Ғылымнан нәтиже көрер күн қайда?

Ғылымнан нәтиже көрер күн қайда?
сурет: istockphoto.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығы ғылымының жай-күйіне ерекше тоқталды. Бұл тегін емес. Аграрлық сектор – Қазақстан экономикасының негізгі тіректерінің бірі, ал оның болашағы ғылымға тәуелді. 

– Қолданбалы ауыл шаруашылығы ғы­лымын жедел өркендетпейінше, аг­роө­неркәсіп кешенін ұзақ уақыт бойы қар­қын­ды дамыту мүмкін емес. Бірақ бюд­жет­тен қомақты қаржы бөлініп жат­қа­ны­на қарамастан, аграрлық ғылымның қай­тарымы әлі де төмен болып отыр, – де­ді Президент.  
Кейінгі жылдары ғылымды дамыту мемлекет саясатындағы ең маңыз­ды бағыттың біріне айналды. Пре­зи­дент жанындағы Ғылым және тех­но­логиялар жөніндегі Ұлттық кеңес құрыл­ды. Соңғы үш жылда мемлекеттің ғылым са­ласын дамытуға бөлген қаражаты бір­не­ше есе артқан. Мәселен, 2023 жылы – 158,6 млрд, 2024 жылы – 244,2 млрд, ал 2025 жылы 240,2 млрд теңге бөлінген. Са­лыстырмалы түрде айтсақ, ілгерілеу бар. Ғылым академиясының дерегі бойын­ша егер мемлекет жалпы ішкі өнімнің 1 пайыздан көп бөлігін ғылымды қар­жы­лан­дыруға жұмсаса, ғылым дамиды. 
Президент атаған аграрлық ғылымды да­мытуға кейінгі бес жылда бөлінген қар­жы 2,3 есе артқан. 2025 жылы зерттеулерге 50 млрд теңгеге жуық қаражат қарас­ты­рыл­ған. Бұл қаржыға ондаған институт пен орталық жұмыс істеп, жүздеген жо­ба қаржыландырылып отыр. Мемлекеттік «Ғы­лым қоры» арқылы кейінгі жылдары 200-ден астам жоба коммерцияландыруға жі­берілді, 2 мыңнан астам зерттеу жұмы­сы жасалды.
Иә, ғылым дегеніміз мақала, моног­ра­фия жазумен шектелетін нәрсе емес. Зерт­теу жұмыстары экономикаға оң әсер етіп, міндетті түрде коммерциялануы ке­рек. Ғылыми жаңалықтар қағаз бетінде қа­лып қоймай, зауыттан зат күйінде шық­са ғана адамзатқа игілік әкеледі. Алай­да басты түйткіл – осы мил­лиард­тар­дың нақты қайтарымсыздығында. 
Мемлекет басшысы ғылыми әзір­ле­ме­лердің өндіріске енгізілу деңгейінің не­бә­рі 17 пайыз екенін мәлімдеді. Яғни, 100 жо­ба жасалса, 80-нен астамы қағаз күйін­де қалады. Бұл – мемлекет қаржысы қағаз бен есепке жұмсалып жатыр деген сөз. Осыны ескерген Мемлекет басшысы бұ­рын да: «Біз ешкім оқымайтын, қажетсіз жұ­мыстар мен зерттеулерді қаржы­лан­дыруға жол бермейміз. Әрбір ғылыми жұ­­­мысқа қатаң талап қойылуға тиіс. Сон­дай-ақ оның нақты әлеуметтік-эко­но­микалық, өндірістік және техникалық қай­тарымы болуы қажет. Бағдарламалық-ны­саналы  қаржыландыру тек ұлттық ғы­лыми-техникалық міндет тұрғысынан бө­лінуге тиіс», – деген болатын.

Желге ұшқан ақша

Президент айтқандай, қазына қар­жысы ешкім оқымайтын, еш жер­ге жарамайтын зерттеулерге жұм­са­лып кеткені қынжылтады. Биыл мемл­е­кет­тік аудиторлар ғылымды дамытуға бө­лінген бюджеттің қаншалықты тиімді пай­даланылғанын тексерді. Ғылымды қар­жыландыру көлемінің өсуіне қара­мас­тан, ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конс­трукторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұм­салатын шығындардың үлесі төмен екені анықталды. 
Жоғары аудиторлық палата ғылымды да­мытуға бөлінген қаржының 1,7 млрд тең­гесіне қатысты заңсыздықтарды анық­­­тады. Ал 24,2 млрд теңге тиімсіз жос­парланса, 42,5 млрд теңге жөнсіз пай­даланылыпты. Сонда ғылым саласында заңсыздық пен тиімсіздіктің барлығы 68 млрд теңгені құрап отыр. 
Бұдан бөлек, Ұлттық ғылыми кеңес­тер­дің (ҰҒК) жұмысында да заңсыздық фак­тілері байқалған. Мәселен, кеңестер­дің жекелеген мүшелері бір мезгілде қар­жыландырылатын бірнеше жобаға қа­тыс­қан.
– Сонымен бірге ғылыми кеңес мү­ше­лерінің сараптамалық қорытындыларды есепке алмай қабылдаған шешімдері үшін, тиімсіз жобаларды мақұлдағаны үшін, сондай-ақ өздері бұрын мақұлдаған жобаларды қаржыландыруды тоқтатқаны үшін жауапкершілік белгіленбеген, – деп атап өтті аудиторлар.
Жоғарғы аудиторлық палата анық­таған мәселелер мұнымен біт­пейді. Ғылыми конкурстарды ұзақ уақытқа кешіктіріп жариялау, кейбір жағ­дайларда 500 күннен артық кешіктіру фак­тілері тіркелген. Ғылыми-техникалық са­раптама рәсімдерінің мерзімдері сақ­талмайды. Қаражаттың пайдаланылуын және нәтижелерге қол жеткізілуін бақы­лауды қамтамасыз етуге арналған ғылыми жобалардың мониторингі айтарлықтай нә­тиже бермейді. Ескертулер, пысықтау бойынша ұсынымдар немесе жекелеген кем­шіліктері болса да, жобалар одан әрі қаржыландырылып отырған.
– «Ғылым қорын» коммерцияландыру жобаларын іске асыруда да кемшіліктер бар. Аяқталған 42 жоба жоспарлы сату кө­леміне жетпеген, ал 8 жоба бойынша мүлде өнім шығарылмаған. Сонымен қатар жетекші жоғары оқу орындарының жанынан инжинирингтік орталықтар мен технопарктер ашуда қаражатты мақсатқа сай пайдаланбау және сатып алу құнын арттыру фактілері анықталды, – деп мәлімдеді Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі.
Ал Ғылым және жоғары білім ми­нистрі Саясат Нұрбек ғылымды дамытуға бөлінетін қаржыға көңілі толмайтынын айтқан еді.   
– Біріншіден, қазір жалпы ғылым, жо­ғары білім саласын қаржыландыру төмен деңгейде. Жақында шыққан әлем бан­кінің есебіне қарасақ, кейінгі 30 жыл­да бүкіл орта деңгейдегі елдер ғылым, ин­­­­­­новациялардың ішкі жалпы өніміндегі пайызын күрт өсіріп жіберді. Мәселен, Оң­түстік Кореяда 4,7 пайыз болса, біздің ЖІӨ 1 пайызға да жеткен жоқ. Мақса­ты­мыз – қабылданған жеті жылдық тұжы­рым­дамада 2029 жылға дейін бұл көрсет­кіш­ті бір пайызға дейін өсіру. Эконо­мика­лық ынтымақтастық пен даму ұйымының негізгі ұсынысы – ғылымыңызды өлтір­мей, кемінде бір деңгейде сақтағыңыз келсе, ішкі жалпы өнімнен жыл сайын 1 пайыз бөліну керек, – деп мәлімдеген бола­тын министр. 

Ауыл шаруашылығы мамандарға мұқтаж

Жалпы, ғылымның жайынан бас­та­ған әңгімемізді жеке сала – ауыл шаруашылығына қарай бұрсақ. Бұл жақтың да шешімін таппаған мәселесі шаш-етектен. Біріншіден, ғылым мен өн­дірістің арасындағы байланыс әлсіз. Ға­лым­дар көбіне «ғылыми дәреже үшін» зер­ттеу жұмысын жасайды, ал фермерге оның пайдасы аз. Екіншіден, коммер­ция­лан­дыру тетіктерінің кемдігі. Ғылыми жаңа­лық өндіріске жеткенше, патенттеу, сер­тификаттау, қаржыландыру, нарыққа шығару сияқты бірнеше кезеңнен өтуге тиіс. Бізде осының бәрі реттелмеген. Үшін­шіден, шаруалардың ғылымға сенімі тө­мен. «Ғалымның жобасы бізге пайда әке­ле ме?» деген күдік бар. Бұл күдік жойыл­маса, ғылымның нарыққа жолы жабық.
Мамандар қаржыны жай бөлумен шектелмей, нәтижені міндеттей­тін жүйе қажет екенін айтып жүр. Мы­са­лы, ғылымға бөлінген әр теңге ғылыми өнім­ге айналуы керек. Халықаралық тә­жі­рибеде мұны жақсы жолға қойған. Из­раильде әрбір зерттеу бастапқы кезең­нен-ақ фермермен бірлесіп жасалады. Ни­дерландыда ғылыми орталықтар шаруа­­шылықтармен бірлесіп жұмыс іс­тей­ді. Нәтижесінде, ғылыми жаңалық өн­­діріске тез енгізіледі. Қазақстанға дәл осы модель керек-ақ. 
– Ғылыми әзірлемелерді ком­мер­ция­лан­дыру деңгейі 17 пайыздан аспайды. Ал тиісті оқу орындарын бітірген түлек­тер­дің 40 пайызы ғана осы салаға жұмыс іс­теуге барады, – деген Президент ғылым сал­асының тағы бір жазылмаған жарасын атап өтті. 
Ауыл шаруашылығы саласы мықты ма­мандарға мұқтаж. Жыл басында ҰҒА ғалымдары «ғылыми кадр даярлауға қау­қарсыз» деп Ғылым және жоғары білім ми­нистрін сынағаны есімізде. Мұның да бірнеше себебі бар. Біріншіден, жалақы дең­гейі төмен. Кейінгі жылдары ғалым­дар­дың еңбекақысы көтерілді, бірақ ол әлі де мар­дымсыз. Мысалы, PhD дәрежесі бар жас ғалым айына 200-250 мың теңге ала­ды. Бұл қазіргі өмір сүру деңгейіне сай емес. Сондықтан жастар агроғылымнан гө­рі бизнеске, ІТ саласына, медицинаға бет бұрады.
Екіншіден, ғылымдағы тұрақсыздық. Көп­теген жас маман гранттық жобамен жұ­мыс істейді. Жоба бітсе, күнкөріс қайта қиын­дайды. Бұлай жүріп мансапқа қол жет­кізудің де ауылы алыс. 
Үшіншіден, ғалымның әлеуметтік бе­делі төмен. «Ғалым» деген мәртебе бар, бір­ақ ауыл шаруашылығындағы ға­лым­ның қоғамдағы салмағы жеңіл. Кадр тап­шылығының салдары – білікті маман­дар­дың азаюы. Көптеген институттар аға буын ғалымдар жұмыс істеп жүр. Олар­дың орнын басатын жастар аз. Бұл үрдіс жал­ғаса берсе, он жылдан кейін Қазақ­стан­да аграрлық саланы зерттеушілердің қа­тары күрт азаяды. Бұл – елдің азық-түлік қауіпсіздігіне төнген қауіп.
Мемлекет жастардың ғылым саласын­да­ғы үлесін арттыруға барын салғанымен, олардың қызығушылығы әлі төмен. Өйт­кені бөлінетін қаржы мардымсыз. Сон­дай-ақ елімізде магистуратура мен PhD докторантураға түсетін студенттер саны азайған. Бүгінде мемлекеттік грант саны талапкерлерден көп болып, игерілмей қал­ған қаражат мемлекетке қайтарылып отыр. Ал ғылыми дәрежесін қорғай­тын­дардың үлесі тіптен аз екен. Докторан­турада оқитындардың тек 25 пайызы ғана PhD докторы дәрежесіне ие. Өйткені док­торлық дәрежені қорғау талаптары жыл сайын өзгеріп отырады және бұл про­цесс барынша қиындатылған.   
– Біздің AlmaU-да технологияларды ком­мерциализациялау орталығы жұмыс іс­тейді. Бұл орталықтың қызметі бизнес пен зерттеушілерді біріктіру. Зерт­теу­ші­лердің ғылыми нәтижелерін бизнестің сұранысына сай сәйкестендірген дұрыс. Ашы­ғын айтқанда, қазір мемлекеттен қар­жыландырылатын зерттеулердің нәти­жесі қағаз бетінде ғана қалып, нақты биз­нестің, өндірістің сұранысына жауап бер­мейді. Сондықтан біз бизнеске және өн­діріске қажетті, өзекті зерттеулерді жүр­гізу мақсатында осы орталықты ашып отыр­мыз. Жақында Industry Advisory Board Forum, яғни, ғылым мен бизнес ин­теграциясы бойынша форум өткіздік. Осы форумда коммерциализация бойын­ша ғылыми университеттердің альянсын құр­дық. Бұл бастамамызға Ғылым және жо­ғары білім министрлігі қолдау көр­сетті, – дейді Алматы Менеджмент Уни­вер­ситетінің академиялық даму жөніндегі про­ректоры Әсел Арынқызы.
Инновацияға иек артатын ақылды эко­номика құрамыз дегелі бірнеше жыл­дың жүзі болды. Оны жүзеге асыру үшін ірі бизнес өкілдері ғалымдарды қамқор­лық­қа алуы керек. Алайда бізде бұл бағыт көңіл көншітпейді. Ғалымдарымыз ойлап тапқан жаңа технологиялар айтулы жаңа­лық деп тіркеледі де, ұмытылады. Ғылым мен бизнестің өзара тиімді одақ құруына кедергі көп. Көп ретте біздің өнер­тапқыштар өз жаңалығын өндіріске енгізе алмайды, мемлекет қызығушылық танытпаған соң патентін шетелге сатып жіберіп жатады. Бұл да қазақ ғылымына келген зиян. 

Цифрлық технология

– Мен бұған дейін Ұлттық аграрлық ғы­лыми-білім беру орталығын агро­техно­логия хабы ретінде қайта құру туралы тапсырма бердім. Ауыл шаруашылығы ғы­лымын дамытудың нақты жоспары қа­жет. Бұл құжат цифрлық технология­лар­ды қолдануға және осы саланың өнім­ділігін едәуір арттыруға арналған жоспар болуға тиіс, –  деді Президент өз Жолдауын­да.  
Иә, аграрлық ғылымның болашағы – цифрландыруда. Әлемдік тәжірибе соны дәлелдеп отыр. Мысалы, Нидерланды жер көлемі жағынан Қазақстанның бір об­лысына да жетпейді, бірақ ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін экспорттаудан әлемде екін­ші орында. Израильдің климаты шө­лейт, бірақ тамшылатып суару, гендік селек­ция, жылыжай технологияларының арқасында әлемдік көшбасшыға айналды. Бұл елдер ғылымға сүйенді. 
Қазақстанда цифрлық технологиялар енді-енді енгізілуде. Дрон арқылы тыңайт­қыш себу, егістікті спутниктен ба­қы­л­ау, топырақтың онлайн картасы, жасанды интеллектпен өнім болжамын жа­сау әзірге жекелеген шаруашылық­тар­дағы тәжірибе болып отыр. Мемлекеттік деңгейде жүйелі цифрландыру қалыптас­қан жоқ.
Президент тапсырған Ұлттық аграр­лық ғылыми-білім беру орталығын агро­тех­­­нология хабына айналдыру – осы ол­қылықтың орнын толтыруға бағыт­тал­ған қадам. Мұндай хаб ғалымдарды, фер­мерлерді, инвесторларды, стартап иелерін бір алаңға жинауы тиіс. Онда жаңа тех­нология сынақтан өткізіліп, нақты өн­діріс­ке жол табуы керек. 
Халықаралық тәжірибеден үйренетін тағы бір нәрсе – ғылымды шаруа­шы­лық­пен тікелей байланыстыру. Еуропада әр­бір жаңа әдіс фермердің қатысуымен сы­­­нақтан өтеді. Израильде фермерлер мен ғалымдар бірлесіп жұмыс істейді. Біз­де де осылай болуы қажет. Ғалым кабинеттегі зерттеуінен кейін егістік басында жүруі тиіс. Осы тәсіл жүзеге асса, Қазақстанда аграрлық ғылым шын мәнінде экономиканың қозғаушы күшіне айналады.
Ғылымсыз ауыл шаруашылығының болашағы жоқ. Сондықтан Қазақстан үшін аграрлық ғылымды дамыту – экономикалық қажеттілік қана емес, ұлттық қауіпсіздіктің де кепілі.

Мақсұт БАҚТЫБАЕВ, 
«Қазақстан ет одағының» төрағасы: 

Ғылым мен бизнестің байланысын күшейту керек

– Ауыл шаруашылығы ғылымының тиімділігі төмен болуының бірнеше негізгі себебі бар. Біріншісі, ғылым мен өндіріс арасындағы алшақтық. Көп зерттеулер өндіріске енгізілмей, тек қағаз жүзінде қалып қояды. Екіншіден, инновацияның жеткілікті деңгейде коммерцияланбауы. Жаңа сорттар, тыңайтқыштар мен агротехнологиялар нарыққа баяу еніп, шаруаларға қолжетімсіз болып жатады. Үшіншіден, кадр тапшылығы. Ғылыми қызметкерлердің жасы ұлғайып барады, ал жастардың ғылымға қызығушылығы төмен. Бұл жаңа идеялардың азаюына және заманауи әдістердің қолданылмауына әкеледі. Төртіншіден, материалдық-техникалық базаның әлсіздігі. Көптеген зертхана мен ғылыми орталық ескірген құрал-жабдықпен жұмыс істейді. Бесіншіден, аймақтық ерекшеліктерді ескермеу. Ғылыми ұсыныстар кейде нақты өңірдің климатына, топырағына немесе шаруалардың мүмкіндігіне сәйкес келмейді. 
Ал қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету үшін біршама өзгерістер керек. Ең алдымен, ғылым мен бизнестің байланысын күшейту керек. Ғылыми жобалар тікелей шаруашылықтарға пайдалы болатындай бағытталуға тиіс. Бұл ретте нәтижеге негізделген қаржыландыру маңызды. Жобаларға бөлінетін қаражат олардың нақты өнімділікке әсеріне қарай берілуі керек. Сонымен қатар инновацияны коммерцияландыру жүйесін дамытуды қолға алу керек. Ғылыми жаңалықтарды нарыққа шығаруды жеңілдету үшін мемлекет қолдау құралдарын енгізуі қажет. Ал жастарды ғылымға тарту үшін стипендиялар, гранттарды көбейтіп, мансаптық қолдау шаралары арқылы ғылыми салаға қызықтырған дұрыс. Ең маңыздысы, бақылау мен ашықтықты арттыру. Қаражаттың қайда жұмсалғанын тәуелсіз аудит арқылы қадағалау, қоғамға есеп беру жүйесін жолға қою ең оңтайлы шешім болмақ. 
Қорыта айтқанда,  ғылым саласын тұтастай жаңа үлгіге көшіру маңызды. Мысалы, Аустралия бізге өте жақсы үлгі. Онда Қаржы және Ғылым министрлігі зерттеу тақырыптарын ойлап таппайды. Тек салалық қауымдастықтар, мысалы, ет өндірушілер, сүт шаруашылығы, өсімдік өсірушілер қандай зерттеулер қажет екенін айтады. Сол зерттеулерді жасау үшін ғалымдарға немесе басқа компанияларға тапсырыс береді және оған өз қаражатын жұмсайды. Мемлекет болса, бизнес жұмсаған қаржыға тең көлемде қаражат қосады. Бұл – «бірге-бір» қағидасы. Осылайша, барлық мәселе шешіледі. Яғни, мемлекет зерттеу тақырыптарын өзі ойлап таппауы керек. 

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары