«Тісін стоматологтың көмекшісі жұлған»: Қызылордада ер адам ауруханаға жатқызылды

/
«Тісін стоматологтың көмекшісі жұлған»: Қызылордада ер адам ауруханаға жатқызылды
istockphoto.com

Қызылорда тұрғыны стоматологиялық клиникаға қарсы сотта жеңіп шықты: мекемеден материалдық шығын мен моральдық өтемақы өндірілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ер адам тісін емдету үшін клиникаға жүгініп, қызмет ақысын төлеген. Алайда дәрігер тісті «емдеуге болмайды» деп оны жұлып тастаған. Біраз уақыттан соң науқас қатты ауырып, дене қызуы көтеріліп, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген.

Талапкердің анасы Қызылорда облысы денсаулық сақтау және фармацевтика саласын бақылау департаментіне шағым түсірген. Тексеру барысында медициналық қызметті дәрігер емес, орта медициналық білімі бар стоматолог-ассистент көрсеткені анықталды. Бұл медициналық қызмет көрсету ережелерін бұзу болып шықты.

Пациент сапасыз ем көрсетілгенін айтып, өтемақы өндіруді талап етіп сотқа жүгінген. Сот талапты қанағаттандырып, оның пайдасына 25 мың теңге материалдық шығын және 500 мың теңге моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары