Ақтөбе облысы Шалқар ауданында тұратын Оспановтар әулеті –ұстаздық жолды таңдаған отбасы. Олар үш буын бойы ұстаздық қызмет атқарып келеді. Әулеттің үлкені Оспан Бақов білім беру саласында 40 жылдан аса еңбек еткен. Ол кеңес заманында мектеп-интернат меңгерушісі, партия ұйымының хатшысы, өндірістік бригаданың жетекшісі, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. Оның қажырлы еңбегінің арқасында Қорғантұз орта мектебі аудан, тіпті облыс көлемінде танылған. Зайыбы Шәмшия Бақова ауылда кітапханашы болған. Олар 11 баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеген. Бүгінде Шәмшия әже ұрпағынан тараған немере-шөберелерінің қызығын көріп отыр.
Әке жолын жалғастырып, Шалқар қаласындағы №2 орта мектеп-гимназияда мұғалім болып жұмыс істеп жүрген Еділ Оспановтың айтуынша, ұстаздық – ұлы мамандық.
Ұстаз болу – тек білім беру ғана емес, әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды ашу, онымен дос-сырлас болу.
– Әкеміз 40 жылдан аса уақыт аудандағы Қорғантұз орта мектебінде жұмыс істеді. «Оқу ісінің үздігі» атағын алды, біраз жыл мектеп басқарды. Біз отбасында 11 бала өсіп-өндік. Бүгінде соның бесеуі – мұғалім. Анамыз ортамызда, әкеміз өмірден өтті. Ер балалар арасында мен ғана ұстаздық жолды таңдадым. Қазір 5-11 сыныптарға дене шынықтыру пәнінен сабақ беремін. Осы саладағы еңбек өтілім 30 жылдан асады, – дейді Еділ Оспанов.
Ол 30 жылда көп жетістікке қол жеткізген ұстаз. Оның шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда жүлдегер атанған. Өзі осыған дейін «Ең үздік дене шынықтыру мұғалімі», «Ең үздік мұғалім» атағын алып, министрліктің арнайы «Алғыс хатымен» марапатталған. Жыл сайын облыста тоғызқұмалақтан өтетін жарысқа қатысады. Осыған дейін бірнеше рет жүлдегер болған. Еділ Оспановтың зайыбы Эльмира да №2 мектеп-гимназияда жұмыс істейді. Ол – бастауыш сынып мұғалімі. Оның да ұстаздық қызмет атқарғанына 25 жылдан асқан.
Оспан Бақовтың қыздары да ұстаздық жолды таңдапты. Атап айтсақ, үлкен қызы Венера Бақова математика пәнінің мұғалімі болған. Зейнеткерлікке шыққанша бар өмірін балаларға білім мен тәрбие беруге жұмсады. Сондай-ақ әулеттегі Жадыра мен Анджела Ақтөбе қаласында білім беру мекемелерінде қызмет етсе, үйдің кенжесі Әлия Бақова Шалқар аудандық білім бөлімінде және ауыл мектептерінде директорлық қызмет атқарды. Әулеттің келіндері де мұғалім болып жұмыс істейді. Мәселен, Лариса Бақова Родников ауылында қазақ тілінен сабақ берсе, Сұлушаш Оспанова – Қорғантұз орта мектебінде психолог. Ал Гаухар Ідірісова – логопед-маман.
– Ұстаз болу – жауапты іс. Себебі жас ұрпаққа біліммен қатар жақсы тәрбие де беру керек. Жалпы, ұстаздық жолдың қиындығы көп. Көптің баласын оқытып, тәрбиелеу оңай емес. Біздің әкеміз өз мамандығын жақсы көріп, елге қалтқысыз еңбек етті. Қазір біз де әке жолын жалғастырып, ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырып, қызмет етіп жатырмыз. Әулеттегі жас буын балаларымыз да осы мамандықты жанына серік етіп, халықтың баласына сапалы білім мен тәрбие беруде еңбек сіңіріп жүр. Мәселен, менің үлкен ұлым Орал Оспанов қазір облыс орталығындағы «Ақбөбек» мектебінде математика пәнінен сабақ береді. Сондай-ақ Естай Оспанов Орал қаласындағы «Зерделі» орталығына жетекшілік етсе, Аяжан Оспанова – Назарбаев зияткерлік мектебінде химия пәнінің мұғалімі, – дейді Еділ Оспанов.
Айта кету керек, Оспановтар әулеті 2022 жылы «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, Ақтөбе облысы бойынша бас жүлдені жеңіп алған болатын. Көпке үлгі болған әулетті бүгінде ақтөбеліктер жақсы таниды.