Егін ексең ерінбей, тояды қамбаң тіленбей

Егін ексең ерінбей, тояды қамбаң тіленбей
сурет: istockphoto.com

Ақтөбе облысында егін ору жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Күн суытқанша диқандар облыс бойынша 426,4 мың гектардан дәнді дақыл, 60,3 мың гектардан майлы дақыл, сондай-ақ 6,1 мың гектардан картоп және көкөніс-бақша өнімдерін жинауды жоспарлап отыр.

Биыл егін жинауда ешқандай мәселе жоқ. Шаруалар да, жергілікті билік өкілдері де осылай деп отыр. Қажетті техникалар мен дизель отынының қоры жеткілікті.
Ақтөбе облыстық Ауыл шаруашылығы жә­не Жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Нұрбек Райымбаевтың ай­туынша, қазір өңірде егін жинау жұмыс­та­рына жалпы саны 1,5 мың трактор, 600-ге жуық комбайн, 800 трактор тіркемесі мен 500-ге жуық жүк көлігі жұмылдырылған. Бұдан бөлек, бұл бағыттағы жұмыстарға 7,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны бө­лінген. 
– Биыл шаруашылықтарға дизель оты­ны литріне 250 теңгеден берілді. Бұл на­рық­тағы бағадан 15 пайызға арзан. Ал астық сақ­тау орындарының жалпы сыйымдылығы – 685,1 мың тонна. Оның ішінде астық қа­былдау кәсіпорындарына 381,0 мың тон­на және шаруашылықтардың астық сақтау қоймаларына 304,1 мың тонна өнім сыяды. Бұл көлем жиналатын өнімдерді сақтауға толық мүмкіндік береді. Астық қабылдау кәсіпорындарында мониторинг жұмыстары жүргізілді. Қазір элеваторларда 96 мың тонна астық сақталуда немесе бұл жалпы сыйымдылықтың 25 пайызы. Сондай-ақ эл­еваторлар биылғы егін астығынан 71 мың тон­на астық қабылдады, – деді.
Оның айтуынша, өңірде 15 астық кеп­тіргіш жұмыс істеп тұр, оның ішінде астық қа­былдау кәсіпорындарында – 8, ауыл шаруа­шылық құрылымдарында 7 кептіргіш бар. Барлық астық қабылдау кәсіпорындары газ және дизель отынын пайдаланатын астық кептіргіш машиналармен, жанар-жағармаймен қамтылған.
– Бүгінде облыс аудандарында егін жи­нау жұмыстары қызу жүргізілуде. Қазір ауа райы қолайлы болып тұр. Алдын ала бол­жам бойынша осы ай диқандар үшін жайлы бол­мақ. Дегенмен жан-жақты сақтық шараларын да қарастырған жөн. Биыл ди­қандар 265 мың гектар алқаптағы дәнді да­қылдарды жинап, одан 279 мың тонна өнім алды. Өнімнің орташа өнімділігі – гектарына 11 центнер. Егін ору жұмыстарын осы айдың аяғында аяқтауды жоспарлап отыр­мыз. Барлық шаруашылық күндіз-түні да­мылсыз еңбек етіп жатыр.
Ақтөбе облысындағы астықты аудан­дар­дың бірі – Қарғалы ауданы. Биыл бұл ау­данда 151 мың гектарға ауыл шаруа­шы­лы­ғы дақылдары егілген. Атап айтсақ, ди­қан­дар 111,3 мың гектарға – дәнді дақыл, 12,8 мың гектарға – майлы дақыл, 25,0 мың гек­тарға – мал азығын, 1,38 мың гектарға – картоп, 0,51 мың гектарға көкөніс және бақ­ша дақылын еккен. Аудан бойынша егін жи­нау жұмыстарына шамамен 186 астық ору комбайны, 412 трактор, 161 трактор тір­кемесі және 68 жүк көлігі жұмыл­дырыл­ған.
– 36 шаруашылықты 1 261,8 тонна ди­зель отынымен қамту келісімшарты жа­са­лып, операторлар тасу жұмыстарын жүр­гізуде. Мемлекет басшысы биылғы Жол­дауын­да ауыл шаруашылығы саласына жа­санды интеллект технологияларын ен­гізудің өзектілігін ерекше атап өткен бо­латын. Аталған бастама бүгінгі күні прак­тикалық деңгейде жүзеге асырыла баста-
ды, – дейді Қарғалы аудандық Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас­шысы Тимур Абдуллин.
Оның айтуынша, аталған бағыттағы нақ­ты қадамдардың бірі ретінде аудандағы «Сәт» шаруа қожалығының 53 гектар кар­топ алқабын агродрон көмегімен өңдеуі дә­лел бола алады. Бұл шаруашылық алқапты өң­деу барысында арамшөптерге қарсы «Агро Шанс» гербицидін қолданған. Сон­дай-ақ заманауи цифрлық технологияларды енгізу мақсатында ауданның бірқатар ірі шаруашылықтарында («Актеп», «Дилэнд» ЖШС) ауа райының нақты болжамын көр­сететін метеостансалар орнатылған. Мәсе­лен, «Актепке» орнатылған «Мой Агро» ме­теос­тансасы ауа райының ағымдағы жә­не болжамды деректерін көрсетіп тұр. Ал ірі шаруашылық – «Дилэнд» ЖШС Navistar Asia компаниясынан метеостанса сатып алған. Аталған компания навигациялық жабдықтар бойынша қызмет көрсетеді.
– Қазірге дейін аудан көлемінде жалпы 73,1 мың гектардан дәнді дақыл жиналып, 101,3 мың тонна өнім бастырылды. Орташа өнім­ділік – гектарына 13-14 центнер. Атап айт­сақ, 45 704 гектар бидайдан жиналған өнім көлемі – 59,4 мың тонна, орташа өнімділік – гектарына 13 центнер. Ал арпадан 24 312 гектар алқаптан 34 мың тонна өнім жиналды. Орташа өнімділік – гек­тарына 14 центнер. Сонымен қатар ау­дан бойынша 180 гектар картоп алқабынан 3 780 тонна өнім жиналып, орташа өнім­ділік көрсеткіші гектарына 210 центнерге жетті, – дейді Тимур Абдуллин. 
 «Дилэнд» серіктестігінің басқарушысы Ілияс Рахмановтың айтуынша, биыл шаруа­шылық 4 мың гектар алқапқа майлы дақыл, 20 мың гектарға дәнді дақыл еккен. Қазір өнім жинау жұмыстары қарқынды жүріп жа­тыр. Әр гектардан 10 центнерден өнім алын­ған.
– Серіктестікте 50-ден астам жұмысшы бар. Егін ору жұмыстарына 10 комбайн, 5-6 жүк көлігі, 5 трактор жұмылдырылуда. Өт­кен жылдарға қарағанда биыл өнім кө­лемі аздау болып тұр. Сондай-ақ сапасы да тө­мендеу. Дегенмен жұмысшыларымыз тын­бай еңбек етіп, өнімді жинап алып жа­тыр. Алынған өнімді Мәртөк ау­да­нын­дағы эле­ваторға өткізіп жатырмыз, – дейді ол.   
Өңірдегі тағы бір астықты аудан Мәр­төк­те қазір егін жинау жұмыстары уақы­ты­лы және сапалы жүргізілуде. Аудан бойынша бар­лығы 44 971,5 гектар алқаптан дәнді да­қылдар жиналған. Орташа өнімділік – гек­тарына 12 центнер. Жиналған өнім кө­лемі – 53 936,2 тонна. Оның ішінде 9 580 гек­тары күздік дақылдар болса, 22 мың гек­тары –  бидай, 10 963 гектары – арпа, 470 гек­тары – сұлы, 44 гектары – зығыр. Бұдан бас­қа да дақыл түрлері бар. 
– Егіс науқанына 500-ден астам трактор, 24 егіс кешені, 117 тұқым сепкіш, 71 куль­тива­тор, 20-ға жуық жүк көлігі, 120 трактор тіркемесі тартылуда. Аудан бойынша 2025-2026 жылғы қыстау кезеңіне 90,1 мың тон­на мал азығын дайындау тапсырылған. Бүгін­­де жоспар 101 пайызға орындалып, 91 145,4 мың тонна мал азығы дайындалды. Қа­зір Мәртөк ауданында бір бума шөптің ба­ғасы – 600-700 теңге, ал бір орама шөптің ба­ғасы – 6-7 мың теңге, бір тіркеме шөптің баға­сы – 55-65 мың теңге, – дейді Мәртөк ау­дан­дық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас­шысы Бақытжан Мулькаев.
Биыл ауданда шөп шабу науқанына жалпы саны 1 370 техника жұмылдырылған. Бұл техникалар 47 шаруа қожалықта мал азығын дайындауға атсалысып жатыр.
Мәртөк ауданында егінмен ай­на­лы­са­тын шаруашылықтың бірі – «Дина» шаруа қо­жалығы. Бұл қожалық биыл 4,5 мың гек­тар жерді игерген. Биыл көктемде қожалық 1 200 гектарға бидай, 500 гектарға арпа, 700 гектарға майлы дақыл, 110 гектарға судан шөбін еккен. 
– Биыл 20 тамыздан бастап егін оруға кіріс­тік. Алдымен арпа, бидайды жинап ал­дық. Енді майлы дақылдарды жинап жа­тырмыз. Биыл бидай мен арпадан гектарына 12 центнерден өнім алып отырмыз. Егін оруда ешқандай мәселе жоқ: техникалары­мыз жеткілікті, жанар-жағармай қоры бар. Мемлекеттен лизингке комбайн, трактор, жер жыртатын техника сатып алдық. Бұдан бөлек, қожалық мал шаруашылығымен де айналысады. Қазір мұнда 100 бас жылқы, 400-ге жуық қой бар. Шаруашылығымызда 16 жұмысшы жұмыс істейді. Олардың дені – зейнеткерлер. Қазір барлығына қолайлы жағ­дай жасап отырмыз. Тек басты мәсе-
ле – мамандар тапшылығы. Атап айтсақ, мал дәрігері, малшы, сауыншы керек, – дейді шаруашылық басқарушысы Зәкір Құрманаев.
Өңірдегі егін орып жатқан диқандардың тілегі бір: ауа райының ашық болып, өнімді дер кезінде жинап алу. Көктемнен бері тынбай еңбек етіп жүрген диқандардың қамбасы астыққа толсын дейміз.

Данагүл ҚАЗИХАН,
Ақтөбе облысы

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары