Қостанайдың экс-әкімі Ахметбек Ахметжановтан тәркіленген «Алтын-Саф» мейрамхана кешені сатылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Алтын-Саф» соңғы жылдары бірнеше рет аукционға қойылған еді. 2025 жылдың тамыз айында оны алуға ниеттілер табылды. Бұл нысанның бағалау құны – 256 584 000 теңге.
«Электронды тендердің бастапқы бағасы – 64 146 000 теңге. Кепілдік жарна – 38 487 600 теңге. Қорытынды сату бағасы – 91 362 362 теңге», – делінген хабарламада.
Конкурс шарты бойынша сатып алушы нысанды алған күннен бастап екі жыл ішінде жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, ғимаратқа реконструкция немесе күрделі жөндеу жүргізуге міндетті.
Экс-әкімнен тәркіленген тағы бір мейрамхана – «Метрополь» – мемлекет меншігіне берілген болатын.
Еске салсақ, Ахметжанов «үлкен әкімдік ісі» бойынша сотталған. 2016 жылғы 11 сәуірде ол қатаң режимдегі колонияға 13 жылға бас бостандығынан айырылды.
Кейін сот шешіміне шағымданып, жаза мерзімі 7 жыл 6 айға қысқартылды. Алайда көп ұзамай, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына жарияланған амнистияға ілігіп, жаза мерзімі 4 жыл 10 ай 23 күнге азайтылды.
2019 жылы экс-әкім шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығу және өтелмеген бөлігін жеңіл жазаға, яғни айыппұлға ауыстыру құқығына ие болды. Ол осы мүмкіндікті пайдаланды.
1 сәуір күні Қостанай облыстық сотының алқасы Ахметжановты шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы шешім қабылдады, өйткені ол тағайындалған жазаның негізгі бөлігін өтеп, барлық талап-арыздарды өтеген.