Магний – адам ағзасына аса қажетті минералдың бірі. Ол бұлшықет пен жүйке жүйесінің жұмысын реттейді, жүрек пен қан тамырларының саулығына жауап береді, сүйек тінін нығайтады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, адамдардың шамамен 10-30%-ында магний жетіспеушілігі байқалады. Күнделікті рационда оның жетіспеуі түрлі денсаулық мәселелеріне әкелуі мүмкін.
1. Бұлшықет құрысуы мен тартылуы
Магний бұлшықет жасушаларының босаңсуына көмектеседі. Оның жетіспеуі аяқ-қолдың жиі тартылуына, тырысуына әкелуі мүмкін. Әсіресе түнгі уақытта аяқ бұлшықеттерінің құрысуы – магний тапшылығының айқын белгісі.
2. Үнемі шаршау мен әлсіздік
Минерал энергия алмасуға қатысады. Егер ағзада магний деңгейі төмен болса, адам үнемі шаршаңқы сезінеді, жұмысқа қабілеті төмендейді. Бұл көбіне ұйқы қанғаннан кейін де кетпейтін әлсіздікпен сипатталады.
3. Жүйке жүйесінің тұрақсыздығы
Магний мидың қалыпты қызметі үшін өте маңызды. Оның жетіспеушілігі тітіркенгіштікке, мазасыздыққа, ұйқысыздыққа және көңіл-күйдің құбылуына әкелуі мүмкін. Кей жағдайларда депрессия белгілері де байқалады. Магний ми жасушалары арасындағы сигналдарды реттеп, тыныштандырушы рөл атқарады. Оның жетіспеуі адамды ұсақ-түйекке бола ашуланшақ, күйгелек етеді. Бұл көбіне созылмалы шаршаумен, мазасыздықпен қатар жүреді.
4. Жүрек соғысының бұзылуы
Кардиологтар магний тапшылығы жүрек ырғағының өзгеруіне әсер ететінін айтады. Бұл жүректің шаншып ауыруымен, жүрек қағысының жиілеуімен немесе керісінше баяулауымен байқалуы мүмкін.
5. Сүйек саулығының әлсіреуі
Магний кальцийдің сіңірілуіне көмектеседі. Оның деңгейі төмендегенде сүйек тіні әлсіреп, сынғыштық артады. Бұл остеопороз қаупін жоғарылатады.
Магний жаңғақтарда (бадам, грек жаңғағы), тұқымдарда (асқабақ, күнжіт), бұршақ тұқымдастарда, қарақұмық пен сұлыда, жасыл жапырақты көкөністерде мол кездеседі. Дәрігерлер ересек адамға тәулігіне орта есеппен 300-400 мг магний қажет екенін айтады.