Марк Цукерберг Марк Цукербергті сотқа берді

/
Марк Цукерберг Марк Цукербергті сотқа берді
cурет: GETTY

АҚШ-тың Индиана штатында тұратын адвокат Марк Цукерберг әлеуметтік желідегі аккаунттарының қайта-қайта бұғатталуына байланысты Meta компаниясын сотқа берді, деп хабарлайды turkystan.kz nypost.com-ға сілтеме жасап.

Фейсбуктың негізін қалаушымен аттас миллиардермен шатастырылып жүрген заңгердің аккаунты кейінгі 15 жылда бірнеше рет бұғатталған. Оның жеке парақшасы бес рет жабылып, ал мамыр айында заң фирмасының парақшасы төртінші рет өшірілгеннен кейін Цукерберг шамамен 11 мың доллар жарнама қаражатын жоғалтқан.

«Әдетте мұндай жағдайға "жай ғана Фейсбук қой" деп қарайсың, бірақ бұл жолы мәселе бизнесіме тікелей әсер етіп отыр. Мен жаңа клиенттер тарту үшін жарнама ақысын төлеп отырдым, ал олар ақшамды алып, артынша аккаунтымды бұғаттады», – дейді заңгер.

Цукербергтің айтуынша, әр жолы өзінің шын адам екенін дәлелдеу үшін паспорт, жүргізуші куәлігі мен несие карталарының көшірмесін жіберуге тура келеді, ал өтінішті қарауға айлар кетеді.

«Технологиялық тұрғыдан озық компания осындай қарапайым нәрсені шеше алмайтыны – абсурд», – деп қосты ол.

Заңгердің шағымы Индианаполистегі Мэрион жоғарғы сотына берілген. Ол Meta-ны немқұрайдылық пен келісімшартты бұзды деп айыптап отыр.

Meta өкілдері The Post басылымына берген жауабында шағымды алғандарын, қазір қарастырып жатқанын айтқан.

«Әлемде Марк Цукерберг есімді адамдар біреу ғана емес екенін білеміз, мәселенің мән-жайын анықтап жатырмыз», – деді компания өкілі.

Айта кетейік, заңгердің фирмасына адамдар жиі хабарласып, Фейсбук аккаунттарына көмек сұрайды, кейде пошта арқылы да әлеуметтік желі магнатына арналған сәлемдемелер келеді. Тіпті 2020 жылы оны Вашингтон штатының әлеуметтік қызметі қателесіп, қаржы алаяқтығы ісі бойынша сотқа берген.

Цукерберг Meta-дан ақшасын қайтарып, сот шығындарын өтеуді талап етіп отыр.

«Мен олардың мұны қайта жасамауына кепілдік беретін сот шешімін алғым келеді. Әрине, Марк Цукербергтің өзі ұшып келіп, менің қолыма чегімді ұстатып, кешірім сұрауы екіталай», – дейді адвокат.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары