Адам ағзасына байланысты көпшілік байқамайтын бір ерекшелік бар. Ол – қолдың тырнағы аяқтың тырнағына қарағанда әлдеқайда тез өсуі. Ғалымдар бұл айырмашылықты әртүрлі түсіндірді, деп хабарлайды turkystan.kz Techinsider.ru-ға сілтеме жасап.
Тырнақтың өсу жылдамдығы неге байланысты?
Тырнақтың қаншалықты тез өсетіні көп факторға байланысты. Мысалы: адамның жасы, өмір салты, тамақтануы, дене белсенділігі, мамандығы, тіпті жыл мезгілі де әсер етеді.
Орта есеппен қол тырнағы айына 3,5-4 мм өседі. Ал аяқ тырнағы одан баяу – айына шамамен 1,6–1,8 мм ғана өседі.
Климат пен жыл мезгілі де маңызды. Мысалы, жазда күн көбірек түсетіндіктен тырнақ тез өседі. Жылу мен ультракүлгін сәуле бұл процесті жылдамдатады. Ал қыста және маусым ауысқан кезде күн сәулесі азайып, суық болғандықтан тырнақтың өсуі баяулайды
Тамақтану мен ағзадағы ылғал деңгейі де үлкен рөл атқарады. Егер адам жеткілікті су ішпесе, тырнақ құрғап, сынғыш болады және баяу өседі. Ал ақуыз, витаминдер, минералдар мен пайдалы майлар жетіспесе, тырнақ жұқарып, қабыршақтанып, түсі өзгеруі немесе пішіні бұзылуы мүмкін.
Неге қол тырнағы тез өседі?
Ғалымдар бұл сұраққа әлі нақты жауап таппаған. Бірақ бірнеше ықтимал түсініктеме берді.
Біріншіден, аяқ үнемі аяқ киімнің ішінде болады. Бұл қан айналымын аздап баяулатуы мүмкін. Ал қол ашық болғандықтан, оған қан жақсырақ барады.
Екіншіден, аяқ жүректен қолдарға қарағанда алысырақ орналасқан. Сондықтан аяққа баратын қан мөлшері аздау болуы мүмкін.
Қан аз барған жерде оттегі мен қоректік заттар да аз жеткізіледі. Ал жаңа жасушалардың түзілуі үшін дәл осы заттар қажет. Сол себепті аяқ тырнағы қол тырнағына қарағанда баяу өседі.