2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанда заңсыз алкоголь өнімдерін өндіру мен сатуға қатысты қылмыстар мен құқықбұзушылықтар айтарлықтай артты. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті жариялаған деректерге сүйенсек, бұл салада тіркелген әкімшілік істер саны 24,9 пайызға өсіп, 4 200-ден асты. 2024 жылдың дәл осындай кезеңінде бұл көрсеткіш 3 356 іс болған. Әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар саны да өсті – 2 700 адам. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 25 пайызға көп. Құқық бұзушылардың басым бөлігіне тек айыппұл салынып, жеңіл жазамен құтылуда. Осыған байланысты, заңсыз алкогольмен айналысқандарға салынған айыппұл көлемі де рекордтық деңгейге жетті – 369,3 млн теңге. Бұл былтырғы 250,8 млн теңгемен салыстырғанда 47,3 пайызға артық. Оның 300,7 миллионы өндіріліп үлгерген.
Мәселенің әлеуметтік-экономикалық контексті де маңызды. Қазақстан – өз халқын алкоголь өнімдерімен ішкі өндіріс есебінен қамтамасыз етіп отырған санаулы елдердің бірі. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елдегі коньякқа деген сұраныстың 75,3 пайызы, шараптың – 61,7 пайызы, сыраның – 90,2 пайызы отандық өніммен өтеледі. Тек 3,4 млн литр көлемінде ғана импорт жүзеге асады, бұл жалпы көлемнің мардымсыз бөлігі.
Неліктен заңсыз өнім көбейіп жатыр?
Бұған бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Біріншіден, бақылаудың әлсіздігі мен заңның жұмсаруы – айыппұлмен құтылу жағдайы жауапкершілік сезімін төмендетеді. Екіншіден, бағаның өсуі тұтынушыны арзанырақ заңсыз өнімге жүгінуге итермелеуі мүмкін. Үшіншіден, сапасыз бақылау жүйелері – өндіріс пен сауданың әр кезеңінде тиімді бақылаудың жоқтығы. Төртіншіден, тұтынушылардың сауатсыздығы – жалған өнімнің денсаулыққа қауіптілігі жөнінде ақпараттың аздығы.
2025 жылдың алғашқы төрт айындағы статистика Қазақстандағы алкоголь нарығының бір мезгілде әрі қарқынды дамып, әрі күрделі мәселелерге ұшырап отырғанын көрсетеді.
Алкоголь өнімдеріне салынатын акциз салығы жыл сайын артып отыр, бұл – ішімдіктің қымбаттауына тікелей әсер етуде. 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында ішімдіктердің бағасы орта есеппен 9,9 пайызға қымбаттады, бұл азық-түлік бағасының өсу қарқынынан (8,1 пайыз) асып түсті. Осылайша, кей өңірде арақ – наннан қымбатқа түсіп отыр.
2020-2022 жылдары арақ бағасының өсімі азық-түлікке қарағанда баяу болған. Алайда 2023 жылдан бастап жағдай өзгерді, енді арақ пен шарап бағасы азық-түлік инфляциясынан алда келеді.
Алкоголь бағасының шарықтауы мына облыстарда байқалды: Батыс Қазақстан – 14,6 пайыз, Түркістан – 14 пайыз, Жамбыл – 12,5 пайыз, Қарағанды – 12,2 пайыз, Атырау – 11,7 пайыз. Бұл көрсеткіштер аймақтық табыс пен өмір сүру деңгейі арасындағы теңгерімсіздікті де айғақтауы мүмкін. Бағаның шарықтауы халықтың арзан, заңсыз және сапасыз ішімдікке жүгіну қаупі арттырады, бұл – әлеуметтік және медициналық тұрғыдан үлкен қатер.
Бутлегерлік – тек заң бұзу емес
Қазақстанда бутлегерлікпен күрес соңғы жылдары күшейе түсті. Ішкі істер министрлігінің 2024 жылғы деректеріне сәйкес, 6 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жауапқа тартылған. Олардың үштен бірі сот шешімімен лицензиясынан айырылды. Кейбір заңды спирт зауыттары түнде жасырын өнім шығарып, заңсыз айналыммен айналысқан. 3 мыңнан астам заңсыз әрекет (самогон қайнату, суррогат сату т.б.) анықталған. Бұл көрсеткіштер заңсыз алкоголь бизнесінің кең ауқым алғанын және кейбір кәсіпкерлердің қосарлы стандартпен әрекет ететінін айғақтайды.
Деректерге сенсек, қоғамдық тәртіп бұзушылықтар да жиі кездеседі. Мәселен, 200 мыңнан астам адам мас күйінде немесе қоғамдық орында ішімдік ішкені үшін ұсталған. Жалпы, заңды елемегендерге сот 1 жылға дейін алкоголь тұтынуға тыйым салады. Қайта бұзса, олар профилактикалық есепке алынады. Мәселе – тек бақылау мен айыппұлда емес. Заңсыздықпен күресте – салықтық бақылау, лицензиялау процесін қатайту, қоғамдық сана мен мәдениетке әсер ету шараларын да қамтуы тиіс. Себебі бутлегерлік – тек заң бұзу емес, ол халықтың денсаулығына тікелей қауіп. Сондықтан құқық қорғау органдарымен қатар, тұтынушылардың саналы таңдауы мен ақпараттануы да маңызды рөл атқарады.
2024-2025 жылдары Қаржы мониторингі агенттігі 54 қылмыстық іс тіркеп, 25 жерасты цехын жойып, 205,4 мың бөтелке суррогат, 354 мың литр спирт, 61 мың жалған акциз белгісін тәркілеген.
Алайда Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп отыр. Оның айтуынша, жертөледе жасалған, удай қауіпті ішімдіктер ел ішінде ашық саудаланып жатыр. Техникалық спирт пен метанол – адам денсаулығына аса қауіпті, тіпті өлімге апарады. Астана секілді ірі қалалардың өзінде сөрелерде суррогат өнімнің «самсап» тұруы – мемлекеттік бақылаудың әлсіздігін көрсетеді.
Депутаттың айтатындай жөні бар. Мысалы, Шымкентте қолдан жасалған алкоголь өнімдерін дайындаған цех анықталды. 3 жылдан бері ерлі-зайыптылар ешкімнен қорықпастан халықты улап келген. Бүгінге дейін 309 миллион теңге табыс тапқан. Қымбат көлік пен қымбат сарайда шалқып жүрген олар 3 жылда мыңдаған адамды улап бітті. Тексеру кезінде цехтан 24 мың жалған акциз, 9 мың литр этил спирті табылды.
Облыстарда жалған арақтан уланып, қайтыс болғандар көбейген.
Не істеу керек?
Бұл сұраққа мамандар былай дейді:
1. Жалған алкогольге қарсы арнайы ұлттық бағдарлама қабылдау;
2. Метанол мен техникалық спирт айналымын қатаң бақылау;
3. Сатылым орындарын жасырын мониторингтеу, «жалған тұтынушы» әдісін қолдану;
4. Қоғамдық ақпараттандыру – уланғандар мен қайтыс болғандар туралы нақты деректерді ашық көрсету.
5. Суррогат алкоголь өндірісі – ауыр қылмыс деп танылуы тиіс (жаза күшейтілсін);
6. Қоғамдық рейдтер заңдастырылып, белсенділерге қолдау берілсін;
7. Өндіріс пен сауданың цифрлық бақылауын енгізу (бақылаусыз бөтелке өтпеуі керек).
Н.БАҚЫТ