Ұлыбритания тұрғыны Этель Катерхэм өзінің 116 жылдық мерейтойын атап өтуде. Ол бүгінде Жер бетіндегі ең қарт адам ретінде танылған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы Sky News жазған.
Катерхэм қазір Лондон маңындағы Суррей графтығындағы қарттар үйінде тұрады. Ол баспасөзбен сөйлесуден бас тартқанымен, отбасы оның туған күнін жақындарымен бірге атап өткен.
Этель Катерхэм 1909 жылдың 21 тамызында Хэмпшир графтығында дүниеге келген. Әлемдегі ең қарт адам атағын ол 2024 жылғы 30 сәуірде 116 жас 326 күн жасында қайтыс болған бразилиялық монахиня Ина Канабарро Лукастан кейін иеленді.
Жас кезінде ол Үндістанға көшіп, бала күтуші болып жұмыс істеген. Кейін әскери қызметкер күйеуімен бірге Гонконг пен Гибралтарда тұрған. Азияда жүргенде балаларға деген сүйіспеншілігі артып, тіпті балабақша да ашқан. Англияға оралған соң екі қызын дүниеге әкелген.
Катерхэм 1976 жылы күйеуі Норманды жоғалтқан. Сондай-ақ ол қыздары Джем мен Энннен де айырылды (2000-жылдардың басында және 2020 жылы). Сонымен бірге ол COVID-19 індетін жеңген әлемдегі ең қарт адамдардың бірі саналады. Ол 2020 жылы 110 жасында коронавирусқа шалдыққанымен, сауығып шықты.
Ресми деректерге сүйенсек, Гиннес рекордтар кітабындағы ең ұзақ өмір сүрген адам — француженка Жанна Кальман. Ол 1997 жылы 122 жас 164 күн өмір сүріп, дүниеден өткен.