Өткен аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барды. 30 тамыздан 3 қыркүйекке дейін жалғасқан бұл сапар барысында Мемлекет басшысы аймақтық және халықаралық әріптестікті бекемдейтін бірқатар маңызды іс-шараға қатысты. Негізгі жиын Тяньцзиньде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті мен «ШЫҰ плюс» форматындағы жүздесу болса, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің кездесуі ШЫҰ саммиті қарсаңындағы ең маңызды оқиғалардың бірі болды.
Сапар Си Цзиньпиннің шақыруымен ұйымдастырылды. 31 тамыз – 1 қыркүйек аралығында Тяньцзиньде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті мен «ШЫҰ плюс» форматындағы кездесулер өтті.
2 қыркүйекте Президент Пекинде «Қазақстан – ҚХР» іскерлік кеңесінің отырысында сөз сөйлеп, ірі қытайлық компания басшыларымен бірқатар екіжақты кездесу өткізді.
Сапардың аяғында, 3 қыркүйекте, Қасым-Жомарт Тоқаев Екінші дүниежүзілік соғыстағы және жапон басқыншылығына қарсы күрестегі Жеңістің 80 жылдығына орай Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңында өткен әскери парадты тамашалады.
Жалпы, сапар аясындағы іс-шаралар Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтып, екіжақты экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге бағытталған. Бұл сапар екі ел арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастықтың жалғасы болды. Еске сала кетейік, биылғы маусымда екі ел 24 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойған болатын.
Президент ШЫҰ басымдықтарын айқындады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйлеп, Шанхай ынтымақтастық ұйымын әлемдік қауымдастық тиімді, ықпалды әрі қажетті халықаралық құрылым ретінде танитынын атап өтті.
– Қазақстан ШЫҰ-ның теңгерімді көпполярлы әлемдік тәртіп орнату, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау және егеменді даму құқығын мойындау, сондай-ақ әділ халықаралық сауда мен өзара тиімді инвестициялық ынтымақтастық секілді басты мақсаттарын толық қолдайды. Ұйымның басым міндеттері жаңа технологиялық дәуірде халықтарымыздың әл-ауқатын, қауіпсіздігін және орнықты дамуын қамтамасыз етуді көздейді. ШЫҰ жар-ғылық құжаттарының негізгі қағи-даттарын берік ұстана отырып, Қазақстан «үш зұлымдыққа», яғни, терроризмге, сепаратизмге және діни экстремизмге қарсы күресте күш-жігер біріктіруді өте өзекті санайды. Біз жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздік мүддесі үшін халықаралық ынтымақтастық нышанына айналған «Шанхай рухын» одан әрі ілгерілетуді қуаттаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент ШЫҰ-ны дамытудың басым бағыттары жөніндегі көзқарасын жеткізді. Ең бірінші басымдық – Ұйым аясындағы стратегиялық серіктестік пен өзара қолдауды нығайту.
– Геосаяси қақтығыстардың ушығуы, технологиялық бәсеке, қаржы-экономикалық санкция, экологиялық және техногенді апаттар белең алған кезеңде ШЫҰ саяси ықпалдастықты кең ауқымда үйлестіруге, халықаралық қоғамдастықтың өзара сенімін нығайтуға, гуманитарлық ынтымақтастық пен өркениетаралық диалогты дамытуға арналған тұрақты алаңға айналуға тиіс. Осы орайда Қытай Төрағасының жаһандық даму, жаһандық қауіпсіздік, жаһандық өркениет және жаһандық басқару жөніндегі бастамаларын оң бағалаймыз. Біз бүгін қабылдайтын ШЫҰ-ның онжылдыққа арналған даму стратегиясын толық жүзеге асыру аса маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыру өте өзекті деп санайды. Бұл ретте Қазақстан ШЫҰ-ның санкциялық қысымға қарсы еркін әрі әділ әлемдік сауданы дамыту бағытындағы нақты іс-қимылын қолдайды.
– ШЫҰ құрылған сәттен бері елдеріміздің әлемдік жалпы ішкі өнімдегі үлесі екі есе ұлғайып, 30 пайызға жетті. Ішкі өңірлік сауда сенімді түрде өсіп келеді. Былтырғы қорытынды бойынша оның көлемі 650 миллиард доллардан асты. Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы да тұрақты түрде өсіп, өткен жылы 70 миллиард долларға жуықтады. Қазақстан ШЫҰ даму банкін құру жөніндегі Қытайдың бастамасына қолдау білдіріп, аталған перспективті жобаға атсалысуға әзір. Бұдан бөлек, Астана халықаралық қаржы орталығы базасында перспективті инвестициялық жобаларды сүйемелдеп, заңгерлік, консалтингтік және қаржылық компанияларды шоғырландыратын ШЫҰ Кеңсесін құруды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент көлік-транзит саласындағы серіктестікті нығайтуды тағы бір басымдық ретінде атады. Мемлекет басшысы 150-ден астам елдің қолдауына ие болған «Бір белдеу, бір жол» мегажобасының зор әлеуетін атап өтті.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары технологиялар және цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты жандандыру қажеттігіне назар аударды. Оның айтуынша, бұл істі кейінге қалдыруға болмайды. 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының көлемі 5 триллион долларға жетіп, осы сектордың әлемдік технология индустриясындағы үлесі 30 пайызға дейін ұлғаяды.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттағы нақты қадам ретінде ШЫҰ-ның жасанды интеллект бойынша тұрақты сарапшылар форумын өткізуді ұсынды.
– Алғашқы кездесуді Астанада Digital Bridge беделді форумы аясында өткізуге дайынбыз. Бұдан бөлек, еліміз 2027 жылы «ШЫҰ-ның экономика қызметіндегі жасанды интеллект» тақырыбында жоғары деңгейдегі конференция ұйымдастыруға ниетті. Ал келесі жылы Ұйым елдері бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бірге жаңа технологиялық дәуірдегі ақпараттық саясат проблемаларын талқылауға әзірміз, – деді Президент.
ШЫҰ стратегиялық шешімдер әзірлеуі керек
Қасым-Жомарт Тоқаев «Көпжақты ынтымақтастықты дамыту, өңірлік қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету» тақырыбына арналған «ШЫҰ плюс» саммитінде де сөз сөйледі. Президент Қытайдың төрағалығы аясында ШЫҰ халықаралық қоғамдастықтағы өз позициясын айтарлықтай күшейткеніне назар аударды.
Мемлекет басшысының айтуынша, былтыр Астанадан бастау алған «ШЫҰ плюс» форматы Ұйымның күн тәртібімен үйлесім тапты. Көптеген мемлекеттің қызығушылығы артқан Ұйым қазіргі заманның өзекті проблемалары жөніндегі нәтижелі пікір алмасу алаңына айнала бастады.
– Әлемдегі үрейлі үрдістерді ескерсек, мұның маңызы өте зор. Ол қауіп-қатерлер баршаңызға мәлім. Бұл мәселені қайта айтудың мәні жоқ. Әйтсе де, бір жайтты атап өткім келеді. Аталған жағдайдың себебі мен салдары ұқсас. Яғни, өзара сенім мен әлемдік тәртіптің келешегіне жауапкершіліктің жоқтығы, көпжақты дипломатия мен халықаралық ұйымдардың әлеуетін жете бағаламау осындай ахуал қалыптастырды. Бір нәрсе анық, ешқандай ел қазіргі cын-қатерлерді жалғыз өзі еңсере алмайды. Менің пайымдауымша, мұндай қиын кезеңде Шанхай ынтымақтастық ұйымының күн тәртібі жасампаз әрі оң сипатта болуға тиіс. Ұйым қақтығыс жағдайларын шешуге, әлемді қорғап, мемлекеттердің орнықты дамуына жол ашатын жаһандық диалогты күшейтуге бағытталған стратегиялық шешімдер әзірлеуі керек, – деді Президент.
Президент өз сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау қажет екенін айтты.
– Қазіргідей өте күрделі геосаяси жағдайда Біріккен Ұлттар Ұйымын әмбебап әрі тәуелсіз құрылым ретінде қолдауымыз керек. Осы орайда БҰҰ-ны, ең алдымен, оның басты органы – Қауіпсіздік Кеңесін реформалайтын уақыт келді. Бұл міндетті орындаудың қиын екенін жақсы түсінеміз. Алайда басқа жол жоқ. Егер бүгінгі басшылар бұл істі атқарудан бас тартса, мемлекеттер БҰҰ-ға сенімін біржолата жоғалтуы мүмкін, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасының Жаһандық басқару бастамасы саммитінде (Global Governance Initiative) халықаралық қоғамдастықтың даму перспективасына қатысты көтерген ұсынысына жоғары баға беріп, оның ұзақмерзімді сипатына назар аударды. Мемлекет басшысының айтуынша, аталған бастама анағұрлым әділ әрі орнықты әлемдік тәртіп қалыптастыруды көздейтін ортақ күш-жігерді толықтыра түседі.
Бұдан бөлек, Президент Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруға нақты қолдау көрсеткені үшін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларына ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ аясындағы қаржылық, экономикалық, инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған барлық үдеріске Қазақстанның белсенді қатысатынын мәлімдеді.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, келесі жылы Ұйымның 25 жылдығы аталып өтетінін еске салды.
– Бұл маңызды әрі айтулы белес Жаңа алтын дәуірдің бастауы болатынына сенімдімін. Осы кезеңде ШЫҰ өз рөлін сөзсіз күшейтіп, заманымыздың ең өзекті мәселелеріне оң ықпал ететін болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Екі ел байланысының басты бағыттары
Сапар аясында Мемлекет басшысы Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің сегізінші отырысына қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Қазақстанның тағдыр қосқан тату көршісі, жақын досы және мәңгілік стратегиялық серіктесі екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, ортақ тарих, терең байланыс пен өзара түсіністік – халықтарымызды біріктіретін мызғымас құндылықтар. Мемлекет басшысы екі елдің инвестициялық ықпалдастығы да ұдайы кеңейіп келе жатқанына назар аударды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев өзара ынтымақтастықты одан әрі жандандырудың бірқатар басым бағыттарына тоқталды.
– Қазақстан Қытайдың жақын көршісі және сенімді серіктесі ретінде Төраға Си Цзиньпин ұсынған «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасын қолдайды және оны жүзеге асыруға белсене қатысады. Қытай мен Еуропа арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызы біздің жеріміз арқылы өтеді. Биыл «Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісі іске қосылады. Соның арқасында Қазақстан арқылы өтетін «Қытай – Еуропа» транзит дәлізінің жүк өткізу мүмкіндігі 5 есе артады. Сонымен бірге Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін кеңейтуге барынша атсалысуда. Былтыр осы бағыт бойынша 4,5 миллион тонна жүк өткізілді. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 62 пайызға артық деген сөз. Біз осы саладағы жұмыс қарқынын одан әрі күшейте береміз. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 10 миллион тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз. Каспийдегі Ақтау және Құрық порттары арқылы тасымалданатын жүктің көлемі белсенді түрде артып келеді. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында ірі инфрақұрылым жобалары іске қосылды. Соның ішінде Ляньюньган портындағы қазақ-қытай логистика терминалы және Сианьдағы құрғақ порт бар. Сондықтан қытай компанияларының көлік-транзит саласындағы жобаларға қатысуына мол мүмкіндік бар деп күмәнсіз айтуға болады, – деді Мемлекет басшысы.
Президент энергетика саласындағы ықпалдастықты келесі басымдық ретінде атады.
– Атырау облысында Sinopec компаниясымен бірлесіп, полиэтилен шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Ауқымды жобаның өндірістік қуаты – жылына бір миллион екі жүз елу мың тонна өнім. Зауыттың құрылысына 7,4 миллиард доллар қаражат салынбақ. Алдағы уақытта CNPC компаниясының қатысуымен Шымкент мұнай өңдеу зауытын жедел жаңғыртудан өткізу жоспарда бар. Біз жаңартылатын энергетикамен де айналысамыз. Бұл ретте, China Power International Holding және China Energy сияқты жетекші қытай компанияларының қатысуымен бірқатар жобаны қолға алмақпыз. Энергетика саласындағы тағы бір маңызды жоба – Маңғыстау облысындағы бу-газ қондырғысының құрылысы. Қуаты 160 мегаватт болатын жоба China Huadian Corporation компаниясымен бірге жүзеге асырылады, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстан тау-кен металлургиясы кешенін дамыту үшін стратегиялық маңызы бар бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр. Ауыл шаруашылығы саласындағы тиімді ынтымақтастықты нығайтуға да орасан зор мүмкіндік бар. Президент цифрландыру саласындағы Қытайдың жетістіктері бүкіл әлемге белгілі екенін атап өтіп, осы бағытта тығыз байланыста жұмыс істеуге ниет білдірді. Сарапшылардың мәліметіне сәйкес, 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының көлемі 5 триллион долларға жетіп, оның әлемдік технология индустриясындағы үлесі 30 пайызға дейін артпақ.
Жалпы, Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің қорытындысы бойынша жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын 70-тен аса коммерциялық құжатқа қол қойылды.
Ұйымның ықпалын күшейтетін қадамдар жасалды – БАҚ
«ШЫҰ плюс» саммиті мен Қазақстан Президентінің Қытайға ресми сапары халықаралық басылымдар мен ақпарат агенттіктерінің басты назарында болды. Әлемдік медиа бұл жиынды Қытайдың аймақтық және жаһандық ықпалын арттыруға бағытталған қадам деп бағалады. Reuters агенттігі Қытай басшысы Си Цзиньпиннің ШЫҰ даму банкін құру және ұйымға 2 млрд юань көлемінде грант бөлу бастамасын ерекше атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, бұл ұсыныс ұйымды экономикалық ықпалын күшейтетін жаңа кезеңге шығарады. Сонымен қатар Қытайдың жасыл энергетика, инфрақұрылым және цифрлық экономика салаларына арналған ынтымақтастық алаңдарын ашу жоспары да әлемдік ақпарат құралдарының назарынан тыс қалған жоқ.
The Times газеті Си Цзиньпиннің «әлемде күш көрсетуші елдерге» қарсы бағытталған сыни мәлімдемесін жариялап, бұл сөздерді АҚШ пен Батысқа қарата айтылған қадам деп түсіндірді.
Осылайша, халықаралық ақпарат құралдары «ШЫҰ плюс» саммитін Қытайдың көпқырлы ықпалы күшейіп келе жатқанын айқындайтын оқиға ретінде бағаласа, Қазақстан Президентінің сапарын елдің өңірлік саясаттағы және жаһандық экономикадағы орнына жаңа серпін берген қадам деп сипаттады.
Андрей Чеботарев, саясаттанушы:
– Тяньцзинь қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті ұйым тарихындағы маңызды белестердің бірі болды. Қабылданған шешімдер тек ШЫҰ-ның болашақтағы даму бағытын айқындап қана қоймай, Орталық Азия аймағы мен Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.
Саммит қорытындысында 20 құжатқа қол қойылды. Олардың ішінде Тяньцзинь декларациясы мен 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы бар. Бұл құжаттар 2024 жылы Астанада өткен саммитте қабылданған шешімдердің заңды жалғасы саналады.
Ең назар аударарлық бастамалардың бірі – қауіпсіздікке қарсы күрес жөніндегі әмбебап орталық пен есірткіге қарсы орталық құру. Олар Ташкент пен Душанбеде орналасатын болды. Бұл қадам Орталық Азия елдерінің ұйым ішіндегі рөлін күшейтіп, аймақтық қауіпсіздікке үлесін арттырады. Сондай-ақ алдағы екі жылға төрағалық Қырғызстанға өтуі де орталықазиялық күн тәртібінің алға жылжуына жол ашады.
Қазақстан саммитте ерекше белсенділік танытты. Президент
Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар еліміз ШЫҰ, ҰҚШҰ, АӨСШК және ЕЭК сияқты ұйымдардың жетекшілері арқылы да ұсынылды. Бұл Қазақстанның халықаралық беделін арттырып, аймақтағы позициясын нығайтты. Сонымен бірге, біздің елде өтетін бірқатар ірі шараларға қолдау білдірілді: 2025 жылы Астанада ШЫҰ–Араб мемлекеттері лигасы кездесуі, Ақтауда порттар мен логистикалық орталықтар басшыларының жиыны және 2026 жылғы БҰҰ аясындағы аймақтық климат саммиті. Бұл Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамытуға сеп болады.
Қытай төрағасы Си Цзиньпин көтерген ШЫҰ Даму банкін құру бастамасы декларацияға енгізілді. Бұл мәселе 2013 жылдан бері талқыланып келгенімен, тараптардың келіспеушілігіне байланысты кешеуілдеп келген. Енді ұйым сауда-экономикалық ынтымақтастық пен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жаңа серпін бермек.
Ауғанстан бақылаушы мәртебесін сақтағанымен, оның өкілдері тағы да саммитке қатысқан жоқ. Дегенмен «ШЫҰ–Ауғанстан» байланыс тобының жұмысын қайта жандандыру ықтималдығы қарастырылып жатыр. Ал Иранға қатысты ұйым мүшелері саяси қолдау көрсетіп, ядролық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен бейбіт келіссөздерді жалғастыру қажет екенін атап өтті. Бұл Тегеранның халықаралық келіссөздердегі позициясын күшейтуі мүмкін.
Сондай-ақ қорғаныс ведомстволары арасындағы ынтымақтастықты тереңдету туралы ниет ұйымның болашақтағы бағытына айтарлықтай ықпал етпек. Жыл сайынғы әскери оқу-жаттығулар өткізу идеясы нақты күн тәртібіне шығып отыр.
Әлемдік экономикадағы ахуал да саммитте кеңінен талқыланды. АҚШ-тың жаңа баж салығы мен санкциялық саясатынан зардап шеккен елдер ШЫҰ аясында экономикалық қауіпсіздікті күшейтуге мүдделі. Бұл жерде Қытай үйлестіруші рөл атқарып отыр: 2 млрд юань көлемінде грант бөлу, Циндаодағы сауда-экономикалық ынтымақтастық аймағын пайдалану және энергетика, жасыл өнеркәсіп, цифрлық экономика бағытында үш жаңа алаң құру жоспарланды.
Сонымен қатар «ШЫҰ+» форматы бойынша саммитке серіктес елдер мен халықаралық ұйымдар қатысты. Олардың қатарында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те болды. Бұл ШЫҰ-ның халықаралық беделінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Ұйымды кеңейту мәселесі де назардан тыс қалмады. Лаостың қосылуымен серіктестер саны 17-ге жетті. Әзербайжан мен Арменияның мүшелікке өтініші Қытай тарапынан қолдау тапқанымен, Үндістан Әзербайжанға вето қойды. Бұл шешім оның Пәкістанмен байланыстарына қатысты болса керек. Армения да Пәкістанмен дипломатиялық қатынас орнатқандықтан, оның өтініші де уақытша тоқтатылды. Түркия әлеуетті кандидат ретінде қарастырылғанымен, әлі ресми өтініш берген жоқ. Бұл Анкараның ШЫҰ мен НАТО арасындағы тепе-теңдікті сақтап отырғанын аңғартады.
Саммит аясында өткен екіжақты кездесулер де маңызды болды. Қытай мен Үндістан, Ресей мен Армения басшылары арасындағы келіссөздер саяси қайшылықтарды шешуге мүмкіндік берді. Дегенмен Әзербайжан мен Ресей арасындағы диалог әзірге белгісіз.
Жалпы алғанда, саммит Қытайдың халықаралық аренадағы ықпалын күшейтуге де мүмкіндік берді. Бұл үрдіс 3 қыркүйекте Бейжіңде өткен Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының 80 жылдығына арналған әскери парадта да айқын байқалды. Мұндай шаралар Қытай бастамаларының кең қолдауға ие екенін және алдағы кезеңде ұйым қызметінің жаңа деңгейге көтерілуі екенін дәлелдейді.
Саммитпен қатар Қазақстан мен Қытай қатынастарының жаңа деңгейге шыққанын да атап өтуіміз қажет. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 9,2 пайызға өсіп, 43,8 млрд долларға жетті. Биыл жылдың алғашқы жартысында оның көлемі 21,8 млрд доллар болды. 2005 жылдан бері Қытайдың Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 26,4 млрд жолларға жетсе, бүгінде 6 500-ден астам қытайлық кәсіпорын тіркелген. Олардың қатысуымен жалпы құны 66,4 млрд доллар болатын 224 индустриялық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Транскаспий халықаралық көлік бағыты қарқынды дамып келеді: 2024 жылы тасымал көлемі 62 пайызға өсіп, 4,5 млн тоннаға жетті. Қазақстан Қытай–Еуропа құрлықтық тасымалының 85 пайызын қамтамасыз етіп отыр.
Маңыздысы – екі елдің көшбасшыларының жеке дипломатиясы. 2024-2025 жылдардың өзінде ғана Қазақстан мен Қытай компаниялары 40 млрд доллардан астам коммерциялық келісімге қол қойды. Бұған виза талаптарынан босату туралы келісімнің зор ықпал еткені анық.
Бүгінде ынтымақтастықтың басты бағыттары – көлік және логистика, энергетика (жасыл және атом салалары), тау-кен металлургиясы, ауыл шаруашылығы, қаржы мен цифрландыру. Сонымен қатар Қазақстан кәсіпкерлері де Қытай нарығында белсенді бола бастады: 2 649 отандық өндіруші ҚХР-ға экспорт жасауға құқық алған.
Жалпы алғанда, Тяньцзинь саммиті ШЫҰ-ның жаңа кезеңге аяқ басқанын, ал Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық әріптестігі аймақтық қауіпсіздік пен экономикалық дамудың негізгі тірегіне айналып келе жатқанын көрсетті.