Бүгін Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы апелляциялық тәртіпте Ш. Полатты өлтірді деп айыпталған тоғыз адамға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
"Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 тамыздағы қаулысымен үкім мен жеке қаулы өзгеріссіз қалдырылды", - делінген хабарламада.
Бірінші сатыдағы соттың үкім бойынша:
- Абзал Шынасыл 23 жылға;
- Равиль Сакиев 20 жылға;
- Азамат Тоқтаубаев 15 жылға;
- Нұрқияс Ілиясов 9 жылға;
- Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет — әрқайсысы 7 жылға;
- Думан Ысқақ 1 жыл 6 айға сотталды.
Думан Ысқақ шілде айында жазасын өтеуіне байланысты бостандыққа шыққан болатын.
Моральдық зиянды өтеу үшін өндіріп алу туралы қаулы етілді:
- А.Н. Шынасылдан – 60 млн теңге,
- Р. Сакиевтен – 30 млн теңге,
- қалған сотталғандардан және Сакиевтен бірлесіп – 30 млн теңге.
- Кәмелетке толмаған Ы.-ға қатысты жәбірленушілер азаматтық талап қоймаған.
Сонымен қатар, сот куәгерлер Д. Жақсыгелді, Э. Нұрбекова, А. Казакенов және Ю. Рузбакиевтің әрекеттерінде қылмыс белгілері болуы мүмкіндігіне прокурордың назарын аудару туралы жеке қаулы шығарды.
Соттың үкімімен келіспеген сотталғандар мен олардың қорғаушылары апелляциялық тәртіппен шағымданды.
Бірінші сатыдағы соттың жеке қаулысына қатысты адвокат Сыдықбеков Д. куәгер Жақсыгелді Д.-ның мүддесінде жеке шағым түсірді.