Көпбалалы мұғалім

Көпбалалы мұғалім

Қазір мектептерде ер мұғалімдер азайып барады. Дегенмен ауылдық жерлерде ұстаздық етіп жүрген ер-азаматтарымыз жетерлік. Олар отбасында да, мектепте де балаларға жан-жақты тәрбие беріп, үлгі көрсетіп жүр.Осындай ұстаздардың бірі – Мұ­нар Шабенов. Ол Ақтөбе облысы Алға ауданы Аманкелді ауылында тұ­рады. Осы ауылдағы негізгі мек­теп­те мұғалім болып жұмыс істейді. Жа­ры Балшырын Қалиева екеуі от­ба­сында бес бала тәрбиелеп отыр. 


– Зайыбым екеуміз 2009 жылы отау құрдық. Бүгінде отбасында бір қыз, төрт ұл тәрбиелеп отырмыз. Екеу­міз де Аманкелді негізгі мек­те­бін­де мұғалім болып жұмыс істейміз. Жас ұрпаққа сапалы білім мен тәр­бие беру жолында қызмет етіп қана қой­май, отбасында да балалары­мыз­дың дұрыс жолда өсіп-өркендеуіне ба­ғыт-бағдар беріп отырамыз. Әсі­ресе, заман талабына сай білім алуы­на, болашаққа сеніммен қарауына жағдай жасап, балалардың тәр­бие­сіне ерекше көңіл бөлемін. Ұл әкеге елік­тейді, сондықтан үш жастан кейін ұл бала өзін әкесімен салыс­тырып өседі. Әкенің қимыл-әрекетін, әде­тін, мінезін өзіне сіңіре бастайды. Әке бойындағы қасиеттерден нәр ала­ды. Сол арқылы тұлға болып қа­лып­­тасады. Сол үшін әр кез мектеп өмі­ріндегі іс-шараларға ұлдарыммен бірге қатысып, еркін пікір алмасу­ларына өзіндік үлесімді қо­сып келемін. Одан бөлек, мектептегі ер балалардың тәрбиесіне де атсалысамын. Жалпы, ұс­таздық жол оңай емес. Мұғалім болу үшін білім де, мінез де болу керек, – дейді ол.


Көпбалалы әке бос уақытын балаларымен өткізеді. Кішкентай ұлдарына ертегі оқып береді, жа­сы үлкен екі ұлына қамшы өруді үйретеді. Сенбі, жексенбі күндері балық аулауға да апарады. Одан бөлек, мектептегі танымдық-тәрбиелік шараларға да атсалысады. Қоғамдық бастамаларға өз үлесін қосып келеді. 


– Осындай іс-шаралар аясында біз балаларға үлгі-өнеге көрсетіп қана қоймай, өзіміз де жан-жақты дамимыз. Жаңа технологияларды меңгеріп, ұлттық құндылықтарымызды на­сихаттаймыз. Қазір көп жерде асық ату, арқан тарту сияқты ұлттық ойындарымыз қалып барады. Ауыл баласы болмаса, қаланың баласы мұндай ойындарды ойнамайды. Біз қашан да жас ұрпаққа жақ­сы үлгі көрсетіп, елдің, жастардың болашағын ойлауға тиіспіз, – дейді ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары