Пәтер иесі жалға алушыны қандай жағдайда үйден шығарып жіберуге құқылы?

/
Пәтер иесі жалға алушыны қандай жағдайда үйден шығарып жіберуге құқылы?
сурет: istockphoto.com

Пәтер иесі жалға алушыны қандай жағдайда шығарып жіберуге құқылы, бұл процесс заң бойынша қалай жүреді және қожайын жалға алушының заттарын есік алдына шығарып тастай ала ма? Осы сұрақтарға берген krisha.kz жауаптарын ұсынамыз деп хабарлайды turkystan.kz.

Қандай жағдайда үйден шығара алады?

1. Ақысын төлемеу
Егер жалға алушы пәтерақыны уақтылы төлемесе, иесі шартты бұза алады. Екі айдан артық қарыз болса, шығару заңды негізге ие болады.

2. Мүлікті бүлдіру
Жалға алушы пәтерге және ондағы заттарға ұқыпты қарауға міндетті. Егер елеулі зиян келтірсе (техниканы сындыру, жиһазды бүлдіру, жөндеуді зақымдау), иесі залалды өтеуді талап етіп, шартты сот арқылы бұздыруға құқылы.

3. Шарт мерзімінің аяқталуы
Жалдау шарты мерзімі біткен соң жазбаша түрде ұзартылмаса, ол күшін жояды. Бұл жағдайда иесі пәтерді босатуды талап ете алады.

4. Көршілердің құқығын бұзу
Үнемі шу көтеру, жанжал шығару, агрессивті мінез-құлық, түнгі уақытта тыныштықты бұзу — көршілердің шағымына және ақыр соңында шығарып жіберуге себеп болуы мүмкін.

Сонымен қатар, жалдау шартында арнайы талаптар көрсетілуі мүмкін. Мысалы:
– пәтерді басқа мақсатқа пайдалану (офис, қойма ету);
– пәтерді үшінші адамдарға қайта жалға беру (субаренда) иесінің келісімінсіз;
– шартта көрсетілгеннен артық адамның тұруы.

Егер жалға алушы шартты бұзған болса, иесі онымен сөйлесіп, шығу мерзімін келісіп ала алады.
Егер жалға алушы өз еркімен шыққысы келмесе, иесі алдымен жазбаша ескерту жібереді. Жауап болмаса, сотқа жүгінеді. Тек сот шешімінен кейін ғана шығару заңды болады.

Жалға алушыны өз бетінше шығарып жіберу, жарық немесе суды өшіру, құлыпты ауыстыру — заңға қайшы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары