Інжір – пайдасы да мол жемістердің бірі. Ғалымдар оның тарихы мыңдаған жылдарға созылатынын айтады. Орта Азия мен Жерорта теңізі аймағында өсетін бұл жеміс ежелден тағам ғана емес, дәрумен мен минералдың табиғи көзі ретінде бағаланған. Бүгінде інжір дүкен сөрелерінде жаңа піскен де, кептірілген де күйінде сатылады, ал оның екеуінің де пайдасы зор, деп хабарлайды turkystan.kz.
Інжірдің ең басты артықшылықтарының бірі – жүрек пен қан тамыр жүйесіне оң әсері. Құрамындағы калий қан қысымын қалыпқа келтіруге көмектеседі, ал магний мен антиоксиданттар тамырлардың серпімділігін сақтайды. Диетологтар әсіресе тұзды көп пайдаланатын адамдарға калийге бай тағамдарды, соның ішінде інжірді жиі жеуге кеңес береді.
Ас қорыту жүйесі үшін де інжірдің пайдасы зор. Оның құрамындағы өсімдік талшықтары ішектің жұмысын жұмсақ түрде ынталандырады, іш қатудың алдын алады және пайдалы бактериялардың дамуына жағдай жасайды. Күн сайын үш жаңа піскен інжір жеу ас қорыту процесін айтарлықтай жақсарта алады.
Жүкті әйелдер үшін інжір – темірдің, фолий қышқылының, В тобы дәрумендерінің табиғи көзі. Бұл заттар ананың да, баланың да саулығына маңызды. Дегенмен кептірілген інжірде қант мөлшері жоғары болғандықтан, оны мөлшермен тұтыну керек.
Энергияны тез толықтыруға да інжір таптырмас тағам. Құрамындағы көмірсулар мен талшықтар ұзақ уақыт бойы қарын аштырмайды, ал дәрумендер мен минералдар ағзаны қуаттандырады. Сонымен қатар, талшықтар қандағы қант деңгейін тұрақтандырады, сондықтан жаңа піскен інжірді қант диабеті бар адамдар да аз мөлшерде пайдалана алады.
Тағы бір артықшылығы – інжірдің қартаюға қарсы әсері. Ондағы фенолдық қышқылдар мен флавоноидтар жасушаларды еркін радикалдардың зиянынан қорғайды, терінің серпімділігін арттырады және қабынуды азайтады. Косметологияда інжір сығындылары теріні қалпына келтіретін құралдарда жиі қолданылады.
Дәрігерлер күніне 3–4 жаңа немесе 2–3 кептірілген інжір жеуді ұсынады. Алайда қант диабеті, семіздік, аллергия, подагра және асқазан-ішек жолының созылмалы аурулары бар адамдарға оны абайлап жеу керек.