Саяхаттауға ең қауіпсіз 15 қала анықталды

/
Саяхаттауға ең қауіпсіз 15 қала анықталды

Туристерге ең қауіпсіз қалалардың жаңа рейтингі жарияланды. Бірінші орынға Канаданың Монреаль қаласы шықты. Ал үздік үштікті Швейцарияның Цюрих және Нидерландтың Амстердам қалалары толықтырды. Бұл туралы Euronews жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Рейтингті америкалық Berkshire Hathaway Travel Protection сақтандыру компаниясы әзірлеген. Зерттеу барысында АҚШ туристері жиі баратын 38 қала қарастырылған. Сауалнамаға қатысқан 1500-ден астам саяхатшы өздері барған қалалардың қауіпсіздігін бағалаған.

Зерттеушілер туристердің жеке тәжірибесіне қоса Numbeo, The Economist және GeoSure Global сияқты ұйымдардың қауіпсіздік көрсеткіштерін де ескерген.

Нәтижесінде 2027 жылы саяхаттауға ең қауіпсіз 15 қала анықталды. Олардың тоғызы Еуропада орналасқан.

2027 жылы туристер үшін ең қауіпсіз 15 қала:

  1. Монреаль – Канада
  2. Цюрих – Швейцария
  3. Амстердам – Нидерланд
  4. Токио – Жапония
  5. Рейкьявик – Исландия
  6. Осло – Норвегия
  7. Сингапур – Сингапур
  8. Венеция – Италия
  9. Сидней – Аустралия
  10. Гонолулу – АҚШ
  11. Дублин – Ирландия
  12. Копенгаген – Дания
  13. Барселона – Испания
  14. Сан-Франциско – АҚШ
  15. Париж – Франция

Биылғы рейтингте Монреаль айтарлықтай жоғарылаған. Былтыр 16-орында тұрған қала енді бірінші орынға шықты. Сарапшылар мұны қаладағы қылмыс деңгейінің салыстырмалы түрде төмендігімен, қоғамдық көліктің қауіпсіздігімен және туристер үшін қолайлы жағдайлармен байланыстырады.

Ал 2026 жылғы рейтингте бірінші орында болған Исландия астанасы Рейкьявик биыл бесінші орынға түскен. Цюрих үшінші орыннан екіншіге, Амстердам төртіншіден үшінші орынға көтерілген.

Зерттеушілер рейтингтің 2026 жылғы жазда жиналған деректерге негізделгенін ескертеді. Сондықтан бұл тізім қалалардағы қазіргі қауіпсіздік жағдайын толық көрсетпеуі мүмкін.

Сондай-ақ рейтинг әлемнің барлық қаласын қамтымайды. Ол алдын ала таңдалған 38 туристік бағыттың ішіндегі қауіпсіздік көрсеткіштерін салыстыру арқылы жасалған.

Мамандар саяхатқа шығар алдында қаладағы қауіпсіздік жағдайын, жергілікті ережелерді және өз еліңіздің ресми туристік ұсынымдарын тексеруге кеңес береді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары