Төлен Әбдік: Әдебиеттің өзегі – гуманизм

/
Төлен Әбдік: Әдебиеттің өзегі – гуманизм

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы бірлесіп, «Классик ұстаханасы» атты жаңа жобаны қолға алды. Жобаның алғашқы қонағы, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Тозақ оттары жымыңдайды», «Өліара», «Ақиқат», «Парасат майданы», «Оң қол», «Әке» секілді сүбелі шығармалардың авторы Төлен Әбдік «Жазушы лабораториясы» тақырыбында лекция оқыды. «SINTEZ» театрында өткен кездесуге лектордың әңгімесін тыңдауға зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, журналистер және жазушы шығармаларын сүйіп оқитын студенттер қатысты. 
Бір жарым сағатқа созылған кездесуде айтылған әңгімені ықшамдап ұсынып отырмыз.

Актер, спортшы, домбырашы болғым келді...

Айналайын жастар, қадірлі оқырман. Бүгін бұрын болмаған жиын өткелі жатыр. Қа­зір адам мен адамның кездесуінің өзі бір үлкен ғанибет. Өйткені адамның өмірге көз­қарасы, білімі, қоғам туралы ой-тол­ға­мы диалог арқылы, пікірлесу арқылы қа­лып­тасады. Жұртшылықтың көбі білім тек кі­тап оқу арқылы келеді деп ойлайды. Олай емес. Адамның жан дүниесін  араласу, сұх­баттасу қалыптастырады. Сондықтан осы кез­десуді ұйымдастырып отырған жігіт­тер­ге үлкен рахмет айтамын.
«Жазушы лабораториясы» деген не? Со­ған аздап тоқтала кетейін. 
Мен әдебиетке қалай келдім? Әдеби ор­та қандай болды? Әдеби принциптерім қан­дай еді? Өмір туралы көзқарасым қалай қа­лыптасты? Сол туралы айтқаным жөн шы­ғар деп отырмын.
Бұған дейін талай мәрте сұхбат бердім. Та­лай кездесулер өтті. Сондағы айтылған әңгімелер қайталануы да мүмкін.
Әдебиетке келуіме тікелей әсер еткен дү­ние кітап болды. Бала кезімде кітапты көп оқыдым. Кітап оқудың пайдасы зор. Әде­биетті оқыған адам мәдениетті, өнерді тү­сінеді. Жақсы мен жаманды айыра алады. Өзі­нің жан дүниесіндегі көптеген сұраққа жауап іздеуді үйренеді. Бала кезден өзі­міз­дің әдебиетпен қоса, қазақ тіліне ауда­рыл­ған шетел әдебиетін түгел оқуға құштар бол­дым. Ондағы әрбір кітап, әр шығарма ме­ні қатты таңғалдыратын. Бала кезде адам са­насы балқыған қорғасын секілді ғой. Өмір туралы көзқарасың толық қалып­тас­па­­ған, әділет, мейірім, ізгілік деген не еке­нін де толық түсінбеген кез. Кітап оқу ба­ры­сында сол ұғымдарды түсінесің. Жақ­сы­лық­қа қуанып, жамандыққа жаның ауы­рады. Сөйтіп жүріп көзқарасың қа­лып­та­сады. 
Жоғары сыныпта оқып жүргенде өлең, қа­бырға газеттеріне мақала, әңгіме жазып жүр­дік. 
1959 жылы Алматыға келдім. Оқуға түсу үшін. Филология факультетіне тапсы­рып, түсе алмай қалдым. Өйткені ол кезде жо­ғары оқуға түсу үшін екі жылдық еңбек тә­жірибең болуы керек. Келер жылы қайта келіп тапсыруым керек. Мен ауылға бар­май, Алматыда қалып кеттім. Ауылда еш­теңе көрген жоқпыз. Ол кезде ауылда күн­­делікті тірліктен басқа көрер ештеңе жоқ.
Қалада бәрі бар. Менің актер де, дом­быра­шы да, спортшы да болғым келді. 
Бір жыл бойы домбыраға бардым. Ал­матыда Мәдениет үйінде домбыра үйірмесі бар еді. Оны Құрманғазы оркестрінің дом­быра­шысы Сапар Мұхитов басқаратын. Әй­гілі Мұхиттың ұрпағы. Жақсы дом­быра­шы еді. Бір жыл бойы күй үйрендік. Одан кейін спортқа, еркін күреске қатыстым. Екі жа­рысқа қатысып, екеуінен де 1-орын алдым. Екінші дәрежелі спорт шебері деген атақ­қа қол жеткізіп, университетке соны­мен оқуға түстім. 


Менің әуестігім онымен біткен жоқ. Бая­ғы Мәдениет үйінде актерлікке бау­ли­тын үйірме бар еді. Оның жетекшісі Қабан Қармысов деген кісі екен. Сол үйірмеге жа­­­зылдым. Кейін бізді телевидениеге ауыс­тырды. Сонда Сәлима Естемесова деген ре­жиссер бізден емтихан алып, бір спек­такльде ойнауға кірістім. Спектакльде үш адам ойнайды: басты рөл және оның ға­шы­ғы, одан бөлек үлкен әженің рөлі бар. Бас­ты рөлге мен бекітілдім. Енді қасымда ой­най­тын қыз керек. Режиссер: «Сажида Ах­метова деген бір керемет әнші қыз бар. Ак­терсің ғой, соны тауып, спектакльге алып кел», – деді. Ол Алматы Қыздар инс­ти­тутын бітіріп, кітапханада жұмыс істеп жүр екен. Әзер іздеп таптым. Мен жөнімді ай­тып едім, менсіне қоймады. Содан кейін: «Сіз әншісіз. Халыққа танылуыңыз керек. Спек­такльде ойнасаңыз, тыңдарман таба­сыз. Ел сізді танитын болады» дедім. Оған да көнбеді. Ақыры, бізбен бірге Сәбира Май­қанова ойнайды деп ем, сонда барып: «Онда барайын» деп келісті. Содан спек­такльге кірісіп кеттік.
Сәлима апай өте қатал еді. «Читка» де­ген болады. Спектакльге дайындық кезінде пье­саны оқимыз. Егер бір жерінде фальш жі­берсек, столды тарс еткізіп, қайталап айт­қызады. Өзінің қырылыспайтын адамы жоқ. Оператормен де, басқалармен де ұр­сы­сады. Ақ тер, көк тер болып жүріп, ақы­ры спектакльді дайындадық. 1961 жылы қыр­күйектің 4-і яки 5-інде экранға шық­тық. Содан әбден түсірілім бітіп, өзінің де ойы­нан шыққан соң Сәлима апай отыра қап жылады. Стресс қой. Ең қызығы осы спек­такль деп елге бара алмай қалдым. Бас­қа балалар түгел барған. Мен үйдегі жал­­­ғыз бала едім. «Басқа балалар түгел кел­ді. Мына Төлен жоқ. Бұл не деген масқара?» деп біраз әңгіме болады. Қабдығали деген аға­мыз бар еді, соны Алматыға жұмсайды. «Қай­дан болса да Төленді тауып алып кел» дей­ді. Ағамыз Алматыға келгенмен мені та­ба алмайды. Қалада ешкімді танымайды, қай­дан іздейді? Бір танысының үйінде ер­тең кетейін деп жатса, шағын телевизор қо­сулы тұр. Соны қараса, біздің спектакль жү­ріп жатыр екен. Қараса «Төлен Әбдіков» де­ген фамилия шығады. Аты ұқсас біреу екен деп ойлапты. Көрсе, телевизорда мен жүргенмін ғой. Ауылға барып мән-жайды айт­са әке-шешем: «Ойбай, біздің ұл қайдағы бір жынойнақта  жүр екен ғой» деп, мені ауыл­ға қайтарып аламыз деп дүрлігіпті. Сон­дай бір оқиға болғаны есімде. Бала ке­зім­дегі оқиғалардың бір парасы осындай.

«Оң қол», «Қонақтар» және басқа әңгімелер туралы

Сонымен университетке түстік. Бәрі де әде­биетке құштар екен. Менімен бірге оқу­ға Дүйсенбек Қанатбаев, Әнес Сараев, Бек­сұл­тан Нұржекеев, Қажығали Мұхамет­қа­лиев, тағы басқа талантты топ түсті. Бұл алы­пысыншы жылдар ғой. Ол жылдардың бір ерекшелігі, күллі Совет одағы кеңіс­ті­гін­де ояну процесі жүрді. Өмірге, қоғамға кү­дікпен қарау, кейбір істерге наразылық, өмір туралы принциптеріміз дұрыс па, бұ­рыс па деген көзқарас белең алған шақ. Мұн­дай көңіл күй Қазақстанда ғана емес, тұ­тас Одақ көлемінде белең алды. Мәскеу­ден басталды. Орыс қаламгерлері осы ойды тұтатты. Ары қарай бізге жетті. Сол кезде әлем әдебиеті бізге жете бастады. Әлемнің та­­нымал жазушылары мен философ­тары­ның шығармаларын оқи бастадық. Хе­мин­гуэй, Ремарк, Стейнбектердің романдары, фи­лософ жазушылар Сартр мен Камюдің шығармалары жетті. Соларды оқу үрдісі басталды. Ой бостандығы, сөз бостандығы қа­жет екенін ұғына түстік. Адам мен адам­ның, халық пен халықтың тең екенін, олар­дың құқығы бірдей екенін ұға баста­дым. Бізден бұрынырақ Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауиндер болды. Солармен ара­ласып, әдебиет туралы жиірек талқы жүр­гізетін болдық.
Біздің курстан бес адам мемлекеттік сый­лық алды. Қабдеш Жұмаділов үшінші курс­тан бастап бізбен бірге оқыды. Төрт-бес жас үлкендігі бар еді. Қытайға кетіп, кейін Қажытай Ілиясов екеуі көшті бастап бері өткен. Жұмаділов, Сараев, Нұржекеев, Мұ­қаметқали және мен Мемлекеттік сый­лыққа ие болдық. 
Үшінші курста «Райхан» деген тұңғыш әң­гі­ме жаздым. «Таңғы шық» деген жас жазу­шылардың жинағына шықты. Жазушы болдық деп ойладық. Сөйтсек, олай емес екен. Алғашқы шығармаларда өзіңнің се­зін­геніңді жазасың. Бірақ қашанғы өзіңді жа­за бересің? Енді өзгелерді жазуың керек екен. Олардың тағдырын, қуанышын, мұңын түсінуің керек. Зерттеуің керек. Осы­дан кейін «Қонақтар» деген әңгіме жаз­дым. Балалары оқуға кеткен ауылдағы адам­дар туралы. Баласы оқуын оқып, қыз­метке тұрып, ауылына жылына бір рет ке­леді. Немерелерін ауылға жолатпайды. Өйткені олар қазақша білмейді. Ұрпақтар ара­сындағы, әке мен бала арасындағы қай­шылық. Ауылдағы қарттар немерем болса, шөбере сүйсем деп ойлайды. Ал баласы ұрпа­ғын орысша оқытып, өзге болуға ұм­ты­лып жүр. Бұл әңгімем шыға салып, оқу­лыққа енді. Өйткені сол кездегі өзекті мә­селе еді. 
Мені елге танытқан, оқырманға әсер ет­кен әңгімем – «Оң қол» болды. Бұл әңгі­мем соншалықты көп оқылатын шығарма болады деп ойлаған жоқ едім. Ол шақта Ба­тыс, Шығыстың бәрін оқып, қиялымыз ер­кін шарықтап жүрген кез ғой. Мұндағы басты идея – адам санасының тазалығы тура­лы. Адам психикасының құпиясы мол ғой. Психологияны, философияны көп оқып жүргенбіз. Сол оқығандарымды негіз етіп, осы әңгімені жаздым. Оқиға бір адам­ның бойындағы зұлымдықтың оның ұр­пағына, айналасына апат әкелетіні туралы еді. Бірақ оқырман басқаша қабылдады. Бірінші қабат адам ойын таза ұстау керек, сонда қасіреті болмайды деген идея еді. Оқыр­ман оны кейінге ысырып, қыз бен жі­гіт арасындағы сүйіспеншілікті негізгі қа­батқа шығарды. Сондай да қызық бо­лады.
Бұл әңгімені әдеби орта «қорқынышты екен» дегеннен ары талқыламады. «Жалын» журналында істейтін кезім еді. Сафуан Шаймерденов келді. Өзі мінезді, тентектеу адам болатын. Сол кісі кіріп келді де: «Сен­дерде ұят бар ма? Пәленшенің жүлде алған әңгімесін неге баспайсыңдар?» деп дүрсе қоя берді. Менің де жас кезім. «Менің мұнда іс­тегеніме бес жыл болды. Енді қанша уа­қыт істейтінімізді кім білсін?.. Кімді басу керек екенін біз де білерміз» деп қалдым. Аға­мыз ашуланып, есікті тарс жауып шы­ғып кетті де, Бас редактор Тұманбай Мол­да­ғалиевке барып мені жөн білмейтін жігіт екен деп сыбапты. Содан бастап Сафуан аға екеуміз қырбайлау болып жүрдік.
Көп өтпей әдеби жыл қорытындысы өт­ті Одақта. Бәріміз жиналдық. Жас жазу­шы­лардың шығармалары туралы баян­да­маны Сафуан Шаймерденов жасайды екен. «Мені сынайтын шығар» деп дайындалып отыр­дым. Мінберге көтерілген Сафекең басқа әңгімелерді айтып келіп: «Төлен Әбдік деген жазушы бала бар екен. Өзін онша білмеймін. Кекірейіп жүреді. Осының тас-талқанын шығарайын деп бір әңгімесін оқыдым. Екі әңгімесін оқыдым. Бұл бала мені жеңді» демесі бар ма? «Оң қолды» мақ­тады. Жылы лебізін айтты. Мен сынауға дайындалып отырғандықтан ба, мақтауға дайын емес екенмін. «Оң қолды» бірінші рет мынау керемет әңгіме екен деп елге жар салған сол ағамыз болды. 

«Тозақ оттары жымыңдайды» қалай жазылды?

Бұдан кейін «Ақиқатты» жаздым. Ол кез­дегі әдебиет туралы түсінік бөлек еді. Өз ауы­лыңды, ұлтыңды, өзіңнің күндегі өмі­ріңді жаз, содан ұзама дейтін. «Ақиқат» – таза философиялық шығарма. Ол шақта әлем­дік философияны індете оқып жүр­ген­біз. Әлем әдебиетіндегі философ жазу­шы­лардың шығармаларын да жата-жас­тана оқимыз. Ғылым қайда бара жатыр, адам­ның ертеңі не болады деген сұрақ бәрі­мізді толғандыратын. 
Ал «Тозақ оттары жымыңдайды» ұлт тағ­дырына алаң көңіл кезде туған. Совет одағы ыдырайды деген түсінік жоқ еді. Сонда біздің ұлтымыз осы күйі құрып кете ме деген көңілде алаң болды. Халықтың жағдайы өте ауыр болды. «Тың игеру» деген желеумен сырттан қаншама халық келді. Қазақстандағы қазақтардың саны 28,9 процент қана болып қалды. Қаншама ба­сылымдар, қаншама мектептер жабылды. Осы­ның бәрін өз көзімізбен көрдік. Осын­дай үдеріс маған ой салды. «Біз енді ел болудан қалатын шығармыз, бұл халықты енді қайтіп құтқаруға болады» деген ішкі күйзеліс саналы ұрпақты ойландырғаны шын. Өз халқыңның империя қасіретін тартып жатқанын ашық айта да, жаза да алмайсың. Енді қайткен дұрыс? Ойлана келе, бізден басқа да империялардың езгісінде отырған халықтар бар ғой, солар арқылы тағдырларымыз ұқсас екенін тұс­палдап жеткізейін деп, Америка үндіс­терінің тарихын зерттей бастадым. Бра­зилиядағы үндістердің бір тайпасын алып, сол туралы жаздым. Бұл шығарманы жазу маған қиынға соқты. Олардың өмір салтын, табиғатын, жер ерекшеліктерін білмеймін. Бір жыл бойы көп кітап оқыдым. Көп ізден­дім. Ақыры, осы шығарма дүниеге келді.
Бірінші Қажығали досым оқып шықты. Ол Мұхтар Мағауинге беріпті. Мағауин қатты риза болып, мақтады. Бірақ ешбір жур­нал баспады. Ешкім ештеңе деген жоқ. Ешбір сыншы мына шығарманың айтпақ ойы осы деген жоқ. Бұл жағдай менің көңі­ліме ауыр тиді. Сонысы да дұрыс болды... Егер бұл шығарма туралы  көп әңгіме болса, не болар еді деп ойлаймын. Одан бері жарты ғасырдан артық уақыт өтті. Осы күні оқырмандар «Тозақ оттары жымың­дайды» туралы жиі айтады. Сосын жақсы дүние бәрібір жерде қалмайды екен ғой деп ойлаймын. Сондықтан жастар өзінің жақсы көрген, ойлаған дүниесін істеуі ке­рек. «Жұрт не дейді? Ел қалай қарайды» деп жазуға болмайды. Жаз! Сені түсінетіндер табылады. Бүгін оқылмаса, ертең оқылады. Жаңашылдықтан, жаңа тақырыптан қаш­пау керек.

«Бас сүйек» пен «Өліара»

Алғашқы жинағымды әзірлеп, баспаға өткізген едім. Бір повесім артық болып, алып тастады. Өйткені бекітілген көлемнен ар­тық екен. «Жазушы» баспасында Қабдеш Жұмаділов редактор болатын. Менің кіта­бым соның қолына тиіпті. Ол шақырды да: «Дүйсенбіге дейін бір әңгіме жазып кел. Ке­шік­тіруге болмайды» деді. Үш-ақ күн қал­ған еді. Сол кезде қатты қиналдым. Ойым­да жүрген бір әңгіме бар еді. Соны жазу үшін Махамбеттің бас сүйегін зерттеп жүрген дәрігер, антрополог Ноэль Шаях­метовке бардым. Онымен Махамбеттің бас сүйегі туралы әңгімелестім. Көр-жерді айттық. Түнде жаза алмадым. Жексенбі болды. Күндіз ұйықтап, түнімен отырып жазуға кірістім. «Бас сүйек» солай жазылды. Дүйсенбі жұмысқа барып, әңгімемді тергі­зіп, түстен кейін Қабдешке апарып бердім. Асықпай жазуым керек еді деген ой болды. Кітап шықты. Басқаларға асықпай жазған­дарымнан гөрі, «Бас сүйек» қатты ұнапты. Мағауин де сол әңгімең жақсы екен деді. Осын­дай жағдай «Өліара» романын жазған кезде болды. Кітап баспадан шығуға бекі­тілген. Әлі 100 бетке жуық жазуым керек. Уақыт тығыз. Сәл сырқаттанып, уақытты өткізіп алған едім. Еңбекақысыз демалысқа шықтым да, шығармашылық үйіне кеттім. Күні бойы демалып, ұйықтаймын да, түнгі сегізден таңғы сегізге дейін жазамын. Кейде он, кейде он бір-он екі бет. Сөйтіп, бас-аяғы оншақты күннің ішінде романымды аяқ­та­дым. Сонда менімен бірге Әнуар Әлімжа­нов та сонда демалды. Ол кісі күндіз ұйықтап жатқан мені көріп: «Мынау түнімен серілік құрған жігіттің жатысы ғой» дейтін. Мен жазуға ойымдағы шығар­маны толықтай пісіріп, деталь, сюжет, композициясын жүйелі құрып алмай, отыра алмаймын. «Өліараның» соңы солай түйінделген болатын. «Парасат майданы» да ұзақ толғаныстан туды. Алғаш «Таңшол­пан» журналында жарық көрді. Әбең – Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыздың журналы ғой. Жазып біткен соң беріп жібердім. Жігіттер журналға жарияланғанын айтты. Мен Әбең не дер екен деп күтіп жүрмін. Ол кісі­ден хабар жоқ. Бір күні түнгі он екі ша­ма­сында телефон соқты. Көтерсем, Әбең екен. Шығармамды мақтады. Содан бастап ол кісімен жақсы араластық. Сырлас бол­дық.
Біздің буын таланттан кенде болған жоқ. Дулат Исабековтің жаратылысы бөлек еді. Екеуміз дос болдық. Әзіліміз де жара­сатын. Жас кезінде жазған «Дермене», «Сүйек­ші», «Тіршілік» атты үш повесі қан­дай?! Бірінен-бірі өтеді. Әлемдік прозаның айтулы шығармаларынан кем емес. Мұқа­ғали Мақатаевтың «Сүйекші» повесін оқып, «Кеше мен жыладым» дегенін өз құлағым­мен естігенмін.  

Тирандарды дәріптеуге болмайды

Мықты ел болу үшін гуманизмді дәріп­теуіміз керек. Гуманизм – ізгілік. Әдебиет те – ізгіліктің жемісі. Гуманизм адамның өмі­рін, қадір-қасиетін бірінші орынға қоя­ды. Гуманизм әділетсіздікті, қатыгездікті, тирандарды айыптайды. Мифке сенуді, аңыз­ға үйір болуды доғарған жөн. Сон­дықтан бүгінгі ұлттық идеямыз гуманизмді бағ­дар етуі керек.  Егер сен агрессорды дә­ріп­­­тесең, тарихи тирандарды ата-бабам еді деп көкке көтеретін болсаң, онда басқа жолға түсесің. Фашизм қайдан тұтанды? Өзі­нің тирандарын көкке көтеруден. Агрес­сияны теріске шығармау – оны қол­дау. Кеңес одағы нені дәріптеді? Орыстар ұлы халық, олардан артық халық жоқ, оның тарихы бай, тілі ерен дегенді жиі дә­ріп­теді. Шын мәнінде, большевизм мен фа­шизм – бір ұғым. Біз үлгі алатын жол емес. Өзімізді көкке көтеру – ұлтты оята­тын нәрсе емес. Адам мен адамның, халық пен халықтың хақы мен құқы бірдей. Соны түсінбей, тарихты жазып, тирандықты дәріптеуге болмайды. Бізді әлемдік тәртіп нормаларының сақталуы, демократиялық қағидалардың орындалуы құтқарады. Одан басқа тура жолды табу қиын. Тарихты әде­биетке айналдыру, өткенді әсіре көтеру дұ­рыс емес. Көзқарастар шайқасы болары анық. Дегенмен әдебиеттің өзегі гуманизм болуға  тиіс.

Жазып алған
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары