25 қыркүйек күні Түркістан қаласында «Woosong University Kazakhstan» университетінің салтанатты ашылуы өтті. Жаңа жоғары оқу орнының ашылуы – Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы білім және ғылым саласындағы стратегиялық ынтымақтастықты тереңдетудің маңызды қадамы, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші білім беру хабына айналуына бағытталған жобалардың маңыздылығын атап өтіп, шетелдік жоғары оқу орындарының елімізде филиалдар ашуы осы стратегиялық мақсатқа жетудің маңызды бөлігі екенін айтты. Министр атап өткендей, жаңа оқу жылында есігін айқара ашқан «Woosong University Kazakhstan» – осындай табысты серіктестіктің жарқын үлгісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, Үкімет халықаралық білім беру ынтымақтастығын дамыту, шетелдік университет филиалдарын ашу және студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп отыр.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде SeoulTech-пен бірлесіп Жасанды интеллект институты ашылды. Бүгінде Қазақстан тарапы SeoulTech, Woosong, Dong-Eui, KAIST сияқты жетекші кореялық университеттермен тығыз ынтымақтастық орнатып, елімізде алғашқы шетелдік филиалдар мен ғылыми-зерттеу орталықтарын ашып, қос дипломды бағдарламалар мен академиялық алмасу жобаларын іске асырып жатыр.
Салтанатты іс-шара барысында «Woosong University Kazakhstan» директоры Хва Чон Ён университеттің миссиясы, негізгі білім беру бағдарламалары, ғылыми бағыттары және халықаралық серіктестіктері туралы кеңінен баяндады.
Шара аясында құрметті қонақтар университеттің «Тілектер кітабына» қол қойып, жаңа оқу орнының цифрлық кітапханасы, оқу залдары мен заманауи аудиторияларымен танысты. Сондай-ақ студенттермен кездесіп, олардың алғашқы оқу күндеріне сәттілік тіледі.