорытындысы бойынша келесі кезеңге жолдама алатын команда анықталады.