Жаппай цифрландыру, жасанды интеллектіні кеңінен қолдану еліміздің ұлттық басымдығына айналды – Президент

Жаппай цифрландыру, жасанды интеллектіні кеңінен қолдану еліміздің ұлттық басымдығына айналды – Президент
Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 80-ші сессиясының Жалпы дебатында Қазақстанда мемлекеттік қызмет көрсетудің шамамен 90 пайызы цифрлық форматта ұсынылатын атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Қазақстан жасанды интеллектіні технологиялық жетістік деп қана емес, адамзат прогресіне қозғау салатын зор табыс ретінде қарастырады. Алайда жасанды интеллектіні дамытудың тәуекелдері де бар. Атап айтқанда, ол технологиялық, экономикалық және геосаяси теңсіздіктердің күшеюіне әкеледі. Сондай-ақ этика нормалары бұл эволюцияның соңында қалып қоюына жол бермеуіміз керек.

Әділеттілік, жауапкершілік және адам құқықтарын қорғау мәселелері жедел әрі нақты шешілуге тиіс. Бұл үшін әр ел ЖИ артықшылықтарын пайдалана алатындай ұжымдық күш-жігер қажет", – дейді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан БҰҰ аясында Жасанды интеллектіні басқару бойынша жаһандық диалогтың басталуын қолдайтынын мәлімдеді.

"ЖИ саласындағы қауіпсіздік, инклюзивтілік және адамға бағдарлану міндетті түрде ескерілуі үшін аталған платформа жұмысына белсенді түрде атсалысуға дайынбыз. Қазақстанда жасанды интеллект экономика мен мемлекеттік қызмет көрсетудің барлық секторына енгізіледі. Қазірдің өзінде оны жүзеге асырудың базалық инфрақұрылымы жасақталып жатыр. Дарынды жас мамандарымыз мұны іске асыруға әзір. Біздің стратегиялық мақсатымыз – үш жылдың ішінде Қазақстанды толық цифрланған елге айналдыру.

Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні кеңінен қолдану еліміздің ұлттық басымдығына айналды. Электрондық үкімет ұлттық даму стратегиямыздың негізгі элементі саналады. Мемлекеттік қызмет көрсетудің шамамен 90 пайызы цифрлық форматта ұсынылады. Жуырда Қазақстанда ең қуатты ұлттық суперкомпьютер іске қосылды.

Дегенмен ЖИ мен автоматтандыру көптеген елде жұмыс орындарының қысқаруына әкелуі мүмкін. Сондықтан цифрлық прогресс кәсіптік білім берумен қатар жүргізілуі қажет. Қазақстан жұмыспен қамтуды арттырып қана қоймай, кәсіптік мамандықтардың мәртебесін көтеруді аса маңызды деп санайды», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары