Кеше Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында бокстан әлем чемпионатының шымылдығы түрілді. Былғары қолғап шеберлерінің арасындағы бұл дүбірлі дода алғаш рет екі жыл бұрын құрылған халықаралық World Boxing федерациясының аясында ұйымдастырылып отыр. Әлемнің 65 елінен келген 550 боксшы 10 күн бойы футболмен тыныстайтын Ливерпульде өзара кім мықтыны анықтамақ. Қазақстан құрамасы барлық 10 келі салмақта сынға түседі. Бокссүйер қауым суперқұрам деп атаған басты команданың 8 боксшысы түрлі жарыста топ жарып, биылғы басты додаға баруға лайық саналса, 2 спортшы Алматы облысында өткен оқу-жаттығу жиыны кезінде спарринг кездесулер арқылы таңдалды. Сонымен, көпшілік асыға күткен жаһандық бәсекеде ел намысын қорғайтын боксшылар мен олардың басты қарсыластарына шолу жасағанды жөн көрдік.
Жалпы, саны 25 боксшы шебер-лік байқасатын 50 келіге дейінгі сайыста Қазақстан атынан 2023 жылғы әлем чемпионы, 2022 жылғы Азия чемпионы Санжар Тәшкенбай шаршы алаңға шығады. Бұл салмақта былтыр 23 жасқа дейінгі Еуропа чемпионатында жеңіске жеткен ирландиялық Луис Руни мен 2022 жылғы Еуропа чемпионы, дәл сол жылы чемпионатының қола жүлдегері атанған испандық Мартин Молина секілді мықтылар бокстасады.
Ал 55 келіде жанкүйерлер арасында қазақтың Ломаченкосы атанып кеткен 2023 жылғы әлем чемпионы, 2024 жылғы Азия чемпионы Махмұд Сабырхан ел намысын қорғамақ. Махмұдтың басты қарсыласы – Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, Панамерикалық ойындардың жеңімпазы, Доминика Республикасының басты үміті – 21 жастағы Жуниор Алькантара. Одан бөлек, 2019 жылғы әлем чемпионы өзбекстандық Миразизбек Мирзахалилов та – алтын жүлдеге басты үміткерлердің бірі.
60 келіге дейінгі салмақта құрама сапында кімнің күш сынасатыны Алматы облысындағы оқу-жаттығу жиынында белгілі болды. Жолдама сарапқа салынған спарринг кездесуде жастар арасындағы Азия чемпионы атанған жамбылдық жас өрен Бейбарыс Жексен әлем, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, 2020 жылғы Токио Олимпиадасында бақ сынаған, 27 жастағы тәжірибелі Серік Теміржановтан басым түсіп, ел намысын қорғауға лайық деп танылды. Көпшілік техникалық тұрғыда сауатты бокстасады деп жарыса жазған Бейбарыс Жексеннің дебюттік әлем біріншілігінде қарымды қарсыластары жетерлік. Бұл салмақтағы басты фаворит Париж Олимпиадасының чемпионы, әлем және Азия чемпионы деген дардай атағы бар өзбекстандық Абдумалик Халоков екені айдан анық. Сарапшылар әлемдегі техникасы ең мықты боксшы деп атаған Халоков – бұл салмақта алтын жүлдеге басты үміткер. Халоковпен қатар, Париж Олимпиадасына жеке бапкерсіз барса да, күміс жүлдені қанжығасына байлап, көпшіліктің көзайымына айналған қырғыз спортшысы Мұнарбек Сейітбекуулу әлем чемпионы атағы үшін таласқа түспек.
Жаһандық доданың жолдамасын кім иеленетіні спарринг кездесуде шешілген екінші салмақ – 65 келі. Шешуші айқаста әлем кубогы кезеңінің қола жүлдегері, 27 жастағы Ертуған Зейнулинов былтыр Париж Олимпиадасында ширек финалға дейін жеткен, көпшілікті айрықша жұдырықтасу мәнерімен таңғалдырған 21 жастағы Мұхамедсабыр Базарбайұлынан айласын асырып, Ливерпульге аттанған боксшылар қатарына қосылды. Нағыз тартысқа толы, кілең мықтылардың өзара күш сынасатын санаты деп дәл осы келіні айтуға болады. Мұнда 63,5 келіде 2024 жылғы Олимпиада чемпионы атанған кубалық Эрисланди Альварес пен дәл сол Олимпиадада 71 келіде ешкімге дес бермеген, 2023 жылғы әлем чемпионы өзбекстандық Асадхужа Муйдинхужаев секілді тегеурінді боксшылар қолғап түйістіреді. Одан бөлек, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Еуропа чемионатында 2 рет күміс медаль иеленген грузиялық Лаша Гурулиды да есептен шығармаған абзал.
70 келіге дейінгі салмақта туған ағасымен қатар ересектер арасында өз мықтылығын дәлелдеп жүрген Төрехан Сабырхан ел мерейін асқақтатпақ. Қоржынында жастар арасындағы әлем чемпионы, жастар арасында үш дүркін Азия чемпионы деген атағы бар Төрехан – өз салмағының басты фавориті. Болашағынан үміт күттірер 19 жастағы қарымды боксшы бұл байрақты бәсекеде әлем чемпионы, 2023 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы, Жапония құрамасының нөмірі бірінші боксшысы Севон Окадзава мен 2021 жылғы әлем чемпионатында жеңіске жеткен украиналық Юрий Захареевтермен бірге чемпиондық атаққа таласатын болады.
Ал 75 келіде ағылшын жерінде ел тұғырын биіктетуге лайық деп 2021 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы, Астанада өткен Әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы Сабыржан Аққалықов танылды. Жанкүйерлер «универсал» деп атайтын Сабыржанның салмағында 2023 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы, бәсеке көркі қызып тұрған Өзбекстан құрамасынан Әзербайжанның басты командасына ауысқан Саиджамшид Жапаров – фавориттер қатарында. Бұл қатарға Олимпиаданың алғашқы кездесуінде Нұрбек Оралбайды нокдаунға түсірген, адуынды аустралиялық атлет Каллум Питерсті қосыңыз.
80 келіге дейінгі санатта 2024 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, әлем чемпионы Нұрбек Оралбай кезекті рет Қазақстан намысын қорғамақ. Бәсі биік бәсекелер өтуге тиіс саналатын бұл салмақта 2021 жылғы әлем чемпионы Рахим Гонсалес (АҚШ), 2023 жылғы әлем чемпионатының әрі Панамерикалық ойындардың күміс жүлдегері Вандерлей Перейра (Бразилия), 2024 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Сезар Йожерлин (Франция) мен әлем кубоктерінің жеңімпазы Жавохир Умматалиевтер (Өзбекстан) Нұрбекпен бірге өзара кім мықтыны анықтайды. Отандасымыздың Олимпиаданың күміс жүлдегері деген атағы оны бұл салмақтың басты фавориттерінің бірі екенін айқындап тұрғаны айтпаса да түсінікті.
Көпшілік күткен 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 2019 жылғы әлем чемпионатының финалында екі дүркін Олимпиада чемпионы, бес дүркін әлем чемпионы, әйгілі Хулио Ла Крузды сұлатып түсірген, 2024 жылғы Азия чемпионатының жеңімпазы Бекзад Нұрдәулетов Қазақстан атынан жарысқа араласады. Кәсіби бокстан құрамаға қайта оралған құрамадағы ең тәжірибелі боксшылардың бірі саналатын Бекзадтың басты қарсыластары – 2022 жылғы Еуропа чемпионы Георгий Кушиташвили (Грузия) мен Странжа кубогінде Бекзадтың өзі нокаутқа түсірген өзбекстандық Акмолжон Исроилов (Өзбекстан).
90 келіге дейінгі салмақта құраманың бірінші нөмірі болуға лайық деп саналған 2024 жылғы Азия чемпионы, Азия ойындарының қола жүлдегері Сағындық Тоғамбай кеше кешке рингке шықты. Құрама сапында көптен бері жүрген, әбден ысылған Сағындық алғашқы кездесуінде шаршы алаң иесі, әлем кубогінің күміс жүлдегері, ұлыбританиялық Исаак Окохқа қарсы жұдырықтасты. Бұл салмақта да бәсеке көркі қыза түсетінін айдан анық. Кубадағы бәсі биік бәсекелестіктен үнемі көлеңкеде қалып жүрген, 2017 жылы Әзербайжан құрамасына ауысқан былғары қолғап шебері Лорен Альфонсо – чемпион атануға басты үміткерлердің бірі. 2020 жылы Токио Олимпиадасында қола жүлдені місе тұтып, араға 4 жыл салып, 2024 жылғы Париж Олимпиадасында күміс жүлдегер атанған, әлем чемпионы деген атағы тағы бар кубалық расында да, бұл салмақтың көшбасшысы саналады. Тағы бір көшбасшы деп Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, 2021 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері испандық Эммануэль Рейесті атауға болады. Боксты бұрыннан бақылап жүрген жанкүйерлерге испандықтың есімі жақсы таныс. Эммануэль Рейес 2020 жылғы Рио Олимпиадасында құрамада алтын жүлдеге үміткердің бірі саналған отандасымыз Василий Левитті нокаутқа түсіріп, оны жарыс жолынан ығыстырып жіберген-тін. Бұл екі тегеурінді боксшымен қатар жүлдегерлер қатарынан көрінуі мүмкін боксшы ретінде Азия ойындарының қола жүлдегері, өзбекстандық Турабек Хабибуллаевтың есімі де жиі аталып жүр.
«Алыптар айқасы» саналатын +90 келіге дейінгі салмақта құрама капитаны, 2024 жылғы Азия чемпионы, Астанадағы Әлем кубогі кезеңінің жеңімпазы Айбек Оралбай ел атынан сынға түспек. Ең қызығы, әлем чемпионатының қарсаңында екі дүркін Олимпиада чемпионы, бес дүркін әлем чемпионы (2011, 2013, 2015, 2017, 2021), атынан ат үркитін кубалық Хулио Сезар Ла Крус салмағын ауыстырып, әлем жұртшылығын таңғалдырды. Алтыншы рет әлем чемпионы атағын иеленуге күш салатын Ла Круске қарсы әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, әзербайжандық Мохаммад Абдуллаев пен 2024 жылғы Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері испандық Аюб Гхадфа бокстасады. Испандық боксшыны да біздің жанкүйерлер жақсы таниды. Аюб Гхадфа былтыр Париж Олимпиадасындағы алғашқы жекпе-жекте Қамшыбек Қоңқабаевты жарыс жолынан тайдырып, сенсация жасаған-тын.
Әзірлеген
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ