Жетісу облысының табиғат қорғау прокуратурасы балық ресурстарының заңсыз айналымына қатысты ауқымды бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Балық шаруашылығы субъектілері 20-дан астам еншілес компания құрған. Бұл компаниялар арқылы Еуропа елдеріне балық өнімдері заңсыз экспортталған.
Еншілес компанияларда бекітілген су қоймалары мен балық аулауға квоталар болмаған, экспортқа рұқсат алынбаған. Мысалы, бір серіктестікке балық аулауға 270 тонна лимит белгіленген болса да, 4 920 тонна балық экспортталған – бұл лимиттен 18 есе көп.
Уәкілетті органның есептері бойынша, заңсыз әрекеттерден келген залал көлемі 80 миллиард теңгеден асты.
Анықталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 234-бабы (экономикалық контрабанда) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.