Франция билігі бірнеше ірімшік түрін дүкен сөрелерінен кері қайтарып жатыр. Бұған себеп – екі адамның ластанған тағамнан жұғатын листериоз инфекциясынан көз жұмуы, деп хабарлайды turkystan.kz.
Нақтырақ айтқанда, Chavegrand маркасының жұмсақ ірімшіктері кері қайтарылып жатыр.
Францияның қоғамдық денсаулық сақтау агенттігінің дерегінше, жасы 34 пен 95 аралығындағы 21 адам осы бактериялық инфекцияны жұқтырған. Олардың екеуі қаза тапқан.
Дәрігерлер “листериоз жағдайлары мен Chavegrand компаниясы өндірген пастерленген сүт ірімшіктерін тұтыну арасында байланыс болуы мүмкін” екенін мәлімдеді. Листерия бактериясы әдетте шикі сүт өнімдерінде кездеседі, алайда оның қоршаған ортада кең таралуына байланысты пастерленген ірімшіктен де табылуы мүмкін.
Аурудың жеңіл түрінде қызу көтерілу, әлсіздік, бұлшықет ауырсынуы, іш өту және қалтырау сияқты белгілер байқалады. Дегенмен кей жағдайда листериоз өмірге қауіп төндіретін асқынуларға алып келуі мүмкін.
Ең көп қауіп төнетіндер қатарында – жүкті әйелдер, сәбилер, қарттар және иммунитеті әлсіреген адамдар.
Франция билігі аталған ірімшіктерді тұтынбауға және соңғы уақытта жеген болса, денсаулықты мұқият бақылауға шақырды.
Листериоз белгілері ластанған тағамды жегеннен кейін сегіз аптаға дейін пайда болуы мүмкін.
“Осы ірімшікті жеген соң, өзіңізді нашар сезінсеңіз, дереу дәрігерге қаралыңыз”, – деді денсаулық сақтау органдары.